Маңғыстау облысындағы Өзен кен орнынан жан-жақты барлау барысында жаңа мұнай шоғыры табылды. Осының нәтижесінде шығарылатын мұнай қорының өсімі 39,9 млн тоннаны құрайды.
Көмірсутек қорының өсімі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ экономикалық көрсеткіштеріне елеулі әсер етеді.
2017 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС және «Ақтау қаласындағы ҚМГ Инжиниринг» филиалының геологтер тобы Өзен кен орнын жете барлаудың егжей-тегжейлі бағдарламасына бастамашы болды. Осы бағдарлама шеңберінде 2017-2021 жылдары ішінде жоғары көрсеткішті сейсмобарлау 3D түсірілімі (368 шаршы шақырым) жүргізілді, барлық ұңғыма қорына қайта талдау жасалды (7 500-ден астам), геологиялық тұжырымдамасы қайта қаралды және геологиялық 3D-үлгісі қайта құрастырылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кен орнының құрылымы нақтыланды және жаңа мұнай шоғыры табылды. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша Өзен кен орнының мұнай қоры 8%-ға ұлғайды, бұл өз кезегінде шығарылатын қордың 39,9 млн тоннасын құрап отыр.
Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссиясы көмірсутектің нақтыланған көлемін 2021 жылдың соңында балансына қабылдады.
Қазіргі уақытта жаңа қорды есепке алу және оларды өндіруді жоспарлау мақсатында кен орынды игеру жобасына түзету енгізілуде.
Айта кетелік, «Өзенмұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100 пайыз еншілес компаниясы. 2020 жылы кәсіпорынға Қазақстандағы мұнай және газ конденсатын өндіру құрылымында 6%-ы тиесілі болды. Кәсіпорын Маңғыстау облысындағы Өзен және Қарамандыбас кен орындарында мұнай және газ конденсатын өндіреді.
Өзен кен орны – Қазақстан Республикасында ғана емес, сонымен қатар әлем бойынша бірегей бастапқы геологиялық қоры бар ең ірі кен орындарының бірі. Бұл құрылымы күрделі көпқабатты кен орны, оның мұнай мен газ шоғырлары юра-бор шөгінділерінің терригендік бөлінісінде орналасқан.