Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне бір жыл толуына орай Қазақстан Республикасы ядролық қарусызданудың белсенді жақтаушысы ретінде әлемнің барлық мемлекеттерін ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу үшін ЯҚТСШ-ға қосылуға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әлемдегі қуаты жағынан төртінші ядролық қару арсеналынан бас тартқан және өз аумағында ядролық сынақ полигонын жапқан тұңғыш мемлекет ретінде, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрудың бастамашыларының бірі бола отырып, Қазақстан ЯҚТСШ мәтінін әзірлеуге белсенді ат салысты. Бүгін біздің еліміз Австрияның төрағалығымен Шарттың басқа да қатысушыларымен бірлесіп, Венада жоспарланған ЯҚТСШ-ға қатысушы-мемлекеттердің Бірінші кездесуіне дайындық жүргізуде. Осы жұмыс шеңберінде Қазақстан Кирибатимен бірлесіп ядролық сынақтардан кейін радиациялық залалдануға ұшыраған халықты және қоршаған ортаны оңалту жөніндегі шараларды көздейтін ЯҚТСШ-ның жағымды міндеттемелері бойынша жұмыс құжатын дайындады», деп жазылған Қазақстанның СІМ таратқан хабарламада.
ЯҚТСШ-ның қабылдануы әлем мемлекеттерінің ядролық қауіпке қарсы нақты іс-қимыл жасауға дайындығын көрсететін маңызды қадам. Шарт Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың режимі (ЯҚТШ) төңірегінде және оны қолдау мақсатында әзірленген.