Еліміздің Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев Алматы қаласындағы әуежайды басып алуға 800 адам ниетті болғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Алматының аудандарындағы шерушілердің бірнеше топтары патрульдік полиция өкілдеріне шабуыл ұйымдастырған. Тәртіпсіздікке қатысқандар 7 бірдей қару-жарақ дүкенін басып алып, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді иеленіп алған. Ол аз болғандай, қоғамдық көлікті, коммуналдық техниканы басып алған. Қызметтік автокөліктерді, соның ішінде өрт сөндіру машиналарын өртеген», дейді министрдің міндетін атқарушы.
Министрдің міндетін атқарушы зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін келген жедел жәрдем көліктеріне кедергі жасалғанын мәлімдеді.
Оның сөзіне сенсек, қаладағы әуежайды басып алуға 800 адам қатысқан.
«800-ге жуық адам халықаралық әуежайды басып алды. Салдарынан ұшуға тиіс 60 рейс пен ұшып келуге тиіс 56 рейс тоқтатылды. Бұл Алматы қаласында жолаушылар үшін үлкен проблемалар туындатты. Әуежай ғимаратындағы барлық сауда дүңгіршектері мен дүкендер, кассалар тоналды», деді министрдің міндетін атқарушы.