Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент атап өткендей, қарулы күштер, құқық қорғау құрылымдары, ұлттық қауіпсіздік, сыртқы барлау органдары бір мақсат – азаматтарымызды, конституциялық құрылысты, егемендікті кез келген сипаттағы және ауқымдағы қауіп-қатермен барынша тиімді қорғау үшін үйлесімді жұмыс істеуі тиіс.
Оның айтуынша, мұны мемлекетіміздің түпкі мүдделері талап етеді.
«Бұл міндетті шешу үшін келесі басымдықтарға назар аудару қажет. Біріншісі - құқық қорғау жүйесін реформалауға шұғыл түзетулер енгізу. Біз полицияның сервистік моделін құру және қылмыстық процесті жаңғырту ісінде едәуір ілгеріледік. Жаппай террорлық шабуылдарға қарсы тұруға дайын болу керек. Күш құрылымдарының қолбасшылығы жауынгерлік машықтарды пысықтауға, қорғану мен шабуыл жасаудың тиімді құралдарымен жарақтандыруға дереу кіріссін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.