Алматыда 25 қаңтарда коронавирус инфекциясына 2 126 адам шалдықты. Соған қарамастан, мегаполисте карантиндік шектеулер біртіндеп алынып жатыр. Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қарлығаш Әбдіжаббарованың айтуынша, дерттің тәуліктік өсімі артып, қаңтар айының алғашқы аптасында – 1 025 жағдай, екінші аптада – 6 050, үшінші аптада – 13 133 жағдай тіркелді. Яғни індет осы айда 12,8 есе өсті.
Бас санитарлық дәрігердің сөзіне қарағанда, 22 қаңтарда, яғни бір тәулікте 2,5 мың алматылық коронавирусқа шалдыққан. Ай соңында тәулігіне 3 мыңға дейін науқас тіркелуі күтілуде.
«Былтыр ақпан айында вакциналау басталғалы екпе алушылардың тек 2,1%-ы індет жұқтырған. Бұл мәлімет қала тұрғындарына вакциналау мен ревакциналау қарқынын күшейтуді талап етеді. Қалада иммундық жүйе 62,4% құрайды», дейді Қ.Әбдіжаббарова.
Қазір Алматыда негізінен 20-39 жас аралығындағылар індетке көбірек шалдығып отыр, ауырғандардың 40%-ы осы жастағылар, ал 40-59 жастағылар – 26,7%, 60 жастан асқан адамдар – 19,3%. Індетке шалдыққандар ішінде зейнеткерлер – 1,5% болса, мектеп жасына дейінгі балалар арасында – 0,8%, банк саласының қызметкерлері арасында – 0,2%, ұйымдар, серіктестіктер, жеке кәсіпкерлер арасында 0,1%-ға өскені байқалады.
Алматыда карантиндік шектеулер ішінара алынғанымен, концерт залдары, театрлар, цирктер, филармониялар қызметіне, конференциялар, семинарлар, көрмелер, форумдар, түнгі клубтар, караоке қызметіне шектеу қойылып, ұжымдық діни жоралар өткізуге тыйым салынды. Қоғамдық тамақтану орындарына келушілер санын 4 адамға дейін және кинотеатрлардың толымдылығын 30%-ға дейін қысқарту туралы талап сақталады.
Бұл нысандардың бәрі Ashyq аясында «қызыл аймақтың» қолданыстағы өлшемдерімен жұмыс істемек. Мысалы, концерттер, театрлар, кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану, түнгі клубтар, караоке – 50 пайызға дейін, 50 адамнан артық емес, көрмелер – 70%-ға дейін 200 адамнан артық емес.
Ал 24 қаңтардан бастап балабақшалар ата-аналардың өтініші бойынша штаттық форматта, жалпы білім беретін мектептер – 600 балаға дейінгі контингенті бар 1-ден 4-сыныпқа дейін штаттық форматта, ал 600-ден астам оқушысы бар мектептер – 50%-ға штаттық форматта жұмыс істеуге рұқсат етілген.
Сондай-ақ мектептен тыс және білім беру орталықтарының штаттық форматтағы, ЖОО мен колледждердің аралас форматтағы жұмысына рұқсат етілді. Вакциналанған оқушыларға мектеп әкімшілігінің қалауы бойынша оффлайн режімде рұқсат етіледі.
АЛМАТЫ