• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Қаңтар, 2022

Сын түзелмей, мін түзелмейді

993 рет
көрсетілді

Жас кезімізде ауыл ақсақалдары: «Иә, Алла тағала адамдарға иман бере гөр», деп отыратын еді. «Имансыздардан талай бәле шығады. Естеріңде болсын, бойында иманы жоқ адамдар ешкімге жақсылық жасамайды. Қулық та, сұмдық та, зорлық пен зомбылық та сол имансыздардың қолынан келеді. Оларда ешқандай мейірім-шапағат деген болмайды», дейтін. Сол кісілердің сөзіне біз есейе келе өзіміз де көз жеткіздік.

Күні кеше бейбіт елімізде болған қаңтар оқиғасы иман­сыздардың араласуымен күр­деленіп кетті. Отан­ға қас­тандық жасалды. Қой тері­сін жамылған қасқыр­дай ан­тала­ған, көзге анық көрі­не қоймаған, бейбіт халық­ты арандатқан, жастарды өз­дері­мен бірге еліктіріп, қыл­­мысқа итермелеген, әлі бет­пердесі сыпырыла қой­ма­ған топтың іс-қимылы иман­­сыз­дықтан туындағаны анық. Мейлі, олар туралы сөз шы­ғындамай-ақ қоялық, ал осы қара ниеттілердің қол­шоқ­парына айналған жастары­мыздың іс-әрекетіне қалай қынжылмайсың?

Қаңтар оқиғасын саралай отырып: «Біз өскелең ұрпақтың бойына ұлтқа тән патриоттық тәрбиені жете сіңіре алмадық па, қалай?» деп ойланып қалдық.

Қобыланды мен Алпамыс, Қабанбай мен Бөгенбай, Исатай мен Махамбет сынды талай ержүрек батырлары­мыздың Отаны мен халқын қорғап, адалдық таныта біл­ген ерлік істерін оқып-біл­меген жас өскіннің бойында елге деген сүйіспеншілік сезі­мінің орнығуы екіталай.

Қаралы қаңтарда болған түрлі жантүршігерлік көрініс­тер, қаскөйлердің іс-әре­кеті көгілдір экрандардағы атыс-шабысты көрсетілімдерден алған «үлгі-өнегеміздің» «жемісі» болса керек. Өз дінін, ділі мен тілін құрметтей алмаған нағыз имансыздар ғана осындай жауыздыққа бара алады. Бұл оқиғаның себеп-салдарының бір ұшын мен мектеп қабырғасындағы патриоттық тәрбиенің осал­ды­ғынан іздедім. Осындайда «ұлтын сүйген ұлы тұлғалары­мызды, батырлар жырын мектепте жан-жақты тереңдете оқытса ғой, шіркін» деп аңсайсың. Сол сияқты, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы қазақ жастарының ерлігін неге кеңінен насихаттап, тарихымыздан орын бермеске? Халқының ары мен намысы үшін жас жанын қиып, со­ңындағыларға ерліктің өш­­пес ізін қалдырған Қайрат пен Ләззат сияқты қазақ жас­та­ры­ның өршіл мінезі мен Отан­ға, ұлтқа деген ерекше пат­риоттық сезімін толғана жа­зып, насихаттасақ жарасар еді ғой.

Бүгінгі жастар кітап, газет-журнал оқудан қалды. Бұл – біздің үлкен қасіретіміз. Кітап оқыса сол батырларымыздың ерлік істерінен, өнегелі өмір жолдарынан үлгі алып, елік­теп өскен болар еді.

Тек мектептерде емес, сол сияқты өнер саласында да жас­тарды отансүйгіштікке жетелеп, үндеп отыратын пат­риоттық әндер аз. Тіп­ті жоқ десек те болады. Мы­салы, әнұранымыз бен «Ата­ме­кен» әнінің бойы­мызға қандай қуат беретінін айтып жеткізе алмайсың. Осындай патриоттық сезімдерді оята білер, ұлтымыз, тілі­міз бен ділімізге деген сүйіс­пен­шілігімізді арттыра түсетін әндерді көбейтудің орнына керісінше, жүйкемізді жұқар­тар Батыстың әуендеріне ынтықпыз. Айтып жүрген әндеріміздің мән-мазмұны мен мағынасы құлдырап, «той тапсырысқа» ұласып барады. Оны сараптап, бақылап, ұлттық дәрежеде бағамдап отырған жанашыр ешкім жоқ. Пікір айта қалсаң: «Біз ХХІ ғасырдың жастары емеспіз бе?» деген жауап естисің.

Өз тілі мен діліне, дініне қамқор болып, жанашырлық таныта алмаған адам қалай ұлт намысын қорғай алады? Бойында имандылық қасиеті бар адам ғана өз ана тілі мен ұлттық рухын жоғары ұс­тап, оны төмен түсірмейді. Отаны­на опасыздық жасамай­ды. Сондықтан да бала тәр­­биесіне келгенде біз бірін­ші кезекте олардың бойына имандылық қасиетін қалып­тастыруға жете көңіл бөлуіміз керек.

Тағы бір айта кетер жайт, түрлі салалар бойынша да қол жеткізген жетістіктеріміз бен кемшіліктерді халық назарына ұсынып отырғаны­мыз дұрыс. Өкінішке қарай, бұқаралық ақпарат құрал­дарында жазылып жат­қан сын жоқ. Басылым бет­терінде көбіне мақтау мен мадақтап жазу жағы басым. «Ауруын жасырған өледі», демей ме, атам қазақ. Олай болса кемшіліктерге жол беріп отырған басшылар туралы баспасөз бетінде неге қатаң сын жазбаймыз? Бізде қирап жатқан құрылыс пен ақсап жатқан ауыл шаруа­шылығы құрылымдары көп­теп кездеседі. Жалпы, сын – ол ұзын арқан, бос белбеу­мен жүргендер үшін үлкен тойтарыс құралы. Сонымен қатар баспасөз бетіндегі сын мақалаларға билік тарапынан нақ­ты жауап беретіндей жағ­дайға қол жеткізуіміз керек. Өйткені «сын түзелмей, мін түзелмейді». Қоғам осы мәсе­леге көңіл бөлуі тиіс.

«Күшіміз – бірлікте» дейтін болсақ, онда Қазақ­стан­ның әрбір азаматы өз бо­­йын­­дағы ынтымақ пен бір­лік­ке тән ынта, құл­шынысты бе­рік қалып­тастыра білуі керек. Қоғам дамуына деген жана­­шырлық көзқарасты же­тіл­діре түсуіміз қажет. Жер-жер­дегі қоғамдық ұйым­дар мен депутаттардың бел­сен­ділі­гін арттырып, сол айтып отыр­ған ынтымақ пен бір­лік­тің ел арасында берік қалып­тасуы­на барынша ықпал етуге тиіспіз.

Ілгеріректе ауыл ақсақал­дары бас қосқан жерде жас­тарды әдептілік пен иман­дылыққа шақырып, бәле-жаладан аулақ жүруге үндеп отыратын. Осындай ақылман ағаларды ауыл халқы қазына­лы қария, не болмаса абыз ақсақалдар деп құрмет тұ­тып, үнемі олардың ақыл-ке­ңес­теріне құлақ асатын. Елі­міздің тыныштығы мен хал­қы­мыздың амандығы үшін біз өзіміздің жеке үлесімізді қоса білуіміз керек. Біз, ардагерлер жүрген жерімізде ынтымақ пен бірліктің бастауына жол ашатын имандылық қасиеттер жайлы әңгімелеп отырғанымыз дұрыс.

Қалай десек те елі мен жерін, халқы мен Отанын ерек­ше сүйе білетіндей ұрпақ, буын қалыптастыра алатын, бүгін­гі күн талабына сай қан­­дай да бір берік жүйе құр­сақ болар еді. Ынтымақ пен бірліктен ажырамастан, Отаны­мызды қорғай білейік, ағайын!

 

Серікбай ТҰРЖАН,

Бәйдібек ауданының құрметті азаматы

 

Түркістан облысы