• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қаңтар, 2022

Алматыда бүлінген ғимараттар қалпына қашан келтіріледі?

505 рет
көрсетілді

Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев қаладағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен ғимараттарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының барысымен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Спикер мегаполисте 291 ғимарат, оның ішінде 62 әкімшілік ғимарат зардап шеккенін еске салды.

«Рұқсат алған сәттен бастап, 12-16 қаңтар аралығында өрттен зардап шеккен үй-жайларды тазарту жүргізілді. ҚазҚСҒЗИ «Қазақстан» телеарнасының, Бас прокуратура өкілдігінің, Алматы полиция департаментінің және аудандық полиция басқармаларының ғимараттарындағы техникалық тексеруді аяқтады. Қалалық әкімдік ғимараты бойынша зерттеу нәтижелері 2022 жылдың 28 қаңтарында күтілуде», деді әкімнің орынбасары.

Оның айтуынша, ірілендірілген сметалық норма бойынша жалпы сомасы 28,6 млрд теңгеге 10 нысанды қалпына келтіру жұмыстарының алдын ала құны есептелген.

«Қазақстан» телеарнасы мен қалалық әкімдік ғимараттарын күрделі жөндеу мен қайта жаңартуды 1 тамызға дейін аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ, жеті нысанда, оның ішінде Бас прокуратура ғимаратында, сондай-ақ полиция департаментінің тоғыз ғимаратында жөндеу жұмыстары басталды. Жоспарланған барлық жөндеу жұмыстары 1 мамырға дейін аяқталады деп күтілуде», деп нақтылады Мұхит Әзірбаев.

Ол, сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі есебінен мемлекеттік органдардың 28 нысанында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын қоса айтты. 5 денсаулық сақтау нысанының үшеуінде жұмыстар аяқталды, 3 аудандық полиция басқармасындағы жөндеу жұмыстарын 28 қаңтарға дейін аяқтау жоспарлануда, зардап шеккен 20 модульдік полиция бекеттерінің бесеуі толығымен өртенген - олардың орнына жаңалары орнатылады, тағы 15-і қалпына келтіріледі, олардың 9-ында жұмыстар аяқталу сатысында.