Шайбалы хоккейден елорданың «Барысы» өнер көрсететін Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) биылғы маусымы мерзімінен бұрын аяқталды. Бейжіңдегі Олимпия ойындарына байланысты уақытша тоқтатылған турнир одан әрі жалғаспайтын болды. Бұл туралы сенбі күні тұрақты біріншіліктің президенті Алексей Морозов мәлімдеді.
– Шайбалы хоккей жанкүйерлері төрт жылдан бері тағатсыздана күткен Олимпия ойындарындағы хоккей бәсекелерін тамашалауда. Ал біз осы үзілісті тиімді пайдаланып, ҚХЛ-дың маңызды бөлігін өткізуге дайындалып жатырмыз. Өздеріңізге белгілі, қаңтар айында көп команда ойыншыларынан коронавирус табылып, бірқатар матчты кейінге шегеріп, ойындарды мерзімінен бұрын тоқтатуға мәжбүр болған едік. Бірер күн бұрын ҚХЛ-дың директорлар кеңесі Ресей хоккей федерациясының басшылығымен келісе отырып, тұрақты біріншілік командалары мен жанкүйерлеріне ыңғайлы болу үшін биылғы маусымды мерзімінен бұрын аяқтауға шешім қабылдады. Ал наурыз айынан бастап Гагарин кубогы жолындағы плей-офф бәсекелері жалғасады.
ҚХЛ президенті Алексей Морозов тұрақты біріншіліктің мерзімінен бұрын аяқталуына бірнеше себеп әсер еткенін айтады. Әрине, оның ең алғашқысы екі жылдан бері жалғасып келе жатқан коронавирус пандемиясы. Чемпионаттың қалған матчтарында да ойыншылардың індет жұқтыру қаупі бар екенін ескеріп, жарысты тоқтатқан.
– Гагарин кубогы бәсекелері басталғанға дейін барлық команданың ойыншылары өз командаларында карантинге жатқызылады. Ал плей-офф ойындары күнара өткізіледі. Яғни жарыстың алғашқы күні «Батыс» және «Шығыс» конференциясының екі-екі командасы, араға бір күн салып қалған клубтар мұзайдынға шығады. Арадағы бір күндік демалыс індетке шалдыққан ойыншылардың орнына басқа хоккейшілерді қосуға мүмкіндік береді.
– Лига тұрақты чемпионаттың нәтижелерін ескере отырып, плей-оффқа шыққан командаларды анықтау мақсатында түрлі нұсқаларды қарастырды. Бұл жерде ең маңыздысы – көп ойын өткізген және аз матчқа қатысқан командаларға бірдей мүмкіндік беру болды. Сөйтіп соңында баршаға ортақ бір нұсқаға тоқталдық. Яғни командалардың жинаған ұпай сандарының пайызына қарай үздік 16 команданы анықтап алдық. Бұл нәтижелерді бекітудің танымал және әлемдік дәлелденген тәжірибесі. Мұны шетелде де, Ресейде де қолданады.
Тұрақты біріншілік ойындары уақытша тоқтағанға дейін, елорданың «Барысы» чемпионаттың «Шығыс» конференциясындағы турнир кестесінде 8-орынға тұрақтаған болатын. Жерлестеріміздің еншісінде 47 матчтан кейін 48 ұпай бар. «Барыс» осы нәтижесінің арқасында плей-офф кезеңіне тікелей жолдама алады. Қазақстандық команда Гагарин жолындағы кубоктың алғашқы ойынын «Шығыс» конференциясындағы турнир кестесінде бірінші орында тұрған «Металлург» командасымен кездеседі. Матч 1 наурыз күні Магнитогорскіде өтеді.
Айта кетейік, Бейжіңде өтіп жатқан Қысқы Олимпия ойындарының хоккей бәсекелерінде ҚХЛ-дың 22 клубында өнер көрсететін 120 хоккейші өз құрамаларында бақ сынап жатыр. Ресей мен Қытай құрамаларының түгелі дерлік ҚХЛ ойыншыларынан жасақталған. Ал Латвия, Чехия және Финляндия командаларының жартысына жуығы ҚХЛ-да ойнайтын хоккейшілер.