Елордада медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдары жанындағы мобильді бригадалар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мобильді бригадалар тәулік бойғы кезекшілікке қалада коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты көшірілді. Тұрғындардан түсетін қоңыраулар саны 2 есе артқан. Бір күнде бір ғана МСАК ұйымы 70-80-нен астам амбулаториялық пациентке барады. Елорда тұрғындары мобильді бригадалардың жұмысына оң баға беріп, олардың жауаптылығын және көрсеткен көмегін атап өтуде.
«Менде коронавирус анықталды, бүгін емханадан бригада келді. Мұндай аурудан кейін ешқайда шығуға болмайды және оқшаулану тәртібін сақтау керек. Өзіммен тұратын барлық туысым ПТР тапсырып, тестіден өтті. Дәрігерлерге науқасты жалғыз қалдырмағаны үшін алғыс айтамын. Барлық медицина қызметкеріне мықты денсаулық пен амандық тілеймін», деді №3 қалалық емхананың науқасы Арман Әмірбеков.
Тағы бір қала тұрғыны медицина қызметкерлері жылдам келгенін айтып отыр.
«Мен мобильді бригаданы шақырдым. Себебі КВИ бойынша байланыста болдым – туысымнан вирус анықталды. Бригада жылдам жетті. Бригада дәрігері Ақмаралға өте ризамын, ол өзін қалай ұстау керектігін және жағдай нашарлаған кезде не істеу қажеттігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Маған еңбекке жарамсыздық парағын берді. Дәрігерлерге рақмет!», дейді елорда тұрғыны Аида Сабыржанова.
Қалалық емханалардың бірінің дәрігері кестені қайта қарағаннан кейін олардың жұмысы қалай өзгергенін айтты.
«Қазір сын-қатерлер мен жүктеме артты. Емхана күніне 70-тен астам шақыртуға шығады. Бәріне бірдей үлгеру мүмкін емес. Бірақ пациенттерге барынша жылдам жетуге тырысамыз. Тағы да қиын кезеңді бастан өткеріп жатырмыз, сондықтан барлық қызметтердің жұмысына түсіністікпен қарауды сұраймыз», дейді №4 қалалық емхананың жалпы практикалық дәрігері Наталья Маркварт.
Бүгінде қала бойынша 26 мыңнан астам адам амбулаторлық жағдайда емделуде. Оның ішінде жүкті әйелдер – 500-ден астам, балалар – 1 500.