• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 06 Ақпан, 2022

Тоқшылықтың да аштығы болады

1032 рет
көрсетілді

Ғалымдардың болжауынша, жер шары 12 млрд адамды асырауға қауқарлы. Ал был­тырғы статистика бойынша дүние жү­зін­дегі халық саны 8 млрд-қа жуық­та­ды. Де­мек, енді аз жылда адамзат азық-түлік тап­шылығын тартады деген сөз. Онсыз да қазір жылына миллиондай адам аш­тық­тан қайтыс болады екен.

Гендік инженерия саласының мамандары алдағы 50 жылда дүниежүзі азық-түлік тапшылығын тартуы мүмкін екенін айтады. Өйткені табиғи қор азайып барады. Азық-түлік жасанды жолмен көбейтіліп жатыр. АҚШ, ҚХР сияқты елдердің гендік модификацияланған өнімдерге көбірек ден қоя бастауы да сондықтан. Өйткені бір ағзаның геніне бөгде бір ағзаның генін енгізіп, шағылыстыру арқылы жасалған өнім суыққа үсімейді, ыстыққа бұзылмайды. Демек, жарамдылық мерзімі ұзаққа баратын өнімдерді көп күнге тұтынуға болады. «Махаббат пен аштық әлемді билейді» демекші, осы гендік түрлендірілген өнімдердің әу бастағы мақсаты да адамзатты аштықтан құтқару үшін шығарылған еді.

Тамақ қорын молайту үшін ойлап табылған тәсілді қазір жер шарының бәрі дерлік қолданады. Мұны енді азық-түлік тапшылығын алдын алудың бір қадамы деп түсінуге болады. Қазір көптеген мемлекет тағамды үнемдеуге көшіп жатыр. Мысалы, Франция тамақты далаға тастауға және азық-түлікті жарамдылық мерзімі біткенше ұстап тұруға қатаң тыйым салды. Заң бұзушылар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлейді. Айталық, азық-түлік сататын сауда үйлері мен дүкендер тағамның қолданылу мерзімі бітпей тұрып, мұқтаж жандарға үлестіруі тиіс. Егер өнімнің сыртқы қаптамасына нұқсан келсе де ондай тағамды тегін таратуы керек.

Франция сауда саласындағы мұндай заң қабылдаған алғашқы ел болып отыр. Заң қабылдаушылардың пікіріне қарағанда, мұндай заң кемі 10 млн адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Былтыр Қытай да тамақ қалдығын тас­тағандарға айыппұл салатын заң енгізді. Бұл қадамға олар амалсыз барды. Өйткені қытайлар да қазақтар сияқты аста-төк дас­тарқан жасап, дәмді тамақтанғанды тәуір көреді. Бұл олар үшін – ысырапшылдық емес, байлық пен тоқшылықтың белгісі. Алайда соңында желінбей қалған тамақ қалдықтары қоқысқа тасталады. Жүз миллиондаған ха­лықты қалай асыраймыз деп басы қатқан Қытай билігі 2020 жылдан бастап нақты әрекетке көшті. Өйткені дәл пандемия кезінде азық-түлікті үнемдеу, ысырапшылдыққа бой алдырмау аса маңызды еді. Осыған байланысты мейрамханалар мен дәмханаларда арнайы акциялар өтті. Қоғамдық орындарға тамақтануға келгендерді тамаққа азырақ тапсырыс беруге үгіттеу басталды. Қытай даяшылары меймандардан бұрынғыдай «тағы қандай тағамға тапсырыс бересіз?», деп емес, «Мүмкін, бұл тапсырғаныңыз да жеткілікті болар...», деп сұрайтын болды. Осылайша, тамақты ысырап ететіндерге қарсы арнайы заң қабылданып, құжат былтыр сәуір айында күшіне енді.

Азық-түлікті үнемдеу үшін Қазақстанда да мұндай айыппұл түрін енгізу керек шығар, бәлкім. Әсіресе, қалалықтар тамақты көп ысырап етеді. Қоқыс жәшігіне тасталып, жерде шашылып жататын тамақ қалдықтары – соның көрінісі. Бұрын әжелеріміз «обал болады» деп нан қоқымына дейін тастатқыз­бай­тын. Жерде тағам қалдығы шашылып жатса, «тоқшылықтың да бір аштығы болады, жерге тастаушы болмаңдар», деп аяқ астынан алып, жоғары қойып жататыны есімізде. Қазіргі үлкендер балаларына, неме­ре­леріне сол жақсы қасиетті үйрете ме екен?!

Ислам дінінде де ысырапшылдықты құп көрмейді. «Ішіңдер, жеңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер», делінген шариғатта.

Қазақ – болмысынан қонақжай халық. Бір қонақ келсе, барымызды аузына тосып, аста-төк дастарқан жасаймыз. Халқымыз артылған тағамды тастамаудың да жолын ойластырып қойған. Мысалы, сарқыт беру дәстүрі содан қалған. Бұл – үйдің дәмінен ауыз тисін деген сыйластық қана емес, ысырап болмасын деген ниет те. Ал қазір сол қонақжайлығымыздың соңы ысырапшылдыққа ұласып жатыр. Сондықтан қазақстандықтарды тамақты қалай болса солай тастамау, азық-түлікті үнемдеуге үгіттейтін арнайы шаралар, акциялар қажет-ау. Қаншама тамақты обалды қылып қоқысқа апарып тастайтындарға айыппұл қарастырылса да артық емес.