• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Қаңтар, 2022

Алашорда офицері

662 рет
көрсетілді

Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің  өткен жылғы 27 сәуір күнгі №78 санында Парламент Мәжілісінің депутаты, тарихшы Берік Әбдіғалиұлының «Майдандағы қазақ офицерлері» атты танымдық мақаласы жарияланды. Осы жазбада 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің мүшелігіне кандидат болып сайланған қазақ офицері Молданияз Бекімов жайлы шағын мәлімет айтылыпты.

Патшалық Ресей тұсында әскери-қорғаныс саласында қыз­мет атқарған қазақтар көп емес. Десек те, 1847 жылы 12 жасында Сібір кадет корпусына қабылданып, оны 1853 жылы бітірген қазақ баласы Шоқан Уәлихановтан тартып, 1883 жылдары Омбы әскери прогимназиясын және Қазан юнкерлік училищесінде білім алған ал­ғашқы қазақ офицерлерінің бірі подполковник Н.Жетпісбаев, 1898 жылы Сібір кадет корпусын бітірген М.Абылайханов, 1899 жылы Александровск әс­кери училищесін тәмамдаған О.Көбеев және штабс-капитан Н.Сапбупин, 1900 жылдары Орал әскери училищесінде білім алған штабс-капитан С.Са­рыхуджин, сондай-ақ Семейде құрылған Алаш полкінің коман­дирлері Х.Тоқтамышев пен юнкерлік училищесінің түлегі Ғ.Самұратовтарды білеміз.

Ал осы мақалаға арқау болып отырған Молданияз Бекімов те ғасыр басындағы қазақ офицер­лерінің бірі. Бұл тұлға жайлы бұрындары қалам тербеген қаратөбелік өлкетанушы Те­мір Отаров пен зерттеуші Зей­нол­ла Тұрарбеков 1982 жылы М.Бе­кімовтің туғанына 100 жыл тол­ған датасына орай, «Қазақ әде­биеті» газеті және «Жұлдыз» жур­на­лында мақала жариялаған екен. Осы жазбаларда, он екі ата Байұлының бір тармағы Алашаның Қарабурасынан тарайтын Бекім атаның алты ұлы болған дейді. Бекімнің бірінші әйелі беріш қызы Жұбайдан – Қожанияз, Молданияз, Үмбет, ортаншы әйелі Аққыздан – Ғабдош, үшінші әйелі Сәлимадан – Байдош, Сүлеймен туған екен.

Сол сияқты, қазақ офицері Бекімовтің өмір жолын зерттеген өлкетанушы – қаламгер, Орал өңіріне танымал журналшы Қайыржан Хасановтың естелігінде, Соналы болысының беделді адамы Бекім баласы Молданиязды әуелі ауыл молдасынан оқытып, оң-солын таныған тұста Орал қаласындағы әскери-реалдық училищесіне оқуға аттандырған дейді. Осы 1902 жылы училищеге 51 курсант жаңадан қабылданыпты. Бұлардың 18-і мұсылман баласы екен. Солардың бірі – Бекімов.

Бұл орайда, Бекімов жайлы қалам тартқан адамдар келтірген деректер бірізді. Арасында үлкен ауытқушылық жоқ деуге болады. Десек те, бізді қызықтырған дерек: 1975 жылы оралдық зерттеушілер қазақ офицері М.Бекімовтің әскери өмір жолын құжаттық негізде толық білу үшін КСРО Министрлер Советі жанындағы Мемлекеттік әскери-тарихи архивіне (РГВИА) сұрау салған екен. Кешікпей архивтік басқарманың бөлім меңгерушісі М.С.Головникованың қолы қойыл­ған қағаз келген. Бұл де­рек­ті өлкетанушы Қайыржан Ха­санов 2016 жылы Орал қал­а­сында жарық көрген «Молданияз Бекімов» атты монографиясында қазақша аударып жария­лапты. Бірден-бір нақты дерек осы. Құжатта: «М.Бекімов Орал облысының қырғызы. 1882 жы­лы туған. Оралдағы реалдық учи­лищенің 5 класын бітіріп, кейін Қазан қаласындағы жаяу юнкерлер училищесін бітірген. 1905 жылы 6-шы жаяу Любав полкінің подпоручигі атағын алып, осы жылы 8-ші Закаспийлік атқыштар батальонына ауысқан. 1906 жылдың қаңтарында Куш­ка қаласын алуға қатысып, Куш­кинск гарнизонында қызмет атқарған. 1908 жылы І Түр­кістан атқыштар батальонына жіберілген. 1909 жылы поручик атағын алған. 1910 жылы 21-ші Түркістан атқыш­тар полкіне ауыстырылған. Осы пол­к­­те жүріп, 1913 жылы штабс-капитан шенін алған. Бірінші дүниежүзілік соғысқа 1914 жыл­дың желтоқсан айынан бастап, 1915 жылдың ақпан айына дейін қатысқан. Үш дүркін жараланған. Алғашқысы – 1915 жылдың қаңтары, екіншісі – 1915 жылдың 23 ақпаны, үшіншісі – 1915 жыл­­дың қыркүйегі. Емделіп, сауыққан соң Түркістан әскери округі штабына қызметке жібе­рілген. Ол майдандағы ерлігі үшін: 3-ші дәрежелі «Святая Анна» ордені және осы орденнің 4-ші дәрежесімен, сондай-ақ қылыш пен бант бейнеленген 4-ші дәрежелі «Святой Вла­димир», 2-ші дәрежелі «Свя­той Станислав», ленталы «Белый орел» ордендерімен мара­пат­талған. Молданияз Бекімовтің әйелі – Софья Иосифовна Амал­дыкова атты татар қызы. 1917 жылдан кейінгі өмірі бел­гісіз» делінген екен.

Жоғарыда жазылған деректер сыртында, 1910 жылы Жаркент­те 21-ші Түркістан атқыштар пол­кі­­нің рота командирі болып та­ғайындалғаны, майданда өзі басқарған қосынды шебер бас­қар­ғаны жайлы мәлімет бар.

Ал зерттеуші-ғалым Берік Әбді­ғалиұлының пайымына үңіл­сек, М.Бекімов 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съе­зінде өзінің жерлестері Иса Қашқынбаев және Есенғали Қаса­болатовпен бірге Алаш ор­да үкіметіне кандидат болып сайланған екен. Осы кезден бас­тап, халық ісіне белсе­не араласып, «Алашорда офицері» деген мәртебеге сай қызмет атқарған. Соның бір жүлгесі – 1921 жылы Шыңжаңнан бос­қындарды қайтару жөніндегі мемлекетаралық комиссияның жұмысына араласып, соңында белгісіз себептермен Қытай елінде 10 жыл тұрып қалады. 1930 жылы елге оралыпты.

Атыраулық әдебиетші-ға­лым Қабиболла Сыдиқовтың «Орал өңірі» газетінің 1994 жылғы 23 сәуір күнгі санында жариялаған «Осы жұрт Бекі­мовті біле ме екен?» атты мақа­ласында: «Бекімов 1930 жылдардың бас кезінде елге қайтып оралып, Орынбор өлкесін мекендеген ағасы Қожанияздың үйінде тұрып, совхоздың бухгалтериясында, астық қамбасында жұмыс істеген. Соғыста жаралы болғандықтан ба, әлде ұзақ жылдар бойы әскери қызметте болуының, оның үстіне шет­елде жүргеннің салдары ма, Молданияз мейлінше тұйық, кездескен адаммен көп сырлас­пайтын, тамағын да өзі пісіріп ішетін, үнемі тұнжырап, ойланып, бірдеңелерді жазып жүретін болыпты. Дәл қай жылы өлгені мәлім емес» депті.

* * *

Алаш офицері М.Бекімов өзінің әскери қызметінен тыс, халқымыздың этнографиясын зерттеумен һәм оны насихаттау­мен шұғылданған тұлға. Оның қазақ этнографиясына қатысты еңбектері «Айқап» журналында, «Туркестанский курьер» газетінде жиі жарияланып тұрған. Бұл кісінің қазақ этнографиясымен айналысуына сол кездегі Қазан университетінің профессоры, мәшһүр түркітанушы-ғалым Николай Федорович Катанов себеп болған дейді білетіндер. Бұл ғалым М.Бекімов «Қазақтың халық эпосын зерттеу жөніндегі материалдар» деген атпен құ­растырған аңыз-әңгімелерді Археология, тарих және этногра­фия ғылыми қоғамының бас қо­суларында талқылауға ұсынып, жас талапкердің ғылы­ми еңбегіне жоғары деңгейде қорытынды жасаған. Бекімовтің бұл жинағы қоғамның үні «Хабаршы» жур­налының 1904 жылғы 20-санында жарияланыпты.

Сол сияқты, қазақ офицері Ташкентте қызмет атқарып жүр­­­ген жылдары «Средняя Азия» журналының екі саны­на «Қазақтың шамандық қал­дық­тары», «Кімнің күші басым», «Жерді көк өгіздің мүйізі көтеріп тұр деген ұғым қайдан шыққан?», т.б. аңыз-әңгімелер жариялапты. Сонымен қатар Ташкентте шығып тұрған «Туркестанский курьер» газетінде қазақтың ма­қал-мәтелдерін және «Архео­логия, тарих және этнография қоғамы» журналының ХХІ томында «Орал облысы қазақ­тарының қыз ұзату салты» атты жазбалары жарияланған.

Қазақ офицері Молданияз Бекімовтің тағы бір келелі ісі 1903 жылы А.С.Пушкиннің «Ка­пи­тан қызы» романын қазақ тіліне аударып, оны Қазан қала­сында жеке кітап етіп бастырып шығарғаны. Бекімовтің бұл әрекетін кезінде үлкен жазушы Ғабит Мүсіреповтің өзі жоғары бағалап, «Қазақ әдебиеті» газе­тінің 1981 жылғы 10 сәуір күнгі санына арнайы мақтау мақала жазған екен.

Журналшы Қайыржан Хаса­новтың мәліметіне жүгінсек, Молданияз Бекімов Оралда реалдық училищеде оқып жүргенде «Капитан қызы» романымен танысқан. Оған себеп – осы жылдары Орал қаласының тұрғыны Хохлачев деген адамның үйінде халықтық оқу үйі (кітапхана) ашылған. Осы жерге жиналған зиялы қауымға бір адам басқалар еститіндей дауыстап кітап оқып беру әдеті қалыптасқан.

Бір жолы М.Бекімов бұл үйден көппен бірге А.С.Пушкиннің «Капитан қызы» романын тың­даған. Сөйтіп, кітапты қазақша аударуға аңсары ауған. Оның сыртында бұл кітапты қазақша аударуға Қазан жаяу әскер юнкерлер училищесіндегі бірінші рота командирі Дмитрий Ни­ко­­лаевич Григорьев деген офи­цердің ықпалы болғаны жайлы айтылады.

Өйткені «Капитан қызы» кі­табының титул парағының екінші бетінде Бекімов: «Бә­хил етемін переводымды есі­мі өшірілмес үшін сүйікті ұста­зым Дмитрий Николаевич Гри­горьевке – «Посвящаю свой перевод дорогому наставнику Дмитрий Николаевичу Григо­рьеву» деп жазған арнау сөздер бар.