• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Футбол 31 Қаңтар, 2022

Қазақстан – ширек финалда

171 рет
көрсетілді

Футзалдан Нидерландтың Амстердам және Гронинген қалаларында өтіп жатқан Еуропа чемпионатының топтық тур ойындары өз мәресіне жетті. Соңғы, шешуші бәсекеде Қазақстан құра­масының футзалшылары мамандар тарапынан В тобының фавориті саналған Италия құрамасымен жолығып, «Скуадра адзурралықтарды» ірі есеппен қапы қалдырды. Сөйтіп, жерлестеріміз кәрі құрлық чемпионаты тарихында үшінші мәрте доп додасының ширек финалына жолдама алды.

Еуропа чемпионатының алдында бір­қатар футзал мамандары биылғы бірін­шілік туралы өз ойларын ортаға салып, В то­бын­дағы төрт құраманың ішін­де Италияның келесі кезеңге шы­ғу мүмкіндігін жоғары баға­лаған еді. Тіпті сарапшылар «Скуад­ра адзурралықтар» өз тобын­да бірінші орын алып, плей-офф сатысына еш қиын­дық­сыз шығатынын айтудан жалық­қан жоқ-тын. Өйткені Ита­лия құрамасы 1996 жылдан бері өткізіліп келе жатқан чемпионаттың ең титулды ко­ман­­да­ларының бірі саналады. Атап айтар болсақ, олар осы күнге дейін 11 мәрте жалауы желбіреген Еуропа чемпиона­тын­да 6 рет жүлдегерлер қатары­нан көрін­ген. 2003 және 2014 жылғы турнирлерде бас жүлдені олжалаған болса, 2007 жылғы дода­н­ың финалында Испаниядан жеңіліп, күміс жүлдені қанағат тұтқан. Ал 1999, 2005 және 2012 жылдары үшінші орынға табан тіреген болатын. Кәрі құрлық біріншілігінде осындай жүлдеге ие команда кешегі ойынның сөзсіз фавориті еді.

Гронингендегі матчтың алғашқы бес минутын Италия құрамасы қарқынды бастады. Игита қорғаған қақпаға бірқа­тар қауіпті шабуыл ұйымдас­ты­рып, қақпашымыз­дың әлеуе­тін бір байқап көргендей болды. Қуа­ны­шымызға орай, бұл жолы Игита өте жақсы ойнады. Ал уақыт ұзаған са­йын жер­лестері­міз бірте-бірте ойын тізгінін өз қол­дарына алып, матчтың 6-минутын­да кездесудің есебін ашты. Дуглас Жуниор­д­ан тамаша пас алған Біржан Оразов қар­сы­ластың қоршауында тұрса да, асқан шеберлігінің арқасын­да шабуылды голмен түйіндеді. Арада үш минут өткенде Азат Валиуллин мергендігімен көзге тү­сіп, таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Жуыр­да ғана ұлттық құраманың жейдесін киген Эдсон нәтижелі пастың авторы атанды. Бұл оның үшін­ші матчтағы төртінші нәтижелі па­сы еді. Ойын барысында өзі гол соқпаса да, командаластары­ның гол соғуына жақсы мүмкін­дік жасап бергенін айта кету керек. Бірінші таймның бел ортасынан ауған шағында Италия құрамасынан Николоди есепті қысқартуға мүмкіндік алды – 2:1. Ойынның бірінші ке­зеңі Қазақстан құрамасының басымдығымен аяқталды.

Үзілістен кейін де Италия құрамасының жігіттері таразы басын теңестірудің қамын ойлап, біздің қақпаға жиі шабуыл жасады. Алайда қорғаныста өте сауатты ой­наған жерлестеріміз қарсыластарына гол соға­тын­дай еш мүмкіндік берген жоқ. Қар­сы шабуыл арқылы ойнауды жөн көрген Кака шәкірттері 30-минутта есепті еселей түсті. Бір­жан Оразов шабуылды өзі бас­тап, нүктесін де өзі қойды. Ал­ғашқы матчта бір гол соғып, кейін­гі екі ойында дубльдің ав­то­ры атанған жерлесіміз осылайша 5 голмен сұр­мер­гендер тізі­мінде көш бас­­тады. Ал матчың аяқталуына екі минут қал­ған­да Дуг­лас бос қалған қақ­паны дәл көздеп, кездесу­дің нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 4:1.

Осылайша, екі дүркін Еуропа чемпиондарынан басым түскен Қазақстан құрамасы өз тобында бірінші орынмен кәрі құрлық біріншілігінің ширек финалына шықты. Сондай-ақ біздің топтағы екінші ойында Финляндия құрамасы Словенияны 2:1 есебімен жеңіп, олар да екінші орынмен ширек финалға жолдама алды.

Өзге топтардың нәтиже­лері­не тоқталар болсақ, А тобында үш ойынның бәрінде жеңіске жеткен Португалия мен тек бір ойында ғана үздік шыққан Украина жарыстың ширек финалына шықты. С тобында Ресей мен Словакия жарысты әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алса, D тобында Испания және Грузия құрамалары ширек финалда бақ сынайтын болды.

Жерлестеріміз жартылай финалға шығу үшін А тобында екінші орынға тұрақтаған Украина құрамасымен ойнайды. Матч бүгін Амстердамдағы  Ziggo Dome спорт кешенінде өтеді. Өкінішке қарай, бұл кездесуде Қазақстан құрамасына екінші «сары қағаздарын» алған Тайнан мен Эдсон көмек­тесе алмайды. Есесіне екі матчқа ойын­нан шеттетілген Альберт Ақбалықов бұл ойында алаң­ға шығады. Сонымен қатар коро­навирусқа шалдыққан Шыңғыс Есена­манов та қатарға қосылып қалуы мүмкін. 

Егер Қазақстан құрамасы ширек финалда жеңіске жете­тін болса, жартылай финалда Кака шәкірттері Ресей және Гру­зия жұбының жеңімпазымен кездеседі.