Әрбір нажағайдың жарқылы ақынның жүрегінен өтетінін Гете ертеректе болжаған. Әрі сол ойы ақиқатпен астасарын білген де шығар, жарықтық! Әйтпесе дәл осы сезімді қазақтың ғажайып ақыны Жұмекен Нәжімеденов қыл бұрауын келтіре жырламас па еді, тәйірі. Есіңізге түссе, «Көк дарбаза алдындағы қарт» деген өлеңінде өткен-кеткеннің бәрінен сәлем күтетін қарияның бейнесі көз алдыңызға келуі тиіс. Ойлап көріңізші, жұрттың бәрін өзіндей аңқылдақ, өзіндей ақжайнақ көретін ауыл қазағының сәлемі қандай болуы керек еді? Оның қайтарымы ше?
Қызығы, осы мақаланы жазбас бұрын, неге екенін қайдам, Есенқұл Жақыпбектің: «Аға деп барсам ағама, ағаның көңілі көкте жүр. Бауыр деп барсам, бауырға, бауыры оның көк темір», деген сөзі еске түскені бар. Бұл сөзді, қайран Есенқұл неге айтты екен деп те түсінік тілемейсіз: бәрі жатық, бәрі анық. Аман-сәлемнен қалған қоғамның рухани азып-тозған міскін хәлі де дәл осылай болар ма еді, кім біліпті?! Әйтеуір, іні ағаға, аға тиісінше ініге ізет-құрметін – інжу сезімін жоғалтқан бүгінгі қоғамда көп адамның осы күйді кешкені де рас.
Енді мың жүректің қылын шерткен Мұхаңнан, ақиық Мұқағалидан да бір лепес тыңдап көрелік. Бақсаңыз, ақиық ақынның да бір өлеңінде қоғамға кейіп: «Бағамын деп әркімнің қас-қабағын, Балам қабақ шытса да жасқанамын. Сәлемімді біреулер алмай кетсе, Екі иығым салбырап, пәс қаламын», дейтіні бар. Тағы да ой түбіне кетесіз. Қазақ неге сонша осы бір жалғыз ауыз сөзге бір жұтым ауадай зәру болды екен деп ойлайсыз сосын.
Сөйтсек, «сәлем» сөзінің өзі Жаратушы жалғыз жаппар иеміз – Алланың үйреткен сөзі екен. Мәселен, сіз білетіндей «Ас-Сәләм» – Алла тағаланың көркем есімдерінің бірі. Дін ғалымдарының айтуынша, Әбу Хурайраның (р.а.) риуаят етуі бойынша пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағала Адам атаны жаратқан кезде: «Бар анау отырған періштелерге сәлем бер. Сәлеміңе қалай жауап беретіндігін тыңда. Себебі олардың қайтарған сәлемі сенің және балаларыңның сәлемі болады», деп бұйырады. Сол сәтте Адам ата періштелерге барып: «Әс-Сәләму ғалейкум», дейді. Періштелер де: «Әс-Сәләму ғалайка уа рахматуллаһ», деп сәлем қайтарады» деген.
Міне, осы мысалдан-ақ Алла тағаланың бізге қалай сәлемдесу керектігін үйреткенін байқайсыз. Сондай-ақ Алла тағала қасиетті Құранда: «Қашан сендерге сәлем берілсе, одан жақсырақ немесе соның өзін қайтарыңдар!» («Ниса» сүресі, 86-аят), деп бұйырады.
Демек, сәлем – адамзатқа Алладан бұйырған мол ризық деген сөз. Әрі біз келтіргендей мысал-дәйектің Құранда молынан кездесетінін көзі ашық оқырман білсе керек. Бәрінде де адамдар ара ізет пен ілтипаттық қалыптың өзара бауырластырушы фактор екені түсіндіріледі. Ал қазақта: «Сәлем – сөздің анасы» деген аталы сөз бар. Біздіңше, осы бір адами құндылықтың шексіз сөздің анасына айналуының бастауында Жаратушының қасиеті жатса керек. Сол себепті де атам қазақ «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деп өнеге етпеді ме?! Бұл да болса асыл дініміз Исламның дәстүрмен тіндесе, сіңісе түсіп, рухани жан дүниеміздің азығына айналғанының куәсі іспетті.
Ислам демекші, атақты Ислам ғұламасы, аңызға айналған тұлға Мәшһүр Жүсіптің: «Біздерге сәлем беру болды – сүннет, Пайғамбар сүннетін тұт, болсаң үмбет», деп өсиет қалдыруының өзі тегін болмаса керек.
Ол ол ма, арғы тарихқа үңілсеңіз де сәлем туралы үлгіге ұстын етер дерек көп. Соның бірі – Жүсіп Баласағұн бабамыздан қалған сөз. Ол онда: «Сәлем жолы – есендіктен адамға, Сәлем бердің, саулық бердің – оларға. Игі тілек танытқанға мейірім, Алла сыйлар деннің саулық, хайырын», деп жырлайды.
Ғұлама мұнда сәлем берудің – жақыныңа саулық, нақтырақ айтқанда, дін амандық, тыныштық тілеу екенін, яғни сол тілекті қабыл етушінің тағы жалғыз Жаратушы екенін меңзейді. Бұдан шығатын қорытынды, адамдар арасында ізгіліктің қанат жаюы үшін де сәлем берудің қажеттігі расталады.
Осы ретте «сәлем қалай берілу керек?» деген заңды сауалдың туындайтыны рас. Бұл ретте жасы кіші адамның өзінен үлкен кісіге бірінші болып сәлем беретіні анық. Бұл жайында үлкендеріміздің ұлық бір әдебі еске түседі осындайда. «Пәленшенің пәленше туысы ауырып қалыпты, соған амандасып қайталық» дейтін. Сіздіңше бұдан не түюге болады? Әрине, сырқат адамға сау кісі бірінші амандасуы керектігін байқайсыз.
Оны айтамыз-ау, қазақтың сәлемге берік, әдепке жүйрік болғаны сонша, атты адамның жаяу адамға бірінші болып амандасуы міндеттелген. Атты адам дегенде, бүгінгі «темір тұлпарын» құйғыта келіп, сәлемнің сарқытын да татырмай одыраңдап өтер көп дөкейдің баласы еске түспей ме?! Басып-қағып кетпегеніне тәубе деп отырған қарияны көресің сосын.
Келесі бір жосынның жосығын атақты Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» байқауға болады. Онда қару-жарақ асынған адамның, тіпті сол адам мінген аттың өзінің ерекше құрметке лайықталғаны айтылады. Яғни мұндай адамдарға қарапайым жұрт бірінші салем беруі тиіс. Мұны да сіз қазақтың көшпелі жаугершілік өмірде бұл өздерін қорғаушы сардар-сарбаздарға деген құрметінен туындаған қасиеті деп біліңіз.
Енді сәлем берудің әдебі туралы аз-кем тоқталып өтсек. Қазақтың байырғы түсінігі бойынша, қол беріп амандасудың да өз алабөтен себебі бар. Өйткені бұл қағидатты түсіну үшін екі адам қол алысып амандасқанда сол сәттегі адамның тұтас эмоциясы сөзбен қатар, тері арқылы да білінетінін еске алсаңыз жеткілікті. Яки сіз оның өзіңізге деген көзқарасын жазбай танисыз деген сөз. Мысалы, қазақта «сылбыр амандасу» деген бар. Оның мәні – қолын жай ғана бос ұсынып, қарсы жағына мән бермей амандасуы дегенді білдіргені.
Осы себепті де үлкендеріміз қашанда қолды қысыңқырап, жанның жылуын өткізе отырып амандасыңдар дейтұғын. Егер біреудің амандасқаны жақпаса «қайсыбіреудің баласы құсап амандаспаңдар, үсіген тауықтың аяғы сияқты сап-салқын» дейтін тағы...
Иә, сәлем туралы ойды ой қозғағанда бүгініңе де зер салып, ертеңіңмен алаң күй кешетінің бар. Кешегі әкелердің көршісінің өзімен жыл көрмеген туысындай төс қағыстырып амандасуы, әжелердің бала біткенді айналып-толғанып көзден сүйіп амандасуы, иә болмаса, аталардың қыздарының маңдайынан ғана иіскеп амандасуы бар ма бүгін?.. Есесіне, үлкен бе, кіші ме, айырғысыз беттен «шолп-шолп» еткізіп сүю бар. Міне, біздің әдебіміздің «сарқыты». Бары осы. Ал оған кім кінәлі еді?!