Өңір жасыл аймақтың санатына еніп, жол ұзарып, арқамыз кеңіген уақытта көптен қатынаудың сәті түспеген ауылға ат ізін салдық. Жалғыз емеспін, жанымда жолсерік, жоғары білімді жиеншарым бар.
Қарсыз қыста күре жолдың шаңы шығып жатыр екен. Жылдағыдай адымыңды аштырмайтын көктайғақ жоқ. Етпісірім уақытта аңсаған ауылға жетіп жығылдық. Әулетіміздің үлкені Өмір ақсақалдың табалдырығынан аттағанбыз. Көптен көрмеген жамағайын қауқылдап, қуанып қарсы алды. Әуелі ауыл-аймақтың, етжақын ағайын-туыстың амандық-саулығын сұрадық.
– Мына дерттің бітетін күні болады ма екен? – деді ақсақал, – ағайын-туыс бір-бірімен бұрынғыдай емен-жарқын араласа алмай жатбауыр болып бара жатыр. Той-томалақ тиылғалы қашан, тіпті бір-біріміздің жүзімізді көруден қалдық. Сендер де жыл аралатып соғып тұрсыңдар.
Өкпесі орынды. Біз сағынғанымызбен, індет үйден шығармай тұр емес пе? Себебін айтқанбыз.
– Білемін, – деді ақсақал, – әншейін айтып жатқаным ғой. Осы жаман аурудан құтылған күні ақсарбас шалып, құрмалдық беремін.
Бұл уақытта дәм де алдымызға келіп қалған.
– Бауырсаққа май жағып жеңдер, – деді апай, – баяғыдай дәмі тіл үйіретін сары май жоқ, дүкеннің майы. Картопке дейін қаладан алдырамыз.
Жолсерігім ақсақал айтқан ақсарбастың түпкі мәнін түсінбей отыр екен. Әлден соң әңгімеге араласып, мәнін сұрамасы бар ма? Бүгінгінің жайын жақсы білетін қария шамданған жоқ. Жоғары оқу орнын бітіріп, ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген жиеншарға ақсарбастың жақсы тілек жүзеге асқанда құрбандыққа шалынар мал екенін тәптіштеп түсіндірді. Ал мен болсам апай айтқан дастарқан мәзірін қазбаладым. Сөйтсек, ауылдағы келіндер бұрынғыша сиыр сауып, май былғауды біржола қойған екен. Тіпті есіктің алдында бос жатқан бақшаға көкөніс түгіл картоп та екпейді.
– Амалың болса істе, – дейді ақсақал әбден түңіліп кеткен адамша, – келіндер бұзау жақсы жетіледі деп сылтауратады. Келіннің сөзін бала сөйлеген соң көксу ішіп отырған жай бар.
Қайтып келе жатып мен де бір шешімге келдім. Ауылдағы келіндер сиырдың желініне жармасқан күні мен де бір ақсарбас беремін деп іштей атадым.
Көкшетау