Мұнайлы өңірдегі елді мекендердің шежірелі тарихы тым әріде жатыр. Кейбірінің іргесі XVIII ғасырда қаланған. Ғасырлар қойнауынан сыр шертер ауылдардың арасында жойылып кеткені де бар. Осындай тарихи деректер «XVIII-XX ғасырлардағы Атырау өңіріндегі елді мекендер» атты өлкетану жинағына топтастырылған.
Жарық көрген кітаптың авторы – облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының директоры Мұхамбетқали Кипиев. Жаңа кітапқа 40 елді мекен туралы қызықты деректер енгізіліп отыр.
– Қазір кейбір елді мекендер жойылып кеткен. Сол себептен, сондай ауылдардың тарихын зерделеу үшін зерттеу жұмысын жүргіздік. Ресей Федерациясындағы Орынбор, Астрахань, сондай-ақ Алматы қаласындағы мұрағаттардан қызықты материалдар таптық. Кейбір кенттердің орналасқан орнына бардық. Содан кейін елді мекендердің пайда болу кезеңі мен географиялық орналасуына қарай үш бөлімге бөлдік. Алғашқы бөлімде Жайық пен Жем өзендерінің бойында салынған елді мекендер қамтылса, екіншісінде Каспий теңізінің жағалауындағы ауылдар туралы жазылды. Ал үшінші бөлімде ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін бой көтерген сауда және өндіріс орталықтары туралы зерттеулер бар. Бұл кітапты дайындау кезінде өңірдегі елді мекендер жөнінде бұрын жарық көрмеген карталар, сызбалар мен фотосуреттерді пайдаландық, – дейді М.Кипиев.
Атырау облысы