Соңғы кезде БАҚ-та немесе блогерлердің жазбаларында «газлайтинг» және «абьюз» терминдері жиi пайдаланылады, бірақ оның мағынасын жазып отырғандардың өзі де толық түсіне бермейді.
Алайда әңгіме – бұл туралы емес. Мәселе ақпанның жаңа аптасында елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетуге бейім адамдардың есепке алынғаны туралы ақпараттан туып отыр.
әлімжеттіктің туындауына жиі әкеліп соғатын себеп әлеуметтік жағдайдың нашарлығы мен құқықтық сауаттылықтың төмендігі. Мемлекет басшысы аталған мәселені жою мақсатында тиімді шара қолдануды тапсырды. Осы орайда Ішкі істер министрлігі «Тұрмыс» жедел профилактикалық шарасын өткізді. Жергілікті әкімдік, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары мен әлеуметтік мекемелердің сенім телефоны іске қосылды. Нәтижесінде, 800 тұрмысы нашар отбасы анықталып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейім 2,5 мың адам есепке алынды», деді ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
ІІМ ұсынған мәліметке сүйенсек, аталған шара барысында 14 құқық бұзушы әкімшілік жауапқа тартылған. Оның ішінде күш көрсету, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарау және ішімдікке салыну жайттары бар. 400 азаматтан қолхат алынды. Бұған қоса отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 400 іс сотқа жіберілді. Сонымен қатар зорлық көрген және зардап шеккен жандарға психологиялық-әлеуметтік көмек қолдау көрсетілді.
Алайда озбырлықтың түрі көп: жұртты ауру қылып, кесел жамап жүрген қызметтегі түсініспеушілік, отбасындағы күйзеліс, адамдардың өзін өзі таба алмауы. Ал осыған септесетін өз жақындарынан көрген қиянатты ішіне жұтып жүргендер қаншама?! Ал сөз басындағы «газлайтинг» немесе «абьюз» терминдерінің түбіне үңілсек, қазақтар мұны қысқа ғана озбыр деген ғой.
«Абьюздiк қарым-қатынас – бұл жәбірленушіге психологиялық немесе физикалық зорлық көрсететін қарым-қатынас. Газлайтинг – қиянат жасаудың ерекше күрделі түрі, себебі осындай психологиялық қысымның әсерінен жәбірленуші өзінің санасына, жадына, сезіміне де сенуден қалады», дейді Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.
Енді «газлайтингтің» нақты өмірде қалай болатынын көрейік. Мәселен, көп жағдайда әке-шешенің өзі де өктемдігімен, психологиялық тұрғыда туған баласын жерге таптап жүргенін түсіне бермейді. «Сенің басың істемейді», «негізі сенің ойың дұрыс емес, түк ұқпайсың», «бұл тек саған солай көрінеді», «қолыңнан түк келмейді», «хоббиiң маңызды емес», «ешқандай қабілетің жоқ», «саған ешкім тиіскен жоқ, бәрін өзің ойлап таптың», «сен соншалықты олақсың», «барып тұрған бұзықсың», «мен болмасам құритын едің»... Міне, бұл – әке-шеше мен балалардың арасындағы абьюздiк қарым-қатынас.
Ал ерлі-зайыптылардың арасындағы сөзбен қажау, үнемі жерге тығып, айыпты етіп отырудың да түбі жақсылыққа апармайды. «Осы сенің қолыңнан не келеді?», «саған айтып отырмаса болмайды», «қолыңда ақша тұрмайды, қаражат ұстай алмайсың», «мен болмасам күніңді қалай көрер едің», «мына түріңмен мен болмасам саған кім қарайтын еді», «саған оқу дарымаған», «тегің жарымаған...» дегендей тоқтаусыз миды «шұқылай» беру де адамның өзін өзі жоғалтуы үшін жеткілікті.
Ең қызығы, газлайтинг пен абьюздiк қарым-қатынас достардың арасында да кездесе береді. «Сенiң осындай жағымсыз мiнезiң бар», «мен ғана саған шыдай аламын», «алып бара жатқан түрің жоқ», «менсіз ештеңені шеше алмайсың», «тек менің арқамда сен лайықты болып көрiнесiң», «егер мен болмасам, сен өзіңнің не істейтініңді ешқашан болжай алмайсың», деп ұдайы досыңды сөгіп отыру да оны торықтыра келе, өзіне сенбейтін жағдайға жеткізіп, жүйкесіне айықпас салмақ салады.
Адамды дертке шалдықтыратын мұндай өктемдік пен психологиялық озбырлық бизнестегі әріптестер, басшы мен қызметкерлер арасында да бар. Егер атқарып жатқан ісіңізді үнемі жоққа шығарып, өз ойыңызды айтқызбаса, жиналыста көзқарасыңызды білдіргеніңіз үшін жазаланатын болсаңыз, онда ойлануға тура келеді. Мейлі, отбасындағы озбырлық, жақындарыңыздың әлімжеттігі, қызмет барысындағы өктемдік болсын, сізді мүжіп, денсаулығыңызды құртып, өмір сүруге, дос болуға, жұмыс істеуге деген құлшынысыңызды құртып жатса, бұл «құдықтан» шығуды ойластырған жөн болар.