• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қаңтар, 2022

Депутат кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін есептеу әдісін сынады

429 рет
көрсетілді

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанда кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін есептеу кезінде ашықтық пен әділдік қағидаттарын енгізу қажеттігі туралы мәселені көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазіргі көзқарас пен мұндай статистиканың нәтижелері сенімді емес.

«Жергілікті атқарушы органдар, Үкімет жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін үнемі төмен көрсетумен келеді. 2021 жылы Үкімет елде 450 мың адам жұмыссыз деп көрсетсе, кедейшілік деңгейі 4,5 % аспайды деген ресми ақпарат берді. Осы шындыққа сәйкес келе ме? Кезінде Республиканың статистика қызметін басқарған Сіз бізде статистикалық мәліметтер облыс әкімдері мен Министрліктердің ыңғайына қарай, бұрмаланып беріліп келгендігін жақсы білесіз ғой деп ойлаймын. Елдегі осы кезге дейінгі кедейлік деңгейін анықтауда қолданып келе жатқан Қазақстандық тәсіл кедейлікті төмендетіп көрсетіп келеді. Кедейлік шегін өлшейтін әлемдік стандарттарға шығуға бізге не кедергі болып отыр? Сондықтан да Үкімет бірінші кезекте кедейшілікпен күресудің жаңа жүйесін жасау керек. Келешекте жалған статистикадан толыққанды арылу керек», деді сенатор.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың Үкіметтің депутаттық сауалдарына жауап беруге деген көзқарасын сынға алды.

«Сенаттағы әріптестер тарапынан қоғамда әр түрлі салаға қатысты депутаттық сауалдар Үкімет басшысына, Үкімет мүшелеріне жолданып жатады. Бірақ олардың берген жауаптары нақты емес екі ұшты болып келеді. Сондықтан да депутаттық сауалдарға бір жапырақ қағазбен қайтаратын жауаптарды доғару керек. Депутат сауалына жан-жақты зерделеп жауап беруді жолға қойсаңыз деймін»,  деді ол. 

Сондай-ақ, кейде Үкіметтен Парламентке «шикі» келетін заң жобаларын жазу саласындағы проблемаларға да тоқталды. Сондықтан Үкіметке заң жобаларын мемлекеттік тілде әрі жиі дайындауды ұсынды.