Өскемен қаласының полиция қызметкерлері жоғалып кеткен 9 жасар қызды тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қалалық ПБ баспасөз қызметінің мәліметінше, Ертіс полиция бөліміне жүгінген 43 жастағы азамат кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткенін айтты.
Өз сөзінде ол баласының түс кезінде үй ауласынан белгісіз жаққа беттеп, осы уақытқа дейін оралмағанын жеткізген.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілген.
«Кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында 9 жасар қыздың жүрген жері бірнеше сағат ішінде анықталған. Белгілі болғандай, оқушы құрбысымен бірге ауладан шығып, қаладағы базарлардың бірінде жүрген», деді басқарма бастығы Андрей Мула.
Тәртіп сақшылары баланы аман-есен ата-анасына жеткізді. Қыздың анасы жедел әрекет еткен полиция қызметкерлеріне өз алғысын білдірді.