Бүгінде кітап оқымау ғадеті қазақ қоғамында ғана емес, барша әлемде белең алып отыр. Кітап оқуға толық мүмкіндігі бар адамдардың көркем әдебиетке қызықпауының себебі көп. Ең басты дәуірлік себеп, әрине, «сананы тұрмыс билеуінде». Ал мүмкіндігі шектеулі – зағип жандар кеш қарая «Жабайы алманы» оқығысы келсе де оқи алмайды: Брайль қарпіндегі кітап тапшы. Бір сөзбен айтқанда, көзі көрместің кітап оқуына мүмкіндік жоқ.
Зағип адам сезумен, ойша елестетумен, сюжетпен өмір сүреді. Олар бәрін санасында қалыптастырады, яғни сюжет құрастырады. Сондықтан да зағип адамдарға көркем шығарма оқудың септігі көп. Қағаз бетіндегі нүктелердің ізімен жүріп отырып, қай кейіпкердің қандай күй кешіп, оқиғаның қалай өрілгенін «оқу» – оңай іс емес. Алайда жанарынан айырылып, өмірді саусақ ұшымен танитын тағдырлы жандардың қажетіне жарарлық қазақтілді аудиторияға арналған бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптардың жоқтығы алаңдата- ды.
Соқырлықтың алдын алу жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, бүгінгі таңда дүние жүзінде 284 млн адамның көру қабілеті нашарлаған. Оның ішінде 39 млн-нан аса адам мүлдем көрмейді. 19 млн бала түрлі көз ауруына шалдыққан. Ғалымдардың зерттеуінше, әлемдегі осы есеп 2050 жылға қарай 115 млн-ға жетуі мүмкін. Оған, әрине, тәуліктің көп уақытын жұмсайтын смартфон-планшеттер себеп. Ал Қазақстанда 86 мың зағип адам бар. Оның ішінде нашар көретін балалар – 7 934 болса, 320 бала мүлдем көр- мейді.
...әлі күнге дейін оқулық әзірленбеген
Елімізде көзі нашар көретін және көрмейтін балаларға арналған 8 балабақша жұмыс істейді. Онда 828 бала, жалпы, білім беретін балабақшалардың арнайы топтарында 451, ал инклюзивті білім беру жағдайы бар балабақшаларда 2 970 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ зағип балаларға арналған 11 арнайы мектепте 1 513 бала білім алуда (ал жалпы білім беретін мектептерде 199 бала оқиды).
Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балаларға оқулық дайындайтын жалғыз мекеме – «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық-ғылыми практикалық орталығы» болып отыр. Орталықтың ғылыми-зерттеу бөлімінде әдістемелік құралдар, оқу бағдарламалары, арнайы оқулықтар, Білім және ғылым министрлігі атқарып жатқан нормативтік құқықтық актілер бойынша жұмыстар дайындалады. Оның ішінде көзі нашар көретін және мүлдем көрмейтін балаларға арналған оқулықтар да бар. Зағип балаларға Брайль қарпімен, ал нашар көретіндерге үлкейтілген шрифтпен әзірленеді.
Аталған орталықтың басшысы Әйгерім Күдеринова Брайль жүйесінде кей сыныптарға әлі оқулық әзірленбегенін атап өтті.
«Бұл оқулықтар жалпы білім беретін мектептерге арналған оқулықтардың бағдарламасына сәйкес әзірленеді. Мәселен, бұған дейін Брайль қарпімен 54, үлкейтілген шрифтпен 63 оқулық дайындалды. Алайда мүлдем көрмейтін балаларға арналған 1-12-сынып оқулықтары әлі толық әзірленген жоқ. Алдағы уақытта 4, 6, 11, 12-сыныптарға арналған Брайль қарпіндегі оқулықтар әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Ал қалған сыныптарда бар. Оқулығы жоқ сыныптар Брайль қарпіне арналған принтер арқылы дайындалған материалдарды шығарып оқиды», дейді мекеме басшысы.
Бұл орталық кітаптарды басып шығармайды, тек оқулық құрастырады. Әзірленген оқулықтарды елордадағы «Оқулық» орталығы қабылдап, Білім және ғылым министрлігінің қарауына ұсынады. Мақұлданған соң жергілікті атқарушы органдар өздері конкурс жариялап, оқулықтарды баспалардан сатып алады. Мәселен, соның бірі «Сатр орталығы» басып шығарып, мектептерге жеткізеді. «Оқулық» орталығы басшысының айтуынша, қазіргі таңда мектеп-интернаттарда оқулық жетіспеушілігі жоқ. Сондай-ақ зағип оқушылардың оқулықпен қамтамасыз етілуін тек жергілікті атқарушы орган мен мектептер ғана қадағалай алады. Яғни оқулықтарды жеткізу орталықтың міндетіне жатпайды.
Айта кетейік, аталған орталық зағип балаларға арналған оқулықтарды 2017 жылдан бастап дайындап келеді. Яғни оған дейін – тәуелсіздік жылдарынан бері мұндай оқулықтар мүлдем жасалмаған.
«Жалпы білім беретін мектептерге оқулықтарды баспалар дайындайды. Яғни онда бәсекелестік болуы керек. Бірақ қаншама жыл бойы сол баспаларға зағип жандарға арналған кітаптар шығару туралы ұсыныстар айтылса да қолға алынбады. Өйткені мүлдем көрмейтін оқушылар көп болмаған соң, жекеменшік баспаларға аз данамен кітап шығарған тиімсіз. Негізінен, мектеп жасындағы зағип балаларға жасалып жатқан жағдай жаман емес деп айтуға болады. Мектептері бар, оқулықтары дайындалады. Ал мектепті бітіргеннен кейінгі өмірде көптеген мәселе туындайды», дейді Ә.Күдеринова.
Ал Алматы қаласындағы Н.Островский атындағы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған №4 мектеп-интернаты директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Бақытгүл Жұмаділова министрлік бекіткен бағдарламаның жиі ауысуынан зағип балалардың бағдарламаға үлгермейтінін айтады.
«Брайль жүйесіндегі оқулық дайындаудың жұмысы өте ауыр. Мәселен, кітапта жаз, күз бейнесі болса, оны нүктелі-бедерлі түрге айналдыру мүмкін емес. Айналдыруға болады, бірақ оны оқушы түсінбейді. Сондықтан ол суретті ауыстыру керек. Суреттің рельефімен жүріп отырғанда қандай сурет берілгенін бала түсініп отыруы қажет. Одан бөлек кейбір сұрақтардың мәтіні ұзақ болады. Қолмен ұстап оқыған бала ол сұрақтың басын ұмытып қалады. Сол үшін де мәтін барынша қысқа жасалады. Яғни оқулықты Брайль нұсқасына ауыстыру – қайта жазып шыққанмен бірдей.
Мәселен, бір кітап дайындауға үш жыл уақыт кетеді. Айталық, 2017 жылы басталған оқулықтарды 2020 жылы қолға алдық. Осы аралықта бастауыш сыныптың бағдарламасы ауысып үлгерді. Біздің бұрынғы бағдарламадағы «Сауат ашу» дайын болғанша, «Әліпби» қосылды. Әрине, біз ескі бағдарламадағы «жаңа оқулықпен» оқыта алмаймыз. Ал «Әліпбидің» зағип балаларға арналған нұсқасы жоқ. Яғни бізге кітап жасап үлгермейді», дейді ол.
Мектеп-интернат өкілі негізгі мәселенің жоғары сыныпқа арналған оқулықтардың жоқтығында екенін де айтты. Қазақ тілі, математика, орыс тілі пәндерінің оқулықтары бар болса, ал физика, география, биология, химия, т.б. сабақтардың кітаптары дайындалмаған.
«Бізде зағиптарға арналған оқулықты да, арнайы әдебиетті де дайындайтын жалғыз монополиялық мекеме – Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық-ғылыми практикалық орталығы. Егер одан бөлек, басқа да баспалар тапсырыс бойынша оқуға қажетті материалдарды шығарып беретін болса, біз сатып алар едік. Бірақ бізде ондай мүмкіндік жоқ. Бізге не береді – соны аламыз. Оқулықтардың жетіспеушілігіне мектеп қауқарсыз», деді Б.Жұмаділова.
Зағип жандарға арналған кітаптардың жасалмауының бір себебі – кадр тапшылығы екені де анық. Мәселен, аталған орталық 2017 жылы оқулықтар дайындауды бастаған кезде Ресейден арнайы мамандар шақырып, қатысушы авторларға қалай жасалатынын үйреткен еді. Оның үстіне Брайль нұсқасына ауысқан кітаптардың бағасы да сіз ойлағандай арзан емес.
Мектеп-интернат өкілінің айтуынша, оқушының бір математикасы 17 кітаптан тұрады. Ал орыс тілі 12-13 кітаптан, жоғары сыныптарда да алгебра оқулығы 12-15, геометриясы кем дегенде 10 кітаптан тұрады. Сонда бір оқулықтың бағасы 350-400 мыңға айналады. Үлкейтілген шрифт бойынша оқулықтардың өзі де 4-5 данадан тұрады.
Тоқсан жылдық тарихы бар мектеп-интернатта бүгінде 247 бала оқиды. Б.Жұмаділованың айтуынша, мектеп-интернаттағы балалар да қоғамдағы басқа сау балалар секілді көркем әдебиетті көп оқымайды. Негізінен, аудио-нұсқамен тыңдайды (онда да қазақ шығармаларының көбісі аудио нұсқаға түсірілмеген). Оқулық тапшылығынан бөлек кітапханада да сол ахуал: Брайль қарпінде казақ тілінде ешқандай көркем әдебиет жоқ. Ал орыс тіліндегі ертегілер мен оқу үрдісіне сай көркем шығармаларды 2020 жылы «Эма» қоғамдық қоры 38 миллионға Ресейден тапсырыс беріп, қамтамасыз еткен. Бұл әрине, республикадағы барша зағип балаларға ортақ мәселе.
Кітабы жоқ кітапхана
Зағип жандардың білім нәрімен сусындайтын жалғыз орны – арнаулы кітапханалар ғана. Оның өзі шалғай ауыл-аудандарда қамтылмаған, тек облыс орталықтарында жұмыс жасайды. Ал бар кітапхананың бірінде қазақ тіліндегі кітап тапшы болса, бірінде техникалық жабдықтар жоқ. Әлқисса.
Қазір елімізде осы санаттағы жандарға арналған 1 республикалық, 7 облыстық, 4 қалалық арнайы кітапхана және 5 бөлім қызмет көрсетеді. Республика бойынша арнайы кітапханаларға соңғы жылдары тіркелген жанары әлсіз оқырмандар саны – 18 128, зағип оқырмандар саны – 13 545.
Алматы қаласындағы Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың кітап қоры – 249 950 (атауы – 70 468), оның ішінде қазақ тілінде – 33 969 дананы (атауы – 10 836) құрайды. Ал нүктелі-бедерлі қаріптегі әдебиеттер – 55 515 дана (атауы – 6 623) , оның ішінде қазақ тілінде – 1 885 (атауы – 218). Бұдан бөлек, кітапхана қорында нүктелі-бедерлі қаріптегі журналдар, дыбыстандырылған әдебиеттер, бедерлі-графикалық құралдар,электронды ресурстардағы басылымдар, т.б. материалдар бар.
Кітап қоры соңғы кезде мемлекеттік тапсырыс бойынша толықтырылып келеді. Мәселен, 2021 жылы кітапхана қорында 784 атаумен 1 928 дана басылым тіркелген. Одан бөлек мемлекеттік сатып алу бойынша және кітапханаға әртүрлі ұйымдар мен оқырмандар сыйға берген кітаптармен толығады. 2021 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша – 140 дана (қазақ тілінде – 125), мемлекеттік сатып алу бойынша – 478 дана (қазақ тілінде – 196), сыйға берілген кітаптар – 199 дана (қазақ тілінде – 91), кітапхананың «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімінен 246 дана (қазақ тілінде – 173) кітап алынды. Кітапхана өкілінің айтуынша, мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптар отандық «Фолиант» баспасы ЖШС, «Национальная академия наук высшей школы Казахстана» НАН ВШК – Әл-Фараби атындағы Қазақ университеті баспаханаларынан және Ресейдің ИПТК «Логос ВОС», МИПО Репро баспаханаларынан келеді.
Ал оқырман санына келсек, бүгінде арнайы кітапхана қызметін 2 500-ге жуық көзі нашар көретін һәм мүлдем көрмейтін азамат қолданады. Кітапханашылардың айтуынша, оқырмандар түрлі жанрдағы әдебиеттерге қызығады. Негізінен көркем әдебиет, оның ішінде детектив, фантастика, тарихи және махаббат романдары ерекше сұраныста. Абай, М.Әуезов, І.Есенберлин, А.Маринина, Б.Акунин, А.Бушков, С.Шелдон, А.Дюма, Дж.Чейзді келушілер жиі оқиды.
Айта кетейік, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында кітапхананың «Сөйлейтін» және Брайль кітаптарын шығару бөлімінде «Дүниеде сірә, сендей жар жоқ маған» атты дыбыстандырылған кітабы МР3 форматта, нүктелі-бедерлі Брайль қарпінде екі томдық шығармаларының 2-ші томы «Абай» (өлеңдер, аудармалар, поэмалар), М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 3-томы (қазақ және орыс тілдерінде) жарыққа шықты.
Кітапхана өмірінде күрмеулі мәселелер де жоқ емес. Айталық, техникалық жабдықтарды жаңарту, кітап қорын жыл сайын жаңа кітаптармен толықтыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ Ресей елінен тапсырыспен алынатын әдебиеттер, мерзімді басылымдардың сапасы сын көтермей, қайта оқуға жиі жарамсыз болып қалатыны да рас.
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана басшысы Асхат Байұзақов қазақтілді кітаптардың тапшылығы арнайы баспахананың жоқтығынан дейді.
«Кітапханадағы кітап қоры, негізінен Кеңес кезінен қалған кітаптардан тұрады. Тәуелсіздік жылдарынан бері кітап қоры, әсіресе қазақтілді кітаптар тым аз көлемде толықтырылды. Кеңес уақытында Алматы қаласындағы Зағиптар қоғамының арнайы баспаханасы болды. Кейін жекешелендіру науқанына баспахананың ғимараты да ілікті. Содан бері зағип жандарға арналған арнайы кітапханаларға қазақтілді кітаптар басылып шығарылған жоқ. Қазіргі таңда кішігірім баспаханалар бар. Олар жылына тек 15-20 кітап басуға қауқарлы. Алайда бұл баспаханалардың кітап сапасы төмен. Яғни қатты мұқабамен емес, жұқа мұқабамен ғана шығарады», деді кітапхана басшысы.
Сондай-ақ ол алдағы уақытта кітапхана жанынан баспахана ашылуы мүмкін екенін де айтты.
«Былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасына сәйкес кітапхана қызметкерлері Мәскеу мен Ташкент қалаларына баспахана саласында тәжірибе алу үшін барып қайттық. Нәтижесінде, біз биыл министрлікке ұсыныс жібердік. Оның үстіне былтыр Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова кітапхананың жанынан баспахана ашылады деген еді. Осыған орай біз қазір құжаттарын жинап, министрлікке жобасын өткіздік. Егер баспахана ашылатын болса, негізінен сұранысқа сай Брайль жүйесіндегі қазақ тіліндегі көркем әдебиеттер, мектеп оқушыларына арналған оқулықтар, балалар шығармалары басылады», дейді А.Байұзақов.
Кейінгі жылдары Зағиптар қоғамы арнайы кітаптар шығару ісін қолға алғаны белгілі. 2019 жылдан бастап «Жылы ұя» оңалту орталығына қарасты құрылым ретінде арнайы баспахана ашылған. Онда республикадағы арнайы кітапханалардың сұранысы бойынша кітаптар шығарылады. Қоғамдық ұйымның өкілі Гүлбаршын Балғожина баспахана жұмысын кеңейту жоспарда бар екенін айтты.
«Мәселен, 2021 жылы бес кітапхананың тапсырысы бойынша жұмыс жасадық. Яғни былтыр 1 760 түбіртік (Брайль жүйесінде бір кітап бірнеше бөліктен тұрады. Мысалы, жеті кітапқа тапсырыс берілсе, ол 34 кітап болып шығарылады) басылып шықты. Ал қазір 100-ге жуық атаулы кітап дайын. Арнайы кітапханалар өздері таңдап алады. Бүгінде көбінесе қазақтілді кітаптар (көркем әдебиет, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар) шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта баспахананы жеке ұйым ретінде оңалту орталығынан бөлек шығарамыз», деді ол.
Бұл жоба Зағиптар қоғамының қолдауымен ғана іске асып отыр. Ал арнайы кітапханалар мемлекеттік мекеме болғандықтан, кітаптарды сатып алады. Айта кетейік, аталған қоғам мемлекеттік бюджеттен тікелей қаржыландырылмайды. Басқа ұйымдар секілді тендерге қатысып, ақша тауып отыр. Одан бөлек, баспахана жұмысынан түсетін табыс та бар. Мәселен, жайпақ баспалы бір бетті нүктелі-бедерлі қаріпке ауыстыру құны – 220 теңге. Бір кітаптың жалпы сомасы бет санына байланысты. Баспахана былтыр Қызылорда облысындағы арнайы кітапханаға 7 атау – 33 түбіртіктен тұратын кітапты 237 912 теңгеге сатқан.
Еске салайық, былтыр Мәдениет және спорт министрлігі зағип және көзі нашар көретіндерге арналған кітапханалар қоры ұлғайтылатынын айтқан еді. Нақтыласақ, «Министрліктің 2021-2023 жылдарға арналған бюджеттік жоспарында жыл сайын Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханаға Брайль принтері мен Брайльдің портативті тактильді дисплейлерін, материалдық емес активтерді сатып алу үшін және кітапхана қорын толықтыруға тиісті қаражат қарастырылған», деген болатын вице-министр Н.Дәуешов. Аталған құзырлы органның бағдарламасы іске асып жатса, жоғарыда аталған мәселелердің шешілуіне ықпал етер еді. Ел алдында айтылған уәденің орындалуын асыға күтеміз.
P.S. Бұл мақалада зағип жандардың өміріне қатысты барлық мәселе қамтылған жоқ. Олардың кітап оқуынан бөлек әлеуметтік-тұрмыстық ахуалында да күрмеулі тақырыптар жетерлік.