• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 01 Ақпан, 2022

Сарысу бойлаған сағым жұрт...

1808 рет
көрсетілді

Өлең толқи ма, өзен толқи ма, белгісіз. Себебі өзен бойының шөбі өлең деп отыратын үлкендер. Қазақтың көнеден келе жатқан «шөп те өлең, шөңге де өлең» деген сөзін еске салады. Қыстыгүні өлең шөптің малға жұғымы болмаған соң қазақ жарата бермейді. Өлеңші сөзінің сыры осы жерден ашылады. Көңіл тербеп, жан тебіреніп, көкірекке содан біткен шер толқытып туған сөз өмірдің өзін басқа арнаға бұрып жіберуі мүмкін. Нағыз әдебиеттің сөзі де сол болмақшы.

Тарихта тіршілік қос өзен бойынан басталғаны айтылады. Біздің қазақ даласында да солай. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дейді. Есіл мен Нұра, Еділ мен Жайық, Сыр мен Әму, Шу мен Талас болып кете береді. Осылардың арасында Сарысу ғана жалқы. Мұның өзі екіге бөлінеді. Жақсы Сарысу және Жаман Сарысу. Тағылы, Бұғылы тауларынан түсіп, Жаңаарқа даласына таман екі Сарысу қосылады дейтін. «Ұзын аққан Сарысуды, Өзің жайлап, жағала. Жүйрік пенен жорғаңды, Өзің мініп бағала» деген Шортанбай жыраудың шумақтары көкейді түртеді.

Біздің ұлттың асыл қасиеті деу керек шығар, өзен жағалаған жұрт қайда барса да, туған жерін көкірегіне сыйдырып өзімен бірге ала жүреді. Жыраулар поэзиясындағы Қазтуған Сүйінішұлының «Алаң да алаң, алаң жұрт» деген толғауы­нан бастап жүздеген мысал келтіруге болады ол жайында. Туған жерге, өскен ортасына деген махаббаты бәрінен биік тұрады. Сарысу бойын жағалаған жұртқа келгенде бұл тақырып тереңдей түседі. Сонау тәркілеу жылдары басталғанда Жаңаарқа жеріндегі Сарысудан қоныс аударған қазақтар Жамбыл облысына барып, бұрыннан өздері қыстап жүрген Шудың бір саласына орныққанда, ол жер­лер күні бүгінге Сарысу ауданы аталып кеткен. Жақсы, Жаманды қатар алғанда, бұл – жер бетіндегі үшінші Сарысу. Осыған байланысты жазушы Пернебай Дүйсенбиннің «Үркердей болып көшкен жұрт» атты еңбегі бар. Сарысу бойының тарихы мен әдебиеті, мәдениеті қамтылған деректі еңбек. Өзен бойындағы ел арасындағы аңыз әңгі­мелер, өлең-жырлар мен хикаяттар үздік-создық көшкен елдің суретін елестетпей қоймайды. Осы Сарысуды жайлап, қыста Қаратау, Шу бойына қоныс аударатын қалың ел туралы тағы бір көркем шығарма – Ілия Жақановтың «Ықылас» романы. Ардакүрең ақын Ғалым Жайлыбайдың «Тамакөшкен» поэмасы және бар. Жаңа­арқа, Түгіс­кен топырағынан қазіргі Жам­был облы­сындағы Сарысу ауданын бетке алып, екі ортада аштан қырылған қазақтың азасы туралы соқталы еңбек.

І.Жақановтың «Ықылас» романы ХІХ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың басына дейінгі аралықты қамтиды дегенімізбен, арғы-бергі қазақ күй өнерінен терең сыр шертеді. Домбыра мен қобызды серік еткен күйшілердің тұтас бір дәуірі суреттеледі. Оның ішінде киелі қобыз өнерін тұтқан Алтынбек, Дүкен, Ықылас әулеті, Тәттімбет, Тоқа, Біржан өмірінің көріністері, Қоянды жәрмеңкесінің ызы-қиқы тарихы шығармаға негіз болады. Қорқыт күйлерінен кейін бақсылық сарындар арқылы ғана жалғасып келген қобыз күйлерінің тікелей мұрагері Сарысу мен Шу өзенінің бойынан, Қазанғап тауының етегінен қайта көктеп шыққандай әсерге қалдырады. Ықылас Дүкенұлының туын­дылары, ұстаздары – Жанақ, Шөже ақын­дар, қырғыз қомызшыларының әсері­нен бөлек, сол кездегі ел ішінің қат-қабат оқиғалары, халықтың тұрмысы турасында кеңінен толғайды автор. Әсіресе шығарма этнографияға бай. Ықылас күйшінің атасы Алтынбек шебердің, Алтынбек зергердің қобыз жасаудағы мәнері кімді де болсын қызықтырмай қоймасы анық.

«Осыдан үш жыл бұрын әкесі кеш күзде Тоқмоқ базарынан оралғанда, екі түйеге теңдеп бұж-бұж безі бар діңгектер әкелді. Ел Шу бойында Қуаралда қыстауда отырған-ды.

 – Ойбай-ау, бар олжаң осы қу ағаш па? – деді біреулер.

Бұл жапырағы аршылмаған аршаның екі жағына баттастыра лай жағып, төбесі жабық шым қораның ортасына сек­сеуілдің үстіне айқастыра қалап, қораның түкпірінен жел гулейтін тесік жасап, бір жыл қозғамады. Келесі жылы діңгектердің қабығын сыпырып, тағы бір жыл сақтады. Үшінші жылы атасы мен әкесі жуан тоқпақпен құлаштай сілтеп, діңгектерді жеке-жеке ұрып көрді.

– Жоқ. Үні әлі маңқа. Кепкен жоқ.

Сол жылы күзде олар діңгекті екі рет ұрып тексерді де: «Құдай қаласа ел Арқаға шыққан соң шабамыз», деді».

Сонау қырғыз даласынан қобыз шабуға арнайы әкелген арша Шу бойында үш жыл бапталған. Оны Арқаға апарып бір-ақ шаба бастайды. Әбден кепкен аршаны қырнап жонып, майын алғаны бір хикая. Сексеуілдің шоғын басып, шанаққа ыстық күл салып отырып ысқылағаны, аршаның майын, сөлін, желімін алғаны егжей-тегжейлі суреттеледі. Шанақтың бетіне керіп қондыратын көнді баптағаны бір әңгіме. Қобыздың қылын қандай жыл­қыдан алу керектігі, түп тиек пен бас­тырма тиекке қандай ағаш жаратылатынын – бәрі-бәрін үтір, нүктесіне шейін кө­зі­нен тізіп берген. Бір қобыз шауып, әдіп­теп жасап шығуға 4 жылдай уақыт жұм­сағанын көреміз. Қобыз жасаудың мұн­дай тәсілі қазір қолданылмауы да мүм­кін шығар. Алайда киелі өнердің о бас­тағы ұстыны осылай әдебиетте тұ­руға тиіс деп ойлаймыз. Романдағы қо­быз күйлерінің шығу тарихы, ел арасына таралған аңыздарының әрқайсысы маңыз­ды, әсіресе өнер адамдары көз майын тауысып оқитын еңбек. Ал қазақ өнерінде Қорқыттан кейін аталатын Ықы­лас Дүкен­ұлының өмірі кімге қызық емес?

Қазақ еркінен айырыла бастады деме­сеңіз, «Ықылас» романының уақыты ел ішінің тыныш кезі. Ұзын өріс тарыла бастаған, бірақ. ХХ ғасыр басындағы дүрбелеңнің алды. Сол дүрбелеңге тап болған Сарысу мен Шуды жағалаған қалың елдің басына түскен ұлы нәубетті Ғалым Жайлыбайдың «Тамакөшкен» поэмасынан оқығанда, шыбын жаның шырқырайды. Сарысудан Әулиеатаны бетке алған ел Бетпақ даласында қырылып қалғаны туралы тарихи деректер де бар. «Арып-ашқан ел 1932 жылы қарашаның 24 жұлдызында Әулиеатаны бетке алып босты. Аштықтан, жұттан қырылған елдің Шабақты өзенінің бойына, Байқадамға жеткені 500-дей түтін ғана. Ал Сарысу өзені бойынан кеткен ел екі жарым мыңнан аса шаңырақ болатын» делінеді. Поэманы парақтағанда осы қасірет пен азаның сарыны жырдың күйі болып құлаққа келеді. «Жырдан аштықта қырылған қазақтың қасіретті көз жасы көлдей боп төгіліп, Сәкендердің өзегінде кеткен өкініш пен өксік көкіректі сыздатады. Ыршыған шумақтарының әр жолынан Сайдалы Сары Тоқаның мұңды сарыны еседі» дейтіні сондықтан болса керек Серік Ақсұңқарұлының.

1928 жылдары мал-мүлкі тәркіленген байлардың арасында қобызшы Ықылас Дүкенұлының баласы шақа Түсіпбек те бар болатын. І.Жақановтың «Ықылас» романында Ықыластың атасы Алтынбектің «Сарысу бойы бізге жерұйық болды, балам. Басқа ешқайда барғымыз келмейді» дейтін мекенінен түп көтеріліп көшуі де сол тәркілеуге байланысты еді. Демек Бетпақта шұбырып қырылған елдің ішінде бұл кісілердің де ұрпақтары болуы кәдік.

Сәкен Сейфуллин «Бетпақтың көлде­неңі сегіз көштік, сайланып қыс ішінде талай көштік. Азамат, ат пен айғыр, атан ғана, шыдар деп қоста отырып, талай дестік» демей ме? Сайланып көшкен адам атан белін талдырып зорға еңсеретін сахара аш-арыққа ажал апаны емей не болсын? «Арқадан босқан Тама, Тарақтының Шу бойына аман жеткені 1934 жылғы санақ бойынша 4 мыңға жетер-жетпес. Шұбырған 15 мыңға жуық халықтың қалғаны Бетпақтың бедерсіз белінде аштан қырылған» дейді екен өлкетанушы Жақсыбай Сүлейменов.

Адам ашыққанда бойынан күш кеткені былай тұрсын, кісі танудан қалады. Есі ауысқанның әрекетін жасай бастайты­­нын бұрын да естігенбіз. Сондай көріністер жырда да көрініс тауып отырады. «Тама­көшкен» поэмасында Айман атты жесір әйел­дің жалғыз ұлы Нәсір жолда ауыра бас­тайды. Оны байқаған адамжегішке ай­нал­ған аш-арықтар тұс-тұсынан торуыл­дайды.

«Татығаны-ай сол күні ғалам кермек,

Енді қандай бұл Айман амал көрмек.

...Бір құбыжық таянды түске қарай –

Мына бала ауырған, маған бер, – деп.

Болса-дағы рухың аса мықты,

Аспан! Сонда көзіңнен жас ағыпты.

Мынау құзғын ұлының етін жемек

Алғаш рет көргені аш-арықты...

Сол бір күнді атқан жоқ қарғыс әлі,

Айман сорлы қападан қан құсады.

...Екеуінің соңына ілесіп ап –

Адамжегіш аш-арық аңдысады.

Тұла бойын адамның түршіктіріп,

Сәл аялдап, содан соң ыршып тұрып.

Жалғыз ұлы Нәсірін Айман сонда

Қарасуға батырды тұншықтырып..

Жапалаққа айтады жар, құз әнін,

Жел естіді Ананың таңғы зарын.

Содан бері Айманның дерегі жоқ –

Мен де жырға қоспаймын

арғы жағын...»

Сарысуды жағалаған жұрт тарихы­ның әдебиеттегі бір көрінісі осындай.