ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында «Самұрық-Қазына» қорының мемлекеттік сатып алу шараларын реттеуді тапсырды, деп хабарлады Egemen.kz.
Үкімет басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тәсілдері мен кейбір даму институттарының қызметін түбегейлі қайта қарауды тапсырғанын еске салып, Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің ашық әрі түсінікті механизмін барынша қысқа мерзімде дайындауды жүктеді.
«Үшінші. Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық банкпен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешенін жаңартып, Қаулы жобасы Үкіметке енгізсін.
Төртінші, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу тәртібін түбегейлі қайта қарау қажет. Мұнда бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу үлесін қысқарту мәселесін пысықтау керек. Қаржы министрлігі аталған тәсілмен мемлекеттік сатып алудың негізділігі бойынша тиісінше бақылауды қамтамасыз етсін», деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ, ол «Самұрық-Қазына» қорын Қаржы министрлігімен, Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, қор мен оның еншілес компанияларының сатып алуды жүзеге асыру процесін бір құжат деңгейінде қайта қарауға міндеттеді.