Бүгінгі таңда Отанымыз қиын сәттерді басынан өткеріп жатыр. Бірақ біз кез келген қиындыққа қарсы тұрып, бүгінгі таңдағы қысылтаяң шақта оны бірлесе шеше аламыз.
Біз, құқықтық тәртіп әскерінің ардагерлері, осындай сәтте Президентті қолдаймыз және бүкіл қазақ халқын бірігіп тәртіпті сақтауға және қалыпты өмірге оралуға шақырамыз. Біз бұрынғы Кеңес кезінде әртүрлі аймақтарда ұзақ жылдар қызмет ету барысында көптеген жағдайларды бастан кешірдік, Кеңес Одағының құлауы мен жаңа Ішкі әскердің құрылуына да куә болдық.
Өкінішке қарай, әскеріміз – Ұлттық ұланның 30 жылдық мерейтойы мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған лаңкестердің қолынан қаза болғандарды еске алуға орай жарияланған Жалпыұлттық аза тұту күніне сәйкес келді. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қоғам болып бірігуіміздің арқасында шабуылшыларға, соның ішінде кәсіби сценарий бойынша машықтанған қылмыстық топқа, мемлекет тұтастығын бұзуға ниеттілерге қарсы тұра білдік» деп өте орынды айтты. Өйткені жоғары лауазымда отырған саяси қайраткерлердің өзі қоғамның бір бөлігін жаппай тәртіпсіздікке дайындап, соңын қайғылы жағдайға ұластырғаны анықталып жатыр.
Біз Президентіміздің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерінің бітімгершілік күштерін енгізу туралы шешімін қолдаймыз. Шын мәнінде бітімгершілік күштерінің шоғырлануының арқасында әсем қаламыз – Алматы аман қалып, дер кезінде құтқарылды.
Бүгінде лаңкестікке қарсы операция өзінің соңғы кезеңіне аяқ басып отыр. Біз, ардагерлер, көп ұзамай саны он мыңнан асқан заңсыз әрекеттерге айдап салушылар мен қатысушылардың барлығы ұсталып, жауапқа тартылады деп сенеміз. Қанды қаңтар күндерінің кінәлілері міндетті түрде жазасын алуы керек. Зұлымдық лайықты және әділ жауап алуы тиіс. Президент айтқандай, «бейбіт тұрғындарға қарсы қылмысқа қатысы бар барлық содырлар мен олардың сыбайластары табылып, жазаланғаны жөн».
Осы тұрғыда ҰҚШҰ мемлекеттері көшбасшыларының Қазақстандағы тәртіпсіздік кезінде көрсеткен көмектерін атап өткім келеді. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн кездесу барысында ерекше айтып өтіп, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басшыларына өзінің шынайы алғысын білдірді. Өз кезегінде осы бір сұрапыл күндері маған Қазан, Саратов, Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларынан бұрын бірге оқып, қызметтес болған әріптестер хабарласып, елдегі жағдайдың тез оңалуына қолдауларын білдірді. Олардың да біздің мәселеге бейжай қарай алмайтынын жүрекке жылу ұялатты.
Бұл ретте біз Мемлекет басшысының құқық қорғау жүйесін реформалаудан бастап, барлық маңызды салада ауқымды реформалар жүргізу туралы шешімін қуана қабылдадық. Өйткені Ұлттық ұлан мен полицияның мемлекет тарапынан жоғары деңгейде қолдау табуы аса маңызды. Президентіміздің барлық мәлімдемелерінде экстремистердің қиян-кескі шабуылдарына тойтарыс беріп, басқа да күш құрылымдарымен иық тірестіре отырып, сақшылардың батылдығы мен қырағылығы туралы оң сөйлейтіні қуантады.
Әсіресе, тәртіп сақшылары үшін Мемлекет басшысының сөйлеген сөзіне назар аударып қана қоймай, маңызды екпін айтқанын есту өте маңызды. Өйткені Мемлекет басшысы: «Ұлттық ұланды сандық және сапалық жағынан күшейту қажет. Бөліністерін нығайтып, өңірлерде жаңа бөлімшелерін жасақтауды қолға алу керек. Ұлттық ұланның көліктік және материалдық-техникалық тұрғыда толық қамтамасыз етілуін шешу қажет. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің саны арттырылсын. Жауынгерлік әзірлік деңгейі көтерілсін. Қажетті арнайы көліктермен қайта жабдықталсын. Барлық құқық қорғау органдарының арнайы жасақтары қызметкерлерінің жалақысы көтерілсін», деді.
Осы қысқа да, маңызды сөздерден мемлекет тарапынан бізге жасалып жатқан қамқорлықты, жаңа өзекті мақсаттарды көруге болады. Енді жеке құрамның алдында осының барлығын тиімді, әрі қысқа мерзімде атқару міндеті тұр. Ал біз, ардагерлер, өмірлік және қызметтік тәжірибемізді бере отырып, айтылған оңтайлы бастамаларды толығымен қолдаймыз.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бірге – біз мықтымыз. Өз тарапымыздан айтпағымыз: мықтылығымыз – заң мен тәртіпте.
Қалиақпар ТОҚЫШЕВ,
отставкадағы генерал-майор,
ҚР Ұлттық ұланы Ардагерлер кеңесінің төрағасы