• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Білім 04 Ақпан, 2022

Мұқтаж жандардың шығыны өтеледі

339 рет
көрсетілді

Елімізде мұқтаж жандардың жекелеген санаттарының санаторлық-курорттық емделуіне жұмсалатын шығындарын өтеу мәселесі жолға қойылған. Мұндай мемлекеттік әлеуметтік қолдау Қазақстанның әр өңірінде назарға алынады. Соның ішінде елорда тұрғындарына да тиісті қолдау көрсетіліп келеді.

Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқын­даудың қағидаларына сәйкес санаторлық-курорттық емделуге жұмсалған шы­ғын­дарды өтеу түрінде әлеуметтік көмек көзделген. Мұндай әлеуметтік қол­даудың игілігін бірқатар азамат көре алады. Мәселен, оңалтудың жеке бағдарламасында жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін ұсыну бойынша іс-шарасы бар мүгедек балаларды және І топтағы мүгедектерді ертіп жүретін адамдар (жұмыс істеп жүріп мертіккен немесе кәсіптік ауруға шал­дық­қан мүгедектерді қоспағанда).

Әлеуметтік көмек алу үшін азаматтар санаторлық-курортты алғаннан кейін 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей әкімшіге бірқатар құжатты қоса ұсына отырып, өтініш береді. Ондай құжаттардың қатарында жеке басын куәландыратын құжат, шот-фактура немесе фискалды чек; орындалған жұмыстар актісі, екінші деңгейдегі банктегі немесе «Қазпошта» акционерлік қоғамындағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтер бар.

Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқада ұсынылады. Содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады. Санаторлық-курорттық емделуге арналған шығын­дарды өтеу түріндегі әлеуметтік көмек азаматтардың санаторлық-курорт­тық емдеуді ұсынатын ұйымда болған кезе­ңінде бір адамға нақты шығындар мөлшерінде, бірақ 35 АЕК-тен аспайтын мөлшерде беріледі.

Аталған әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Достық көшесі, 13 мекенжайында орна­ласқан қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына хабарласу қажет. Байланыс телефоны: +77785014172.