Бұл жөнінде жергілікті әкімдердің алғашқы брифингінде мәлімделді
«Ақмола Медиа-орталығының» баспасөз клубында Көкшетау қаласының әкімі Жарқын Жұмағұлов брифинг өткізді. Бұл іс-шара облыс тұрғындарына жергілікті атқарушы органдарының жұмысы туралы ақпарат беру үшін алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Брифингте Ж.Жұмағұлов Көкшетау қаласының өткен екі айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарлап, алдағы жұмыстар барысымен таныстырды. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 8,9 миллиард теңгені құрап, былтырғы сәйкес мерзімдегіден артып түседі деп күтілуде. Биыл аймақтық индустрияландыру картасы аясында 8 миллиард теңгенің бес инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 1500 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілмек. Қаңтар айында ғана шағын бизнесті дамыту нәтижесінде 60 адам жұмысқа орналастырылған. Қала бюджеті әлеуметтік саланы мейлінше қолдайтын болады. Қазіргі күні қалалықтардың орташа айлық жалақысы 90 мың теңгеден асып отыр. Биыл өзінің 190 жылдық мерейтойын атап өтетін Көкшетау кең көлемдегі құрылыс алаңына айналмақ. Қазір «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесімен Васильков шағын ауданының солтүстік бөлігінде 14 үйдің құрылысы басталды. Тұрғындар қаржысы есебінен 5,7 мың шаршы метр жайлы пәтер пайдалануға берілмек. Ал, биылғы қаңтар айының қорытындысымен 2,7 мың шаршы метрлік 20 үйде қоныс тойы өткізілген. Бұл былтырғы сәйкес мерзімдегіден анағұрлым көп. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасымен 19 көп қабатты үй күрделі жөндеуден өткізіледі деп жоспарлануда. Аталған жұмыстарға 400 миллион теңге қаржы жұмсалады. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». КӨКШЕТАУ.
•
14 Наурыз, 2014
Көкшетау құрылыс алаңына айналмақ
230 рет
көрсетілді