• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 25 Қаңтар, 2022

Елордалық дін өкілдері азаматтарды ревакцинациядан өтуге шақырды

304 рет
көрсетілді

Елордалық дін өкілдері «Абу-Даби Плаза» СОО-да орналасқан вакцинация пунктіне барып, коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинациядан өтті, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Бүгін елордалық дін өкілдері коронавирусқа қарсы ревакцинациядан өтіп жатыр. Біз вакцинацияны қолдаймыз. Пандемиямен күрестің басты жолы – вакцина деп санаймыз. Сондықтан қала тұрғындарын вакцинациядан және ревакцинациядан өтуге шақырамыз. Жалпы, елордада 54 діни бірлестік жұмыс істейді, сондай-ақ қоғамдық және үкіметтік емес діни ұйымдар да бар», деді Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.

Оның айтуынша, басқарманың барлық қызметкері вакцинаның екі компонентін алған. Ал енді ревакцинациядан өтіп жатыр. Олардың арасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен орыс православ шіркеуінің өкілдері бар. Бүгін елордалық дінбасылардың 60-қа жуық өкілі ревакцинациядан өтті.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Архимандрит Сергий діни себептерге байланысты вакцинациядан бас тартуға болмайтынын айтты.

«Православие христиандары да елдің өзге азаматтары сияқты коронавирустық инфекцияның қаупін жақсы біледі. Дінге сенетіндердің басым көпшілігі вакцинациядан әрі ревакцинациядан өтті. Нәтижесінде көптеген адам, әсіресе қарт кісілер денсаулығын қорғап қалды. Көптеген дінбасылар ауырып қалды, тиісінше оқшауланды. Қандай жағдай болмасын, аурудың емделу жолын дінмен байланыстыруға болмайды. Діни тыйымдарды сылтауратып, екпеден қашу қисынсыз. Бұл ғылым мен медицина мәселесі. Қазіргі уақытта екпе – нағыз қорғаныс жолы, менің тәжірибемде вакцинация көптеген адамның өмірін сақтап қалды. Діни себептер бойынша бас тартуды ақтап алудың мәні жоқ. Менің жеке пікірім бойынша вакцинация – денсаулықты қорғау және жақындарыңа көмектесу», деді ол.