• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Білім 19 Қаңтар, 2022

Әр бала ұстаздан тәлім алуға лайықты

895 рет
көрсетілді

Жыл сайын жоғары оқу орындарынан мыңдаған педагог диплом алып шығады. Алайда ел өңірлерінде әлі күнге дейін маман тапшы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында мұғалім жетіспейтін өңірлердің мәселесін шешуді тапсырды. Түйткілдің түйінін тарқатудың тиімді тәсілі қандай?

Өңірлерге мұғалім жетіспейді

Президент педагог жетіспейтін өңір­лерге сапалы кадр тартатын әлеу­мет­тік бағдарлама жасауды ұсынды. «Са­палы білімге қолжетімділікті арттыру – сөзсіз басым бағыт. Бұл – бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы. Біз мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мұғалім – мектептің жүрегі. Сондықтан мен мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тарту­дың арнайы қолдау пакеттері бар бағ­дар­лама әзірлеуді тапсырамын», деді Қ.Тоқаев.

Қолдау пакеттеріне не кіреді? Үз­дік педагогтер қалай анықталады? Бағ­дар­лама қашан әзірленеді? Аталған мәсе­лелер бойынша Білім және ғылым минис­трлігіне хабарластық. Аталған ведомст­водан: «Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолдау шараларының тиісті пакеті бар үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама әзірленеді. Үздік педагогтер оларға ең көп қажеттілік және білім беру сапасы бойынша үлкен алшақтық бар өңірлерге тартылады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарының үздік түлектерін анықтау және тарту жұмыстары басталды. Педагогтерді тарту өлшемдері әзірленеді. Тартылған педагогтер үшін әлеуметтік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады: жалақының өсу коэффициентін белгілеу, тұрғын үй төлемдерін беру немесе өтеу және т.б. Бұл жоба 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап іске асырыла бастайды», деген жауап алдық.

Министрліктің дерегіне қарағанда, педагогтер ең көп жетіспейтін өңір­лер­­ге Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түр­кістан облыстары жатады. Онда бастауыш сынып, математика, физика, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне қажет­тілік бар.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы оқу жылының басында: «Педагог дефицитіне келсек, биыл қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 3 мыңнан аса жұмыс орны бос тұр. Бүгінде Қазақстанда 350 мыңдай мұғалім барын ескерсек, салыстырмалы түрде 3 мыңды аса үлкен тапшылық деп ойламаймын. Мұғалімдердің жетіспеушілігі көбіне ауылдық жерлердегі шағын мектептерде байқалады. Шағын мектептердегі педагог тапшылығы ондағы жүктеменің аздығынан туындап отыр», деген.

Мамандар әдетте ауылдық жерлерде жетіспейді. Сан жағынан жетіспей тұрғанда, сапа жағынан тапшылықтың болатыны анық. Өйткені әрбіріміз өз ауылымыздағы мектеп мұғалімдерінің кезінде қалай оқығанын және дипломды қандай жолмен алғанын, бір мұғалімнің бір-біріне оқу бағдарламасы келмейтін бірнеше пәннен сабақ беретінін білеміз. Алайда нақты фактіні сөйлетсек.

Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметі бойынша 366 666 мұғалімнің 209 391-і (57%) ауылдық мектептерде жұмыс істейді. Оның ішінде 73 226 (41,1%) маманның алты жылдан асатын еңбек өтілі бар, 32 256 педагог (15,4%) жоғары және бірінші санатқа ие, 45 445 мұғалім (21,7%) «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» санаттарын және 3 908-і магистрлік дәрежесін алған. Жоғары білімі барлар – 185 749, техникалық және кәсіптік білімі барлар – 23 642.

Біз жауапты министрліктен қанша педагогтің өз мамандығымен жұмыс істейтінін сұрағанбыз. Бірақ оған жауап болмады. Дегенмен осы қолда бар деректің өзінен ауыл мұғалімдерінің сапалық құрамы көңіл көншітпейтінін білуге болады. Өйткені барлық санаты және магистрлік дәрежесі бар педагогті қосқанда 81 603 қана болады. Бұл барша ауыл мұғалімінің жартысына да жетпейді, нақтысын айтқанда 38 пайызын ғана құрайды.

Сәтсіз жоба сабақ бола ма?

Мұны урбандалу үрдісімен, яғни халықтың ауылдан қалаға ағылуымен байланыстыруға болар. Алайда мұндай мәселе бұрыннан бері болды ғой, ең қиыны арнайы мемлекеттік бағдарлама болғанда да түйткілдің түйіні түбегейлі тарқатылмады. Иә, біз «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын меңзеп отырмыз. Бұл үкіметтік бағдарлама да ауыл­дар­дағы мамандардың тапшылығын жоюға бағытталған және кадрлардың ішінде білім беру қызметкерлері де бар. «Дипломмен – ауылға» барып, кері қайтқандар, қарызға белшеден бат­қандар туралы талай рет жазылды. Білікті мұғалімдерді маман тапшы өңірге тартатын жаңа бағдарлама да дәл солай соңында сұйылып кетпей ме? Бұл үшін не істеу керек? Бұл сұрағымызға ведомстводан жауап ала алмадық.

Есесіне «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келіп, ауылға жұмысқа барған Жансұлтан Нұрмұханов жоғары­да­ғы сұрағымызға жауап берді. Оның ойынша, жаңа бағдарлама «Дип­лом­мен – ауылға» бағдарламасы сияқты соңында сұйылып кетпеуі үшін мұ­ға­лім­дерге ешқандай міндеттемесіз үй беру қажет.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқа­ев­­тың­ білікті педагогтер жетіспейтін өңір­лерге кадр тарту мәселесін шешу тура­лы тапсырмасы – меніңше, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақ­тығын жоятын жақсы бастама. Ең бірінші, үздік ұстаз ауылдық жерге бару үшін оған қажетті әлеуметтік инфрақұрылым жасалуы керек, яғни ешқандай міндеттемесіз берілетін үй мен көтерме қаражат болғаны дұрыс. Өйткені «Дипломмен – ауылға» бағ­дар­ламасының міндеттемелері көп бол­ғандықтан, көп­ші­лігі бұл жобамен ауылға барғысы келмейді. Алайда мұның өзі де қазіргі жағдайда мамандарды ауылға тартуға жеткіліксіз болып тұр. Сол себепті «Ауыл квотасымен» бітірген жас мамандарды ауылда еңбек өтілін бастауға заң бойынша міндеттеу қажет. Сонымен қатар «Болашақ» халықаралық сти­пен­дия­сының педагогикалық маман­дық бойынша бітірген түлектерін де еңбек өтілін ауылда өткізуге міндетті ету керек. Сонда ғана ауылдың білімі мен жалпы жағдайы көркейеді. Сонымен бірге британдық тәжірибені ескере отырып, ауылдық жерде халықаралық мектептерді ашқан жөн. Неге десеңіз, қазіргі уақытта мамандардың көпшілігі ең әуелі жұмыс орнының беделі мен дә­ре­жесіне көңіл бөледі», дейді Ж.Нұрмұханов.

Түйткілден түйткіл туады

Расымен де ауыл мен қала мектеп­тер­інің білім сапасы арасындағы алшақ­тық – бірнеше жылдан бері күн тәрті­бі­­нен түспей тұрған өзекті мәселе. Өйткені халықаралық білім бағалау көрсеткіштерінде ауыл оқушылары қалалық құрдастарынан 1,5 жылға артта қалып келеді. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын зерттеп жүрген маман, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Аймақтану кафедрасының доценті Жасұлан Нұрбаев бұл үшін жұмыс кешенді түрде ұйымдастырылуы керек екенін атады.

«Педагогикалық кадр жетіспеушілігін жоюға бағытталған әлеуметтік бағдар­лама кешенді болуы тиіс. Білім беру немесе денсаулық сақтау саласындағы кез келген әлеуметтік бағдарлама өмірдің көптеген аспектілерін қамтуы керек. Ал егер ауылдық жер туралы айтатын болсақ, кешенді жұмыстар екі есе артады. Сонымен «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы немесе оның атына айтылатын сын көбіне жас кадрлардың келісімшарт мерзімін аяқтағаннан кейін негізінен халық тығыз орналасқан және дамыған елді мекендерге кететініне байланысты. Ал жас мұғалімдер әлеуметтік жағдайдың жоқтығынан кетеді, яғни тиісті инфрақұрылымның (жолдар, интернет және т.б.), қажетті ыңғайлылықтың (су, газ, жылу және т. б.), қосымша білім беру үшін мүмкіндіктердің (клубтар, секциялар, бос уақыт) болмауы себеп болады. Сарапшылар қосымша білімнің болмауына байланысты ауылдық білімнің сапасы қалалық деңгейден төмен деп жиі айтады. Ал қосымша білім алушылар үшін ғана емес, жас педагогтер үшін де қажет. Бұл бағдарлама көптеген басқа бағдарлама мен реформаға қарағанда оң нәтижеге ие болса да, бір бағдарлама ауылдағы кадрлар жетіспеушілігін шеше алмайды. Ауыл шаруашылығын да, ауылдық кәсіпкерлікті де, ауылдық инфрақұрылымды да дамыту қажет, жалпы ауылда өмір сүру қалада тұрғаннан кем түспейтін деңгейде болуы тиіс», деді Ж.Нұрбаев.

Сарапшының сөзінде жан бар, барлық сала бір-бірімен біте қайнасып жатыр. Бір салада ғана өзгеріс жасап, сол салада толық ілгерілеу күту мүмкін емес. Десек те бұл уәж педагог тапшылығы бар өңірлерге білікті маман тартуды мақсат еткен жаңа әлеуметтік бағдарламаны салғырт әзірлеуге түрткі бола алмайтыны анық. Бір кездері «мұғалім көп, ұстаз аз» деп жазғанбыз. Ал әр бала өзінің тұрғылықты жеріне, әлеуметтік, экономикалық, денсаулық жағдайына қарамастан, білікті педагогтен, яғни ұстаз деген ұлы аттан бүтін бір өміріне азық болар тәлім, сапалы білім алуға лайықты әрі құқылы.