• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Қаңтар, 2022

Үкімет бизнес субъектілеріне келген шығынды өтеу механизмін бекітті

362 рет
көрсетілді

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, үкіметтік комиссияның отырысында 2022 жылғы қаңтардағы жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздік салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік залалды өтеу тетігін бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Палата мәліметінше, жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан келтірілген залалды жою мәселелері жөніндегі комиссияға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр төрағалық етеді.

Зардап шеккен кәсіпкерлер келтірілген залалды өтеуге өтінімді барлық қажетті құжатты қоса, ЭЦҚ арқылы InfoKazakhstan.kz платформасында береді. Кешке дейін InfoKazakhstan.kz сайтында электрон өтінішті толтыру және қажетті құжаттарды жүктеу бойынша егжей-тегжей нұсқаулық жарияланады.

Кәсіпкерлер зардап шеккен аймақтарда Өңірлік комиссиялар құрылады. Олардың құрамына әкімдік, мәслихат, өңірлік кәсіпкерлер палаталары және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді. Өңірлік комиссиялар залалды өтеу туралы өтініштерді күнтізбелік 5 күн ішінде қарайды және мақұлдаған жағдайда, ұсынылған мәліметтер мен құжаттар негізінде өңірлік комиссия айқындайтын мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім шығарылады.

Қаржы Қазақстан Республикасының бюджеттік рәсімдеріне сәйкес мүлік иесінің өтінішінде көрсетілген ағымдағы немесе жинақ шотына тиісті шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өтініш берушіге аударылады деп болжанады.

Өтеу сомасы мүліктік залалдың 3 түрі бойынша есептеледі:

1) бүлінген жылжымайтын мүлік бойынша: Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес әзірленген, оны қалпына келтіруге арналған шығындардың сметасымен немесе калькуляциясымен расталатын, бүлінген жылжымайтын мүлікті қалпына келтіруге (жөндеуге) арналған шығыстар есептеледі.

2) бүлінген немесе жойылған жылжымалы мүлік және (немесе) тауар-материалдық құндылық бойынша: өтеуге берілетін сома әкімдік немесе қор айқындайтын бағалау және аудиторлық компаниялар дайындаған бағалау туралы есеп (акт) негізге алына отырып есептеледі.

3) жоғалған (ұрланған) тауар-материалдық құндылық және жабдық бойынша: жоғалған (ұрланған) тауар-материалдық құндылықтар мен жабдықтарды өтеу сомасын есептеу кәсіпкерлік субъектінің 2021 жылғы орташа айлық айналымы негізінде механизммен белгіленген коэффициентке көбейтіліп жүргізіледі.

Мүлікке бағалау немесе аудит жүргізуге, бүлінген мүлікті қалпына келтіруге сметалар жасауға және шығындарды калькуляциялауға байланысты қызметтерге ақы төлеу әкімдіктің немесе «Күшіміз бірлікте» қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Бұл ретте, егер кәсіпкер өңірлік комиссия айқындайтын өтеу сомасымен келіспесе, онда ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес сот-бухгалтерлік, сот-тауартану немесе сот-құрылыс сараптамасы белгілейтін нақты келтірілген залал бойынша залал сомасын өтеуді талап етуге құқылы. Бұл тетік 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.

2022 жылғы 4-20 қаңтар аралығында ҰКП 1432 call-орталығына 10437 қоңырау, оның ішінде тонау мәселелері бойынша – 2308, форс-мажор туралы куәлік бойынша – 536, блок бекеттерден өту бойынша – 2, зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау қоры – 33, бизнесті қайта бастау және залалды бағалау бойынша – 1017, жеке тұлғалардың қоңырауы бойынша – 2411 қоңырау түсті. Өңірлік палаталар форс-мажор туралы куәліктер бойынша 1045 қоңырау және 350 өтініш қабылдады.

Еліміздің 9 өңірінде 2266 объектіде орналасқан зардап шеккен 1861 бизнес субъекті анықталды, олардың ішінде Алматыда 1969 объектіде орналасқан 1602 субъект бар. Зардап шеккен бизнес субъектілерінің салалары: сауда – 1663; қоғамдық тамақтану – 68; қаржы секторы – 88; логистика – 36; БАҚ – 6.