Аса ауыр салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген хорватиялық кәсіпқой боксшы Филип Хргович халықаралық бокс федерациясы ұйымдастырған элиминаторлық жекпе-жекте бақ сынап, IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Александр Усиктің міндетті қарсыласы атануға тырысады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінгі күнге дейін ұйым хорватиялық боксшыға қарсылас іздеумен айналысты. Алайда Луис Ортис, Джозеф Паркер, Тони Йока, Мурат Гасиев, Джо Джойс бастаған көптеген боксшылар хорват оғланымен қолғап түйістіруден бас тартқан болатын. Әйткенмен аса ауыр салмақ дәрежесінде жасындай жарқырап жүрген былғары қолғап шеберіне қарсылас табылған секілді.
Деректерге сенсек, қытайлық Чжан Чжилей Филип Хрговичпен кездесуге келісімін берген көрінеді. Бұл туралы хорватиялық боксшының командасы мәлімдеді.
«Біздің ойымызша жекпе-жек датасы туралы алдағы бір-екі аптада ресми хабарланатын болады. Дәл қазір бәрі ойдағыдай жүріп жатыр. Чжилей шайқасқа келісіп қана қоймай, біз ұсынған қаржылық мәселеге келісімін берді. Ол да өзінің кезегін күткен боксшы екені мәлім. Жеңіске жеткен оғлан әлем чемпионы атағынан басты үміткер болмақ. Екі боксшыны да чемпиондық белдік қызықтыратыны сөзсіз», делінген хабарламада. Филип Хргвовичті қазақстандық бокс жанкүйерлері де жақсы таниды. Ол кезінде қазақстандық «Астана Арландары» командасының намысын қорғаған болатын.