Еліміздегі атышулы жемқорлық ісі қайсы десе, бірден Астана LRT еске түсері анық. Президент жақында жариялаған мәлімдемесінде де елорда көркінің құтын қашырып тұрған бетон тіректер елдің де беделіне де нұқсан екенін, бұл жобаның өн бойынан жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрғанын атап айтты. Ұзақ жылдан бері бітпейтін дауға айналған жеңіл рельсті көлік жобасының ендігі «тағдыры» – отандық сәулетшілер мен урбанистердің қолында.
Жеті әкімге де «жеңістік бермеген» жеңіл рельс
Сонау 2005-2006 жылдары елорданың бет-бейнесін өзгелерден ерекшелейтін ерекше жобалардың бірі ретінде Астана LRT да ұсынылғаны мәлім. Елбасының тапсырмасымен оның техникалық-экономикалық негіздемесін сол кездегі шаһар әкімі Өмірзақ Шөкеев таныстырды. Міне, содан бері жеті әкім ауысыпты. Жетеуіне де жеңіл рельс жеңістік бермей келеді. Жетіншісі – қазіргі бас қаланың басшысы Алтай Көлгінов. Оның алдында әкім болған Бақыт Сұлтанов жеңіл рельсті көлік (LRT) 2020 жылы аяқталады деп айтып қалғаны есімізде. Бірақ сол жылдың сәуір айында жоба құрылысы мүлде тоқтап қалғаны белгілі болды. Ал былтыр әкім А.Көлгінов «Жобаны түбі аяқтаймыз. Қазір банктермен жұмыс істеп жатырмыз. Келісімшартқа қол қойылған кезде нақты ақпарат береміз. Әзірше еліміздегі екінші деңгейлі банктерден 3,25 пайызбен облигациялық қарыз алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр» деген еді журналистерге берген жауабында. Содан бері бұл даулы мәселенің көтеріліп тұрғаны осы.
Не десек те жеңіл рельс жобасының жолы ауыр болды. Қазаққа өте қымбатқа түсті. Әу баста күмәнді жобаның соңы тығырыққа тіреді. Осы бір бетон тіректерді «тірілту» үшін билік не істемеді десеңізші?! Қыл аяғы құрылыс алаңының басына мал сойып, құран да бағыштады. Бірақ одан жансыз бағандар «жанданып» кеткен жоқ, сол баяғы сұр қаңқалар міз бақпай әлі тұр.
Жоба елімізді миллиардтаған шығынға батырып кетті. Оның сыртында шет мемлекеттерден аста-төк кредит алғанымыз тағы бар. Соңында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жобаға қатысты қаржыны іздестіру жұмыстары жалғаса беретінін, бірақ депозиттерге салынған қыруар қаражаттың қайтарылуы 30-40 пайыздан аспайтынын, қалған миллиардтаған қаржыны мемлекеттің шығынына жатқызуға тура келетінін мәлімдеді.
Соңғы он бес жылда әлем елдері 80-нен астам жеңіл рельсті көлік желісін салып тастады. Астана LRT жобасының басталғанына да –16-17 жыл. Бірақ жемқорлықтың кесірінен біз әлі бір жобаның түбіне жете алмай отырмыз. Шет мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстандағы жеңіл рельсті көлік жобасына әлдеқайда көп қаржы жұмсалған. Интернеттегі ашық дереккөзге сүйенсек, Ыстанбұл мен Барселона сияқты мегаполистерде салынған жеңіл рельстің бір шақырымына шамамен 17 млн доллар кеткен. Ресейде салынып жатқан осындай жобаның бір шақырымына 20 млн доллар қаржы тартылған. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы жобаның бір шақырымы 49 млн долларға бағаланып отыр. Ол ақшаның өзі мақсатты жұмсалмады: қомақты қаржы «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетті.
Құрылысты саламыз ба, бұзамыз ба?
Астана LRT жобасы елді шығынға ғана батырған жоқ. Осы бетон бағандар елорданың көркіне де нұқсан келтірді. Кең көшені тарылтып, Есілдің оң жағалауына да, сол жағалауына да мықтап орныққан бетон қаңқаларды билік өкілдері не істерін білмей дал. Құрылыстың тамтығын қалдырмай бұзайын десе, оның бағасы құрылыс салғаннан да қымбатқа түседі екен. Сондықтан Мемлекет басшысы отандық және шетелдік сәулетшілер мен урбанистерді тартып, бір шешімге келуді тапсырды. Сол-ақ екен, қоғамның пікірі екіге жарылды. Бірі жеңіл рельсті көлік желісін аяқтау керек десе, енді бірі экономикалық жағынан тиімсіз, өзін өзі ақтамайтын жобаны біржола сүріп тастау керегін айтып жатыр.
Ал белгілі кәсіпкер, BI GROUP холдингінің басшысы Айдын Рахымбаев Facebook парақшасында LRT құрылысын компания есебінен тегін сүруге дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бетон тіректердің бәрін бұзудың қажеті жоқ, тек көшелер мен жолға, тұрғын үйлерге бөгет болып тұрған тұсын ғана бұзу керек.
«Қала көркіне сын болып тұрған бетон тіректерді алып тастау туралы ойымды таза патриоттық тұрғыдан айттым. Ешқандай да экономикалық пайданы көздеп отырған жоқпын. Мысалы, LRT құрылысын аяқтауға шамамен 1,5 млрд доллар кетеді, оның үстіне бұған дейін жұмсалған 300 млн долларды қосыңыз, сонда кеткен шығын 1,8 млрд долларды құрайды. Ал жобаны ұстап-күту жұмыстарына жылына 50 млн доллардай қаржы жұмсалады. Тіпті жеңіл рельсті көлікті пайдаланушылардан түскен қаржының өзі осы ақшаның бір бөлігін де жаба алмайды. Сондықтан құрылыстың жарты бөлігін бұзған дұрыс» дейді А.Рахымбаев. Кәсіпкер кейбір бетон бағандарды қаланы абаттандыруға пайдалануға болатынын жеткізді. «Есілдің сол жағалауында салынған бағандарды жазғы және қысқы спортқа арнап жасақтау керек. Жазда веложолақтар болса, қыста шаңғымен жүретін жолға айналдырса, тиімді. Ал стансалар ретінде белгіленген орындарға дәмханалар мен демалатын аллеялар ашу қажет. Біз бұл жұмыстарды атқаруға әзірміз. Болашақта халықтың саны көбейген сайын қосымша жолдар қажет болады. Сондықтан халық тығыз орналасқан аудандарда LRT жолдарын жалғастырған дұрыс. Келешекте бізге ол керек болады. Өйткені электромобильдер сияқты көліктер көбейеді. Сол кезде жеңіл рельсті көлік – өзін өзі ақтайтын жобаға айналады», дейді А.Рахымбаев бізбен әңгімесінде.
Ал экономист-сарапшы Мақсат Халықтың айтуынша, Астана LRT – әу баста даулы әрі экономикалық жағынан тиімсіз күрделі жоба болған. «Жобаның экономикалық тұрғыдан өзін өзі ақтамайтыны белгілі еді. Бірақ қаншама қаржы жұмсалғаннан кейін құрылысты аяқтаған дұрыс. Қайта бұл жоба Үкіметке үлкен сабақ болды. Енді осындай ірі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алған сәтте «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» жөн. Жалпы, кез келген жоба әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеліп, әбден сүзгіден өткеннен кейін ғана жүзеге асырылуы керек», дейді сарапшы.
Бізге – жұмбақ,
заңға – қайшы
Ел арасында бұл бағандарды «жемқорлық ескерткіші» дейді. Айтса айтқандай. Ұзақ жылдарға созылған нағыз жемқорлық оқиғасы болды бұл. Бұл істің жұмбағы да көп болып тұр. Осыған қатысты жеті адам сотталғаны белгілі. Екеуі – Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке халықаралық іздеу жарияланды. Алайда былтыр күзде депутат Мақсат Раманқұлов сол күдіктілерді ұстау шараларына, тіпті Интерполға тіркелгеніне күмән келтірген еді. «Халықаралық іздеу жарияланған жемқорлардың Интерполдың тізімінде барына күмәнім бар. Өйткені олардың отбасының мүшелері емін-еркін шетелде өмір сүріп жатқаны әлеуметтік желілерде анық байқалып тұр. Жазбалары соны аңғартады. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар елден ұрлаған миллиардтаған ақшасын еркімен жұмсап жүр. Демек, қаржы қайтару мәселесі де кейінге қалатыны анық. Шетелде заңсыз асқан ақшаны сол ел тәркілеп алуы да мүмкін. Осы жағын да ескеру қажет», деген еді депутат Бас прокурорға жолдаған сауалында.
Ал жақында ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды деген ақпараттан кейін әлгі халықаралық іздеуде жүрген, Astana LRT жобасындағы қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген Қанат Сұлтанбеков Facebook парақшасында жазба жариялады. Онда ол: «Мәсімов, сіздің неліктен Astana LRT жобасын тергеуге қатты кедергі келтіргеніңіз және өзіңізге берілген барлық билікті пайдаланып, «жобаның ақшасын ұрлады» деп бар айыпты маған арта салғаныңыз түсінікті болды. Сіз 2015 жылдың желтоқсанында осы жобаның несиелік құжаттарына қол қойған кезде Қытай даму банкінен несие алудың бастауында тұрдыңыз» деді.
Міне, осы секілді әртүрлі жұмбақ жағдайлардың бәрі Астана LRT жобасының тым былығы көп іс екенін аңғартады. Не десек те бұл жобаға қатысты біржақты шешім тезірек қабылданғаны жөн. Әйтпесе бетон тіректердің «қазақстандық Стоунхендж» болып, жылдар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын түрі бар.