Нұр-Сұлтан қаласының 2022 жылғы нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 665 млрд 508 млн теңге. Бұл туралы қаланың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев қоғамдық кеңес өкілдерінің алдында айтты, деп жазады Egemen.kz.
«Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасына коммуналдық меншікке көлік сатып алуға, Тәуелсіздік, Бейбітшілік және келісім сарайларын ағымдық жөндеуге, жабдықтар сатып алуға қосымша 4 млрд 120 млн теңге көзделіп отыр. Қаржы басқармасына жергілікті атқарушы органның резервіне 8 млрд 626 млн теңге және пайдаланылмаған нысаналы трансферттерді қайтару көзделеді», деген басқарма басшысы қалалық мәслихаттың жылдық шығынына да қосымша қаражат бөлу керектігін айтты.
«Мәслихат аппаратына еңбекақы төлеу қорынан нормативтік-құқықтық актілерді жариялауға және күрделі шығыстарға қосымша 59,4 млн теңге қарастырылды. Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына бизнестің «Бизнестің жол картасы» шеңберіндегі жобаларды субсидиялауға қосымша 2 млрд теңге қарастырылды. Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасына деректері «бұлтты» платформада сақталатын қоғамдық орындарды бейнебақылау жүйесін жалға алуға және қызмет көрсетуге қосымша 537 млн теңге көзделеді», деді Қайсар Маңқараев.
Айта кетейік, аталған бюджет жобасы әлі бекітілген жоқ. Қоғамдық кеңестің құзырына қала бюджетін бекіту өкілеті берілмеген. Кеңес мүшелерінің ұсыныстары мен ескертулері тек консультациялық маңызға ие.