• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2014

Жобалар қалай жүзеге асуда?

301 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режімде Үкімет жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің (ҰҮК) ХХІІ отырысы өтті. Кеңесте «100 мектеп, 100 аурухана» және «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана құрылысы» жобаларын іске асыру барысы қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Б.Төкежанов «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы бойынша 71 нысан құрылысы аяқталғанын жеткізді. 28 нысан құрылысы (22 нысан – республикалық бюджет есебінен, 6 нысан – мемлекет-жеке меншік серіктестігі тетігі арқылы) 2016 жылдың соңына дейін іске асыру көзделген. «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана құрылысы» жобасы бойынша 103 нысан құрылысы аяқталып, іске қосылды. 242 нысан құрылысын (99 нысан – республикалық бюджет есебінен, 126 нысан – жергілікті бюджет есебінен, 17 нысан – мемлекет-жеке меншік серіктестігі тетігі бойынша) 2016 жылдың соңына дейін іске асыру көзделген. Жобалық-сметалық құжаттарға сапалы сараптама жасалмауы, нысандарды уақытында іске қоспауы, әкімдік комиссиялардың құрылыс нысандарын сапасыз қабылдауы сияқты жүйелі мәселелердің болуына байланысты Ұлттық үйлестіру кеңесінде Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Атырау облыстары әкімдері орынбасарларының есептері тыңдалды. Ұлттық үйлестіру кеңесі облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне 2014 жылы іске қосу жоспарланған денсаулық сақтау нысандарын уақтылы пайдалануға беру, дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылысына жергілікті бюджеттен уақтылы қаржы бөлу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігіне республикалық бюджеттен бөлінген қаражат игерілмеген жағдайда оның көлемін қысқарту немесе басқа басымды бағыттарға жұмсау тапсырылды. Өңірлік даму министрлігіне жобалық-сметалық құжаттарға сапалы сараптама жасау бойынша шаралар қабылдау жүктелді.  «Егемен-ақпарат».