• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Наурыз, 2014

Халықаралық парламент өкілдері бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдайды

316 рет
көрсетілді

Женевада әлем елдерінің парламент өкілдерінің қатысуымен Парламентаралық Одақтың 130-Ассамблеясы өтіп, халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер талқыланды. 150 мемлекеттен келген 1500 делегаттың алдында ядролық қауіпсіздік, тұрақты даму тәуекелдері, парламент құқын қорғауда парламент өкілдерінің рөлі сынды өзекті тақырыптар сөз етілді. Қазақстандық делегацияны Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­матулин бастап барды. ПАО 1889 жылы демократия мен бейбітшілікті нығайту ісіне ықпал ету мақсатында құрылды. Бүгінгі күні құрамында 160 елдің парламенті бар. Біздің мемлекетіміз 1993 жылы мүшелікке енді. ПАО жиыны әлемдік деңгейдегі мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасу мақсатында жылына екі рет тұрақты түрде өтеді. Бұл жолғы форумның ерек­шелігі – осы жылы ПАО қызметіне 125 жыл толды. Ассамблеяға қатысушылар өткенге қорытынды жасап, болашаққа жоспар құрды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығ­матулин «ПАО Ассам­блея­сының 125 жылдығы: демократия мен бейбітшілікті нығайтуда ПАО-ға мүше-парламенттер міндеттемелерін растау» тақы­рыбында сөз сөйледі. Мәжіліс Спикері бүгінгі күні экономикалық, саяси ба­сым­дылығына және географиялық аумағына қарамастан, барлық елдердің тең дәрежеде парла­мен­таралық үнқатысуға қосыла алатынын сөз ете келіп, аталған халықаралық ұйымның маңызына тоқталды. Осы ретте Нұрлан Нығматулин бейбітшілікті нығайту жолында қазақстандық парламентшілердің үлесіне баса назар аударды. – Әріптес-мемлекеттер пар­ламенттерінің және халықаралық парламенттік ұйымдардың тәжі­рибесін ескере отырып, заңна­малық құжаттар қабылдау – Қа­зақ­стандық парламент өкілдерінің ПАО жұмысына белсене араласып жатқандығының нақты нәтижесі, – деді Мәжіліс Төрағасы. Нұрлан Нығматулин Қазақ­станның сыртқы саясатының басым бағыттары туралы сөз еткенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақты даму мен қауіпсіздікке ықпал етуге бағытталған бар­лық бастамаларының өзек­тілі­гін атап өтті. Мәселен, ол, ең алды­мен, ядролық қарусыз­дану және таратпауға арналған жоба­лар, этносаралық және конфессияаралық толерант­тылықтың қазақстандық үлгісі, сондай-ақ, Азияда қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты нығайту жөніндегі кешенді шаралар. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, бұл біздің еліміздің халықаралық қоғамдастық алдындағы жауапкершілігінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Сонымен қатар, біздің мем­ле­ке­тіміздің 2107-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынуы – Қазақстанның бейбітшілікке деген ұстанымының көрсеткіші. Нұрлан Нығматулин сөз соңында: – Осы Ассамблеяға қатысып отырған парламент өкілдері біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көптеген бастамаларына ерекше назар аударды. Соның ішінде, бүгінгі күні, әсіресе, G-global жобасының орны да ерекше, маңызы да өте зор болып отыр. Осының барлығы біздің Президентіміздің халықаралық бастамалары қазіргі заманға сай екенінің тағы бір нақты дәлелі, – деп атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың басшылығымен қол­ға алынып жатқан біздің еліміз­дің маңызды бастамалары халық­аралық парламентшілердің басты назарында. Мәселен, Германия делегациясының жетекшісі, Бундестаг депутаты Аксел Фишер: – Бүгінгі күні Қазақстанның барлық салада қол жеткізіп отыр­ған табыстары, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары айрықша назар аударуға лайықты. Сіздердің елдеріңіз демократия­ны одан әрі дамыту, әлем алдында өз ұстанымын бекіту жолына түсті. Сіздердің көптеген мәселелерді шешу жолындағы тәжірибелеріңіз көп ұлтты қоғам үшін өте қызықты, – деген ойын ортаға салды. ПАО 130-шы Ассамблеясының күн тәртібіне, сондай-ақ, ядро­лық қауіпсіздік, әлеуметтік-саяси, табиғатты қорғау және эко­номикалық басымдықты ескере отырып заманауи жағдайдағы тұрақты даму мен балалар құқығын қорғау, олардың соғыс және жанжалдар кезінде зардап шегуіне жол бермеу мәселелері енгізілді. Алайда, Ассамблеяға қатысу­шылар түрлі жанжалдар кезін­де балалар құқын қорғау жағда­йының тиісті деңгейде еместігіне алаңдаушылық білдірді. Яғни, оларды қарулы қақтығыстарға тарту жағдайлары азаймай отыр. Осыған байланыс­ты пар­­­­­ла­ментшілер балаларды қор­­ғаудың тиімді жүйесін қамтамасыз етуде нақты шаралар қабылдауға уағдаласты. Осы жолда ПАО маңыздылығы өте зор. Швейцария федералдық жиналысы Кантондар кеңесінің Президенті Ханнес Германның айтуынша, Парламентаралық Одақ құрылған сәтінен бастап өзінің өте тиімді үнқатысу алаңы екенін көрсетіп келеді. Біздің басты мақсатымыз – бейбітшілікті, демократияны дамытуға, парламенттер арқылы халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ету. Осы маңызды жұмысқа Қазақстан Президенті, Қазақстан мемлекеті зор үлес қосып отыр. ПАО 130-шы Ассамблеясы аясында Нұрлан Нығматулин Пәкістаннан келген әріптес­тері­мен, сондай-ақ, Швейцария пар­ла­­ментінің қос палатасы төр­аға­ларымен екіжақ­ты кез­десу өткізді. Кездесу­де парла­ментаралық ынты­мақ­тас­тықты ны­ғайту жайы әңгіме өзегіне айналды. Маңызды шара соңында алдағы 4 жылға Парламентаралық Одақтың Бас хатшысы сайланды. Сәулебек БІРЖАН.