• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Наурыз, 2014

Мерей мен меже

502 рет
көрсетілді

Мемлекеттік кәсіпорын болып құрылғанына 50 жыл толып отырған «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – республикадағы ең ірі бес компанияның бірі.  Жарты ғасыр ішінде жер қойнауынан 214 млн. тоннадан астам қара алтын шығарған кәсіпорын еліміз бойынша мұнайдың 8, аймақ бойынша 31 пайызын өндіреді. Жылына өндіретін 6 млн. тоннадан астам мұнай, яғни шикізат түгелге жуық экспортталады. Компания құрамында 36 мұнай-газ кен орны, сондай-ақ, Каспий қайраңындағы бірақатар барлау телімдері мен еліміздің батыс өңірінде орналасқан кейбір кеніштер бар. Компанияда қазір 4 мыңнан астам мұнай ұңғымасы жұмыс істеуде. Компания тарихындағы елеулі жаңалық – қытайлық мұнай компаниясымен бірлескен кәсіпорын болуы. 2009 жылы Елбасымыз      Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кездегі ҚХР Төрағасы Ху Цзинь­тао келісімдері негізінде екі елдің ірі мұнай компаниялары – «ҚазМұнайГаз»  ұлттық  компаниясы мен Қы­тай­дың CNPC компаниясы бір­лескен компания «Mangistau Investments B.V» арқылы біздің АҚ-тың 100 пайыздық акцияларын сатып алған еді. Қазір екі жақ пайданы тең бөліседі. Соңғы жыл­дар ішінде мұнай өндіру дең­гейі оң екпінді байқатып келе жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» осыдан он жыл бұрын 5 млн. тонна үстінде мұнай өндірсе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 6  млн. тоннадан асты. Болашақта бұдан да зор өнім өндіру есебімізде бар. Қысы-жазы аянбай еңбек етіп жатқан мұнайшылардың тегеурініне қарап, осылай деуге толық құқылымыз. Жыл сайын мемлекет қор­жынына 25 млрд. теңгеден астам қаражат құятын компания соңғы үш жылда жергілікті бюджетке 711 млрд. теңгеден астам салық, өзге де төлем түрлерін түсірді. Компания мұнай өндіруде заманауи техника мен озық технологияларды үнемі өндіріске енгізіп отырады. Бұл еңбек өнімділігін арттыру арқылы өндірілген тауардың өзіндік құнын төмендетудің жолы, екіншіден қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апатты жағдайлар мен оқыс оқиғалардың қатерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай озық әдістердің қатарында мұнай-газ қабаттарының арасын сумен жару, тереңнен мұнай соратын бұрандалы сорғылар қою, болат құбырларды шыны-пластикалық құбырлармен алмас­тыру сияқты тәжірибе барысында өзін өзі ақтаған жаңа тәсілдерді атауға болады. Елімізде ең бірінші болып мұнай көздерін жоғары қысыммен жару тәсілін қолдануы – «Маңғыстаумұнайгаздың» батыл да тәуекелшіл қадамдарының бірі. 1999 жылы Жетібайда, 2003 жылы Қаламқаста өндіріске енгізілген бұл әдіс өзінің тиімділігін көрсетті. Мұнай қабатын сумен жару әдісінің нәтижесінде 2012 жылы 90,4 мың тонна мұнай артық өндірілді. Осы тәсіл енгізілгелі бері кәсіпорын жыл сайын 200 мың тоннадан астам қосымша мұнай өндіріп келеді. Компанияда барлық өндірістік және  технологиялық жұмыс түрлері толықтай автоматтандырылған және компьютерлендірілген. Жаңа компьютерлік технологиялардың көмегімен кен орындарын өңдеу жағдайын сараптау және бақылауда ұстауға, сол арқылы мұнай беру деңгейін жер қойнауына барынша зиянсыз етуге мүмкіндік беретін мұнай мен газдың геологиялық және гидродинамикалық қазбалар кені жасалуда. Мұнай-газ саласында инновациялық технологияларды игеру және пайдалану – мұнай өндіру мен салық түсімін арттыруға, адами капиталды жә­не экономиканың сабақтас салаларын дамытуға байланысты елеулі әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізді. Инно­вациялық әдіс­тер негізінде 2013 жылы 46 ұң­­­­ғыма көлденең, 76 ұңғыма тік бұрғыланды, нәтижесінде қо­сымша 175,8 мың тонна өнім алынды. Мұнай өнімдері «Дос­тық» құбыр желісімен және Ақ­тау порты арқылы тасымалданады. Қазіргі таңда Бакумен екі ара­да Қазақстанда жасалған тұң­ғыш танкер – сыйымдылығы 12 мың тонналық «Астана» қаты­нап жүр. Ол бұған дейін Ресей мен Әзербайжаннан жалдаған танкерлердің екі рет таситын мұнайын бір сапарында-ақ жеткі­зеді. Бұл тасымалға жұмсалатын қаражатты екі есе үнемдеуге мүм­кіндік береді. Компания қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға, жұмыс орындарын сақтап, лайықты еңбекақы алуына, өндіріс қа­уіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмыс беруші­лермен іскерлік ынтымақты қалыптастыруға бағытталған 2013-2016 жылдарға арналған ұжымдық шартқа 2013 жылдың 7 қарашасында қол қойылды. Өткен жылдардың тәжірибесі ескеріліп, әр жұ­мысшыға қолжетімді және тәжірибеде қолдануға ыңғайлы етіп жасалынған, әлеуметтік саладағы басты айқындамалар сақталып, жақсарған, еңбек ақы саласы, еңбек шарты, денсаулық сақтау, кәсіподақ ұйымдарының міндеттері нақты жазылған. Компаниядан зейнетке шыққан 1300 зейнеткер әрдайым компания қамқорлығында. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өңірдің әлеуметтік әлеуетін арт­тыруға белсене араласып келеді. Маңғыстау ауданында әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуына 188 млн. теңге, Қарақия ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту үшін 146 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Мемлекет басшысының би­ыл­ғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бо­лашақ» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау үшін, ортақ мақсат жолында күш жұмылдыруға, тәуелсіз Қазақстанның азаматтары және әлеуметтік жауапты бизнестің өкілдері ретінде алдымызға қойған тапсырмаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Біздің бұл бағыттағы жұмысымыз, әсіресе, геологиялық салада көрініс табатын болады. Компанияның 2014-2016 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының ауқымы өте зор. 2014 жылы Жетібай, Бектұрлы және Қаламқас, 2015 жылы  При­дорожное, Оңтүстік Жетібай, Шығыс Жетібай кен орындарында 3Д сейсмобарлау жұмыстары  жүргізілмек. Сон­­дай-ақ, Асар, Бұрмаша кен орын­дарында, Ма­хамбет, Бө­бек учаскелерінде жұ­мыстар жал­ғасатын болады. Тәуелсіз Қазақстанның игі­лігі, ырысы үшін өнімді жұ­мыс ырғағынан жаңылмай, халқымызбен бірге жарқын бо­лашаққа ұмтыла беретін боламыз. Бақыт ИМАНБАЕВ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары. Маңғыстау облысы.