• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Наурыз, 2014

Өңірлердің дамуы – елдің даму

815 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Президентінің ел халқына жолдаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында ұзақ мерзімге бағдарланған «Қазақстан-2050» Стратегиясынан туындайтын асқаралы міндеттер және бір сараланып, ел халқы таяу жылдарда іске асыруға тиіс нақты тапсырмалар алға қойылды. Жаңа технологияға, инновацияға, ауыл шаруашылығын жаңаша дамытуға, әлеуметтік салаға қатысты сан алуан мәселелер қамтылған құжатта әлемдегі аса дамыған озық 30 елмен иық теңестіру үшін не істеу керектігі тұжырымдалып, тиісті орындарға бағыт-бағдар берілді. Соның ішінде Жолдауда мемлекеттік билік органдарына қатысты мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру керек­­­тігі, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділет­тілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажеттігі атап көрсетілген. Елбасының осынау жасампаз саясатын заң тұрғысынан сүйемелдеуге Парламент Сенатының депутаттары да, оның ішінде «Өңір» депутаттық тобы да өз үлесін қосуға ұмтылады. Жалпы, Қазақстанның өңірлерін дамыту мәселесінің үнемі Елбасының на­зарын­да екенін, осыған орай Мемлекет басшысының елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіргеннен кейін көп ұзамай-ақ астананың елді өркен­детуде локомотив болуға тиістігі жөнінде айтқан бейнелі сөздерінің бүгінде ақиқатқа айналғанын көріп отырмыз. Күннен күнге көркейе, әсемдене түскен Астанаға қарап бой түзеген Қазақстан өңірлері, облыс орта­лық­тары, қалалар, аудандар серпінді даму үстінде. Әрине, бұған қарап, бізде бәрі тамаша екен ғой деген қорытынды жасаудың жөні жоқ. Өмір болған соң түйткілді мәселелер кездеспей тұрмайды. Демек, сан алуан проблемалар да туындайды. Оның ішінде күрмеуі күрделілері де бар. Атап өткен «Өңір» депутаттық то­бының негізгі мақсаты да Қазақстан өңірлерінің хал­қымен тығыз байланыс­та болып, Елбасының тапсырмаларын орындау барысында ел арасында туындайтын әлеуметтік-экономикалық мәселелерге назар аудару, зәру проблемаларды қажет кезінде жергілікті жерде талқылап, тиісті орындарда мәселенің дұрыс шешілуіне көңіл аудару болып табылады. Сөз ретіне қарай, 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Өңір» депу­­­таттық тобы Сенат депутаттарының ерік­ті түрдегі бірлестігі екенін, оның жұмы­сының басым бағыты Елбасының халыққа жолдауларынан туындайтын тап­сырмаларына сәйкес республика өңір­лерінің дамуына жәрдемдесу болып табылатынын назарға сала кеткіміз келеді. Бұл жәрдемдесудің қай тұрғыда жүргі­зілетінін таратып айтар болсақ, ол – өңірлерді дамыту мәселелеріне қатысты заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, осы бағытта қабылданған қолданыстағы заңнамаға мониторинг жүргізуді және өңірлерді дамыту мәселелері бойынша қоғамдық пікірді зерделеуді, елді және өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту сала­сындағы мемлекеттік саясат жөнінде халықты хабардар етуді, өңірлерді дамыту саласындағы заңнаманың жай-күйіне жұртшылықтың назарын аударуды, Пар­ламент Сенаты жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңеспен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді, респуб­лика мәслихаттарының депутаттарымен ұдайы байланыста болуды, өңірлерді дамытудың барлық мәселелері бойынша Үкіметпен өзара іс-қимыл жасауды және басқа да мәселелерді қамтиды. Әлемдік тәжірибе географиялық орна­ласуының, табиғи-климаттық, демо­гра­фия­лық жағдайының, тарихи дамуы­ның сан алуандығына және басқа да факторларға орай өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің әркелкі болып келетінін көрсетеді. Сондықтан әрбір мемлекет өңір­лердің тұрмыс деңгейін жақсартуға ұмтылады, яғни өңірлердің даму деңгейін арт­тыруға бағытталған өңірлік саясат жүргізеді. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде «Өңір» депутаттық тобы өзі құрылғалы бергі уақыт ішінде өңірлерді дамыту саласындағы заңнаманы жетілдіре түсу және олардың дұрыс әрі біркелкі қолданылуы жөнінде ұсыныстар әзірлеуге бағытталған бірқатар іс-ша­ра­ларға қозғаушы болды. Атап айтқан­да, «Өңір» депутаттық тобының мүше­лері ел Үкіметіне, орталық мемле­кеттік органдарға жолдаған өздері­нің сауалдарында өңірлерді әлеумет­тік-экономикалық дамытудың перспе­к­тивалық мәселелерін, оның ішінде білім берудің, денсаулық сақтаудың, комму­­налдық меншіктің, жергілікті өзін өзі басқарудың жай-күйін, ауылды ауыз-сумен қамтамасыз етудің барысын, балалар үйлеріне қамқорлықтың жағда­йын, сондай-ақ, облыстар мен аудан­дардағы, қалалар мен ауылдардағы елді мекендердің шұғыл шешуді талап ететін және басқа да мәселелерін көтереді. Әдетте депутаттық сауалдарда ай­тылған мәселелерді Үкімет зерделейді, көптеген сауалдар қолдау тауып, оларда көтерілген мәселелер бойынша шаралар қабылданып жатады. Бұдан Үкіметтің депутаттық сауалдарға сергек қарайтыны байқалады. Осыған байланысты бір ғана мысал келтірейік. Бірер жыл бұрын «Өңір» депутаттық тобы «2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасының іске асырылу барысы туралы» тақырыбына тиісті құзырлы мекемелерді қатыстыра отырып арнайы отырыс өткізіп, онда елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз етуге арналған аталған бағдарламаның орындалу барысындағы кемшіліктер сынға алынып, тиісінше Үкіметке сауал жолданған еді. Осы сауалға орай Үкімет тарапынан алынған жауапта депутаттар сауалында қойылған мәселенің, тиісті органдарға айтылған сынның орынды екені, одан қорытынды шығарылатыны айтылған. Парламент Сенаты жанындағы «Өңір» депутаттық тобының жұмыс жоспарына сәйкес, өңірлерге шығып, жергілікті жерлерде көшпелі отырыстар өткізу дәстүрі қалыптасқан. Халықпен жұмыс істеудің мұндай тәсілінің бір­сы­пыра артықшылықтары бар. Біріншіден, жергілікті жердегі жағдайды өз көзің­мен көріп, танысасың. Екіншіден, тұрғын­дармен кездесу мәселенің анық-қанығын жете түсінуге көмектеседі. Осы­лайша, тиісті орындардың алдына мәселе қою барысында өзің қабылдаған шешімнің дұрыстығына толық сенімді боласың. Соңғы жылдарда қай жағынан алғанда да пайдалы осындай бірнеше көшпелі отырыстар өткізіліп, оларда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты әртүрлі мәселелер көтерілді. Олардың бірі Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту перспективасына, енді бірі Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін дамытудың келешегіне, үшіншісі, жергілікті өзін өзі басқару тұжырымдамасын іске асыруға және бірі халықты жұмыспен қамту мәселесіне арналып жатады. Бұлардың бәрінде де өңір үшін, жалпы, халық үшін шешімін күткен зәру мәселелер қозғалатыны, оларды шешудің жолдары қарастырылып, тиісті орындардың алдына мәселе қойылатыны айтпаса да түсінікті. «Өңір» депутаттық тобы мүшелерінің, облыс әкімдігі қызметкерлерінің, облыс­тың өкілді органдарының, «Нұр Отан» партия­сының, үкіметтік емес ұйым­дардың және оқу орындары өкілдерінің қатысуымен өткен жылдың соңында Алматы облысында болған көшпелі отырыстың мазмұнына қысқаша тоқталып өтейін. Көшпелі отырыс барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының аясында халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатқа қатысты мәселелер кең ауқымда талқыланды. Ең алдымен, елімізде бұл бағытта атқа­рылып жатқан жұмыстар сарапқа салынды. Биліктің заң шығару тармағы мен жергілікті мемлекеттік басқару органдарының осылайша бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып дегендей бірлесе жұмыс істеуі облыстардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан серпінді дамуына қолғабыс жасайтынына сенім білдірілді. Мұнан соң елімізді Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының аясында, соңғы үш жыл ішінде жүзеге асырылған игі істерге шолу жасалып, ішкі жалпы өнімнің өсіміне өндіруші сала ғана емес, өңдеуші саланың да алғаш рет айтарлықтай үлес қосып отырғаны ортаға салынды. Жалпы, бағдарламада белгіленген кәсіп­орындар толықтай пайдалануға берілгенде, 181 мың тұрақты жұмыс орындары пайда болатыны түсіндірілді. Аталған бағдарлама жұмыс істей бастағалы бері республикада өзін өзі жұмыспен қамтып жүргендердің саны 25 мыңға қысқарғаны жеткізілді. Жалпы, жұмыспен қамту мәселесінің Алма­ты облысында жақсы жолға қойылғаны аңғарылады. «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасына былтыр облыстың 5,5 мыңнан астам тұрғыны қатысқан, тағы 4,5 мыңға жуық адам мемле­кетпен әлеуметтік келісімшартқа отырған. Тұтастай алған­да, облыс бойынша бағдар­ламаны іске асыруға 10 миллиардтан астам теңге бөлінген болса, өткен жылы соның 7 миллиарды игеріліпті. Көшпелі отырыс барысындағы кездесу аясында, сондай-ақ, ауыл жастарымен жұмыс, келешегі жоқ ауылдардың тұрғындарын экономикасы дамыған орталықтарға көшіру, облыста кәсіби және техникалық білім беру сапасын арттыру мәселелері талқыға салын­ды. Жұмыссыздық пен кедейлікті азайту, кадрлардың әлеуетін және кәсіп­кер­лердің белсенділігін арттыру жөніндегі міндеттерді іске асыруға ықпал ететін бірқатар нақты ұсыныстар дайындалды. Өңірлермен бірлесіп жүзеге асырылатын мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Соның бірі – респуб­ликаның жергілікті жерлеріндегі мәслихаттармен бірлесіп жүргізілетін жұмыстар көбіне Сенат қабырғасында қабылданатын заңдармен байланысты болып келеді. Атап айтқанда, депутаттық топ өздерінің заңнамалық бастамаларын іске асыру үшін облыстық, аудандық мәслихаттармен ынтымақтастықты жүйелі түрде іске асырады. Мысалы, өткен жылдары «Мемлекеттік мүлік туралы», «Энергия үнемдеу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шаруа (фер­мерлік) қожалықтары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Азаматтық қорғау туралы» және «Жол жүрісі туралы» заң жобалары алдын ала тиісті мәслихаттардың қарауына жіберіліп, пысықталды, пікір алмасулар жүргізілді, мәслихат депутаттары тарапынан айтылған ұсыныстар назарға алынды. Мұның өзі заң сапасын жақсартуға белгілі бір дәрежеде әсерін тигізетінін уақыт дәлелдеп отыр. «Өңір» депутаттық тобы мүшелерінің мәслихаттармен өзара іс-қимылы Сенатта құрылған орган – Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес шеңберінде де жүзеге асырылады. Депутаттық топ мүшелерінің «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау орындарында азаматтарды қабылдауға, олармен бетпе-бет жүздесіп, халықтың көкейкесті мәселелерін шешуге қолдан келгенше қолғабыс жасауға ұмтылатынын айта кеткен жөн. Жергілікті атқарушы органдардың әртүрлі құрылымдарының өкілдері белсене қатысатын партияның қоғамдық қабылдау орындарында жүргізілетін жұмыс, шынтуайтына кел­генде, азаматтардың өзекті проблемаларына ден қойып, тез арада шешім қабылдаудың неғұрлым тиімді нысаны болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында айтылғандай, әлеуметтік саланы дамытудың 2050 жылға дейін бас­ты бағдарлары нақты индикативті цифр­ларда көрсетілген. Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құрылымында орта тап үлесі басым елге айналады. Урбанизацияның жаһандық үрдісіне орай қалалық тұрғындар үлесі барлық халықтың қазіргі 55 пайызынан 70 пайыздай деңгейге дейін өседі. Қа­зақ­станның қалалары мен елді мекен­дерін сапалы жолдар мен көліктің барлық түрі­нің жүрдек бағыттары байланыстырады. Жолдаудың осынау жасампаз жолдарынан біз Қазақстанымыздың, оның өңірлерінің бүгінгіден де зор қарқынмен қарыштап дамығанын көргендей боламыз. Еліміздің өркендеуіне үлес қосу әр азаматтың парызы деп санаймыз. Ермек ЖҰМАБАЕВ, Парламент Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі, «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі.