• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 20 Қаңтар, 2022

Коронавирус: Оқшаулану мерзімі қысқарады

357 рет
көрсетілді

Жұрттың жүзін жабырқатып, елдің еңсесін түсірген індет әлемді әбігерге салып тұр. Айғақты айдаладан емес, айналадан-ақ көруге болады. Себебі күн сайын күрк-күрк жөтелген жан­дардың саны күрт өсуде. Сани­тарлық талаптарға салақ­тық танытқандар сан соғып, көпшілік орындарға жинал­маңдар дегенді тыңдама­ғандардың көпшілігі денесіне дерт жұқтырып алды. Басы ауырып, балтыры сыздаса да, ыстығы көтеріліп, кө­кі­регін көк жөтел қысса да, әлемді шарпыған індетке әлі де болса күмәнмен қарай­тындар жетерлік.

Коронавирустың «Омикрон» штамымен ауыру көп жағдайда жеңіл және симптомсыз түрде өтеді. Таралуы басқа штамдарға қарағанда бірнеше есе жоғары. Коронавирустың жұғуы 14 күннің ішінде білінсе, «Омикрон» небәрі екі күннің ішінде адам ағзасында сыр береді. Демек тез жұғады деген сөз. Аурудың алғашқы белгілері тұмау мен жедел респираторлық аурулардағы сияқты суық тигендей көрінеді. Яғни дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, бас ауруы, жөтел болады. Бірақ жеңіл өтеді екен деп өз бетінше емделуге болмайды. Ауру белгілері байқалған сәттен бастап дәрігерге көрініп, білікті маманның ақыл-кеңесіне құлақ асқан жөн.

Денсаулық сақтау минис­трі Ажар Ғиният дүние жүзін дүрбелеңге салған короно­ви­рустың «Омикрон» түрі еліміз­дің эпидемиялық жағдайын ушық­тырғанын атап өтті.

«Елімізде COVID-19-бен тәу­ліктік сырқат­танушылықтың 60%-дан астамы үш аймақта тіркеліп отыр. Нұр-Сұлтан қаласында ауру 32 есе өсіп, бұл ретте тестілеу деңгейі ел бойынша ең жоғары және тәулігіне 10 мыңнан аса тесті құрап отыр. Бі­рақ халықты вакциналау қарқыны 1,5 есе және ревакциналау қарқыны 4 есе төмен. Алматы қала­сында SARS-CoV2 ауруы 8 есе өсті, тестілеу дең­гейі қалпына келтіріліп, осы жылғы қаңтардан бас­тап 3,5 есеге артты. Вак­­ци­налау қарқыны 1,6 есе және ревакциналау қар­қыны 3 есе төмендеп отыр. Қарағанды облысында сырқаттанушылық 9 есе өсті, ал вакциналау қарқы­ны 3 есе және ревакциналау қар­қыны 3,5 есе төмендеді. Бүгін­де елімізде барлығы 21 мың инфекциялық тө­сектік орын ашылды, оның 33%-ы аурулармен қам­тылған, реанимациялық орын 2 мыңнан ас­там, оның 16%-ы қам­тыл­ған. Резервте 30 мың ин­фек­­циялық және 3 мың реа­ни­ма­циялық орын бар», деді А.Ғиният.

Оның айтуынша, рес­пуб­лика бойынша ревакци­налауға жататын халықты қамту 26,8%-ды құрап отыр. 800 мыңнан аса адам егіл­ді. Үш өңірде – Аты­рау, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қала­сында қамтылу деңгейі ең төмен: 13%-дан 17,0%-ға дейін. Барлық өңірде вакциналау мен ревакциналау қарқынын арттыру қажет. Бұл – ауруханаға түсудің, коронавирус инфекциясынан болатын ауыр ауру ағымы мен өлімнің алдын алудың жалғыз тәсілі.

Нұр-Сұлтандағы №15 қа­­лалық емхананың дәрі­гері Гюзель Егінбай ревакциналау алғашқы жа­сал­ған екпеден кейінгі им­мунитетті кү­шейтетінін айтты.

«Ревакциналау – вакцинаны немесе оның ком­поненттерінің бірін қай­та енгізу. Бұл шара ал­дыңғы вакциналардан кейін­гі иммунитетті қол­дау­ға бағыт­талған. Жал­пы, ревакциналау им­мунитеттің вируспен кү­ре­суі үшін жасалады. Уа­қыт өте келе ағзаның коронавирус инфекциясынан қорғалу дәрежесі төмендейді, осыған байланысты вакцинаны қайта алу қажет. Қазақстанда ревакциналау шартты түрде екі кезең бо­йынша өтетіні белгілі. Бірінші кезекте қауіп тобындағы адамдар егіледі. Алдымен медицина қызметкерлері, педагогтер, күш құрылым­дары мен жабық балалар мекемелерінің қызмет­керлері ревакциналаудан өтеді. Сондай-ақ ревакциналау негізінен созылмалы инфекциямен ауыр­ған немесе өткір инфекция жұқтырған адамдар үшін қажет. Мұндай адамдарда иммунитеттің әлсіреуі жиі кез­деседі жә­не коронавирусқа қар­сы иммундық күшті сақтау үшін пациенттерге ревак­ци­на­лау қажет. Айта кету керек, ревак­­­циналау инфекцияны қайта жұқ­ты­­ру қаупін күрт төмендетеді. Ревак­циналау тәртібі ек­пені алғаш алған кезде­гідей жүргізіледі», деді Г.Егінбай.

Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің кешегі күнгі мәліметі бойынша 110 731 адам коронавирус ин­фек­­циясынан емделуде, олар­дың ішінде 8 344 пациент стационарда, 102 387 науқас амбулаторлық дең­гейде ем қабылдауда. КВИ-ге шалдыққандардың арасында 299 адамның жағдайы ауыр, 88 пациент­тің жағдайы өте ауыр, 49 нау­қас ӨЖТ аппаратында жатыр.

Айта кететін жайт, елі­­мізде коронавирус жұқ­тырғандардың оқшау­лану мерзімі қысқарады. Бас санитар дәрігердің тиісті қаулысы әзірленіп жатыр. Енді ковидпен ауырғандар тек 10 күнге карантинге жабылады. ПТР-тестің қорытындысы бойынша Ashyq-тағы мәртебе бір аптада ауысады. Жаңа қаулы қабылданғанға дейін карантин тәртібі 14 күн болады.