«Шаңырақ биік болсын» деген киелі тілек бар халқымызда. Осы бір ақ ниетті сөз шуағы еліміз өркендеуіне нұрын сеуіп, шапағатын төгіп келе жатуына тұрмысы жарасқан, мұраты үндескен отандастарымыздың бақытты өмірі куә екені белгілі.
Биіктеген ортақ шаңырақ аясына ұйысқан сан ұлт өкілдері бірлік пен ынтымақтастықтың, түсіністік пен бауырмалдықтың қандайлық берекеге бөлейтіндігін мақтан тұтады. Мұны кеше Қарағандыдағы «Жастар» спорт кешенінде 5 мыңнан астам адамның қатысуымен өткен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қолдауға арналған патриоттық акция көрсетті.
Өңір қалалары мен аудандарынан бас қосқан оқушылар, студенттер, жұмысшы жастар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, әскери қызметкерлер еліне деген шексіз сүйіспеншілікті жаңғыртқан әндерді қосыла шырқап, жасампаздық істерге ұмтылдырған ұрандарды көтеріп, үлкен рухани өрлеу туғызды. Жиналушылар алдында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Нұрлан Әлімжанов «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында баяндалған «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруды қолдаушы мұндай шаралардың маңыздылығын атады.
Акция аталған идеяның 6 бөлімінен арқау тартты. «Қазақстан тәуелсіздігі мен Астана», Біздің қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы – қазақстандық жолдың басты құндылықтарының бірі», «Индустрияландыру мен инновация негізінде экономикалық даму», «Зайырлы қоғам және рухани байлық мәдениет пен тарихтың ортақтастығы», «Біздің өміріміздің жалпыәлемдік және өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық қатысуы» атты тақырыптар аясындағы қойылымдар мен композициялар қатысушылар көкірегін көріктендіріп, отаншылдықтың асқақ сезіміне жігерлендірді.
– Мен елімнің дамуына өзіндік үлесімді қосуды азаматтық парызым санаймын. Мәңгілік Ел болуға ұмтылған Қазақстанымыздың алдында тұрған міндеттердің орындаларына сенемін. Бүгінгі акция осы орайдағы ойымды толқытып, көңілімізді тебірентті. Отанымыздың беделін асқақтатып, тәуелсіздікті мәңгілік баянды ету өз қолымызда. Соны берік ұстау – бәрімізге бірдей мерейлі мақсат, – деді бізбен тілдесуде «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС «Нұрқазған» кенішінің тау-кен шебері Нұрлан Ниқамбаев.
Акция қатысушылардың «Атамекен» әнін орындауымен аяқталды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.