Премьер-Министр Серік Ахметов Мәдениет министрлігінің ұжымына ведомствоның жаңа басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлын таныстырды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәдениет министрі болып тағайындалды. Мемлекет басшысы сізге осынау жұмыстың маңызды саласын сеніп тапсырды. Президент көпұлтты Қазақстанның мәдениетіне, төзімділікті нығайтуға, ұлтаралық келісімге айрықша көңіл бөледі», деген Үкімет басшысы Мәдениет министрлігінің жаңа басшысына жұмыста табыстар тіледі.
Премьер-Министр, сондай-ақ, ведомствоның бұрынғы басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедке атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.
М.Құл-Мұхаммедтің басшылығымен мәдениет және ақпарат саласында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді, деген С.Ахметов «Сіз отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қостыңыз», деп оның еңбегін атап өтті.
Мемлекет басшысының Өкімімен М.Құл-Мұхаммедтің Президент кеңесшісі болып тағайындалғанын еске саламыз.