ҚР Парламентінің Мәжілісі Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төрағалық етуін жою туралы заңға түзетулер енгізу жөніндегі ұсынысты қарады, деп хабарлайды Egemen.kz Zakon.kz.-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы депутат Қанат Нұров фейсбуктегі парақшасында мәлімдеген.
«Әуелі Тұңғыш Президенттің Қазақстан халқы ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесіндегі өмір бойы төрағалығын алып тастау керек болды. Бұны біз бүгін атқардық. Мәжілістің бұл тарихи шешіміне депутаттар атсалысты», делінген депутаттың жазбасында.
Депутаттың сөзіне сенсек, «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы», «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» және «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі туралы» конституциялық заңдарға қажет барлық түзету енді Сенатқа жіберіледі. Себебі ҚХА мен Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық ету тұлғасы бойынша емес, лауазымы бойынша заңды түрде ҚР Президентіне тиесілі.
Естеріңізге сала кетейік, Қауіпсіздік кеңесі төрағасы қызметін 5 қаңтардан бастап Президент Қасым - Жомарт Тоқаев атқаруда.