Шымкентте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуде 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы таныстырылып, оның негізгі бағыттары, сондай-ақ корпоративтік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді енгізуге бағытталған шаралар талқыланды, деп жазады Egemen.kz.
Бизнес пен инвестицияларға қатысты кез келген заңсыз әрекет кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға кедергі ретінде қабылданатынын айтқан қала әкімі М.Әйтенов кәсіпкерлерді адал бизнес жүргізуге шақырды. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Шаттық Өтеев елімізде парасатты бизнесті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл үшін тұжырымдамада сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу бойынша шаралар кешені көзделген. Сондай-ақ кездесуде түрлі салалардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша әзірленген шаралар жөнінде баяндалды. Корпоративтік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізу шаралары егжей-тегжейлі көрсетілді.
Құжат жобасын талқылау барысында мегаполистің бизнес өкілдері тұжырымдамаға қолдау білдірді. Кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды өз еркімен енгізуге бағытталған шаралар блогын мақұлдап, бұл өз кезегінде бизнесті тиімді дамытуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.