Атауынан әбден зәрезап болған короновирус инфекциясы жер әлемді жайлағаннан бері Шығыс Қазақстанда медицина саласына ерекше көңіл бөліне бастады. Ауруханаларда төсектік орындардың саны артты, заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, дәрігерлер алыс-жақын шетелдерде біліктіліктерін арттырды.
Ұлыбритания, Германия, Жапония, Италия, Польша, Литва, Израиль және Ресейдің жетекші клиникаларында медициналық кадрларды оқыту бағдарламасы 2017 жылдан бері іске асырылып келеді. Дәрігерлер негізінен онкология, кардиология, кардиохирургия, нейрохирургия, медициналық оңалту және гинекология сияқты басым бағыттар бойынша білім алуда.
Соңғы бес жыл ішінде ғана 5 571 медицина қызметкері білімін ұштады. Сонымен қатар 336 дәрігер шетелде біліктілігін арттырған. 2021 жылдың өзінде Израиль, Польша, Ресей клиникаларында 65 маман білім алды. Денсаулық саласына бөлінген қаржы да аз емес. Жалпы, медицинаға 27 млрд теңге бағытталған. Қаржының басым бөлігі коронавирус инфекциясымен күресуге жұмылдырылды.
Вирустың бетін қайтарудағы басты және бірден-бір тиімді күрес – вакциналау екені анық. Осыған орай облыста 343 егу кабинеті ашылған. Ауылда жылжымалы пункттер мен мобильді кешендер ұйымдастырылды. Вакциналау деңгейі бойынша Шығыс Қазақстан облысы еліміздің басқа өңірлері арасында көш бастап тұр.
Өңірде 39 ковидтік бөлімшеде қажетті орын саны толығымен қамтамасыз етілген. Медициналық ұйымдарда дәрілік заттар мен жеке қорғану құралдарының қоры да жеткілікті. 18 компьютерлік томограф, 67 рентген аппараты, 370 өкпені желдету аппараты жұмыс істейді. Ал ПТР тестілеу 20 зертханада жүргізіледі. Соңғы бес жыл ішінде халықаралық стандарттарға сәйкес 3 мыңнан астам заманауи жабдық сатып алынды. Жедел жәрдем автокөліктерінің паркі 216 бірлікке жаңартылды.
Баса айта кетерлігі, радиофармпрепараттар өндіруден бастап радионуклидтік диагностика мен терапия жүргізуге дейінгі толық циклды қамтитын ядролық медициналық орталық іске қосылды. Радионуклидтік терапия бөлімшесі елімізде санаулы ғана. Сондай-ақ облыс орталығында мамология және гинекология реанимациясы бөлімшесінің операциялық блогі жаңғыртылды.
Денсаулық саласына жан-жақты көңіл бөлініп жатқанымен, короновирус инфекциясының таралуы азаяр емес. 28 қаңтардағы есептеуге сүйенсек, өңірде короновирус жұқтырған 451 жағдай тіркелді. Оның ішінде 390 симптомды, 61 симптомсыз жағдай анықталды. Ал стационарларда аталған инфекцияға шалдыққан 311 науқас ем алып жатыр.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демекші, ревакциналау жұмыстары қолға алынғанын айттық. Жуырда облысқа «Спутник-Lite» вакцинасының алғашқы партиясы да келіп түсті. Қазіргі уақытта ресейлік коронавирусқа қарсы препараттың партиясы облыстың медициналық ұйымдарына таратылып жатыр. Жақын арада вакцина барлық емханада халыққа қолжетімді болады. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әсем Сексенова хабарлады.
Еске сала кетсек, «Спутник-Lite» екпесі коронавирусқа қарсы вакциналаудың толық курсынан кейінгі ревакциналауға арналған. Ревакциналау екпе алудың толық курсынан кейін алты айдан соң жүргізіледі. Дәрігерлердің айтуынша, «Спутник-Lite» препаратының құрамы «Спутник-V» екпесінің бірінші компонентіне ұқсас.
– 17 қаңтарға дейін бізге 15-20 адам ғана жүгініп, аталған ауру анықталған. Ал қазір бізге күніне 80-ге жуық науқас келеді. Мобильді бригадалардың қоңыраулары да артты. Сондықтан антиденелердің деңгейі төмендемеуі үшін халықты ревакциналаудан өтуге шақырамын, – дейді амбулаториялық орталықтың жалпы практика дәрігері Іңкәр Мантаева.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Шығыс Қазақстанда 154 мыңнан астам адам ревакциналаудан өткен. Жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакциналау жалғасып жатыр. Осы санатқа жататын 170 мыңнан астам адам Comirnaty Pfizer вакцинасын алды. Бұл ретте препарат 60 жастан асқан адамдар мен медицина қызметкерлеріне ревакциналау үшін қолжетімді.
Өңірде індеттің беті қайтпағандықтан, барлық санитарлық талаптар сақталуға тиіс. Осы уақытқа дейін онлайн форматта оқыған оқушылар 31 қаңтардан бастап, дәстүрлі түрде мектепке баратын болады. Дегенмен сақтық шараларын босаңсытуға болмайды.
Шығыс Қазақстан облысы