Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі халықаралық одақ 4 ақпанды қатерлі ісікке қарсы күрес күні ретінде белгілеген болатын. Жуырда аталған күннің аясында елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының клиникалық-диагностикалық орталығында асқазан ісік алды аурулары мен асқазан обырын анықтауға арналған Ашық есік күні өтті. Медицина қызметкерлерінің мұндағы мақсаты – аталған ауруларды алғашқы сатысында анықтау.
Онколог ғалымдардың болжауы бойынша, обыр дертімен ауыратын адамдардың саны жыл сайын артуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда онкологияның жыл сайын 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Бүгінде диспансерлік есепте 190 мыңға жуық қазақстандық тұр. Елімізде ең көп таралған обыр түрлері – сүт безі обыры, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны обыры және колоректалды қатерлі ісік аурулары. Обыр дерті бойынша статистикалық деректерге сәйкес, 2020 жылы ел аумағында тері обырын есептемегенде қатерлі ісіктердің алғаш рет анықталған 29 701 жаңа жағдайы тіркелді. 2019 жылы бұл көрсеткіш 32 573 болған еді. Соның ішінде гастроэнтерологиялық аурулар бойынша абсолюттік саны: өңеш обыры – 1 082, асқазан обыры – 2 497, тоқ ішек обыры – 1 645, бауыр обыры – 861, ұйқы безі обыры – 1 143.
– Ұлттық ғылыми онкология орталығы жыл сайын жұмыс жоспарын әзірлейді. Ай сайын әртүрлі іс-шараларды өткізуге тырысамыз. Себебі онкологиялық ауруларға шалдыққан адамдардың саны күн сайын артып келеді. Өкінішке қарай, науқастардың басым көпшілігі дәл осы дертке шалдыққанын білмейді. Ондай аурулар көп жағдайда осындай ашық есік күндері анықталып жатады. Ашық есік күнінің мақсаты – осы. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын ғана емес, Қазақстанның қай өңірінен болсын ат басын бұрған адамдарды қабылдауға дайынбыз. Онкологиялық аурулар алғашқы сатысында анықталған болса, емге де көнеді, – деді Ұлттық ғылыми онкология орталығының Консультативті-диагностикалық орталығының меңгерушісі Индира Құсайынова.
Оның айтуынша, Ашық есік күніне келуге ниет білдірушілер орталықтың онколог, гастроэнтеролог дәрігерлерінен тегін кеңес ала алады. Алайда келушілерге сапалы әрі уақтылы кеңес беру, эпидемияға қарсы шараларды сақтау мақсатында Ашық есік күнін өткізу кезінде бірқатар ереже де бекітілді. Мәселен, келушілер алдын ала Сall орталыққа хабарласып, дәрігерге жазылуы және өзінің қабылдау уақытында келуі қажет. Сонымен қатар еріп жүрушілердің, әсіресе балалардың санын азайтқан жөн. Бұған қоса ЖРВИ белгілері бар, температурасы жоғары адамдар Ұлттық ғылыми онкология орталығының клиникалық-диагностикалық орталығына жіберілмейді. Алдын ала жазылған адамдар өзімен бірге жеке куәлігін және алдыңғы зерттеулердің нәтижелерін (олар болған жағдайда) ала келуі қажет.
– Онколог дәрігер ретінде 18 жылға жуық тәжірибем бар. Бүгінгі Ашық есік күні асқазан ісік алды аурулары мен асқазан обырын анықтауға арналған соң, осы салаға қатысты мәселелері бар науқастарды қарап жатырмыз. Бірер сағатта бірнеше адамды қабылдап үлгердім. Олардың арасында 66 жастағы, 40 жастағы, 34 жастағы ересектер болды. Өкінішке қарай, қатерлі ісік жас таңдамайтын болып тұр. Келушілер әртүрлі шағымдарын айтып жатыр. Біреуінің жүрегі айниды, енді біреуінің оң жақ іш қуысы ауырады. Әр шағымды жете тексеріп, зерттеуге жіберіп, қатерлі ісіктің бар немесе жоқ екенін анықтаймыз. Ультрадыбыс зерттеу, эндоскопиялық зерттеу жасалады. Ісік анықталған жағдайда ісік бөлігі биопсияға алынады, – деді Консультативті-диагностикалық орталығының онколог-дәрігері Гүлжан Мирманова.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы Қазақстанда онкохирургия, онкогематология, трансплантология және реаниматология сияқты бағыттар бойынша озық медициналық технологияларды енгізу саласында жетекші институт саналады. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының дәрігерлері елімізде алғашқылардың бірі болып бауыр, бүйрек және тері трансплантациясы бойынша операциялар жүргізе бастады. Сонымен қатар Қазақстанда қатерлі қан аурулары бар ересектерге сүйек кемігін трансплантациялайтын жалғыз медициналық мекеме де осы онкологиялық орталық саналды. Жыл сайын осы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығында еліміздің барлық өңірі мен ТМД аумағынан 6 мыңнан аса науқас онкологиялық аурулардың барлық түрін қамтитын ем алады. Ғылыми орталық базасында стационарлық жағдайда 16 бағыт бойынша жыл сайын 5 200-ден аса операция жасалып, ісік процесінің әртүрлі локализациясында шағын инвазивті және орган сақтайтын операциялар кеңінен қолданылады.
– Жасым – 73-те. Зейнеткермін. Жетпістен асқан соң ауырмайтын жерің қалмайды екен. Несін жасырайын, он екі мүшемнің он бірі ауырады. Алайда бұл Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығына алғашқы рет келуім. Жаңа ғана онкологтың қабылдауында болдым. Енді гастроэнтерологты күтіп отырмын. 22 жылдан астам уақыт болды ауырып жүргеніме. Бәрі сол өт қабын алып тастайтын операциядан басталды ғой. Медицина тілінде операцияның бұл түрін холецистэктомия деп атайды. Кейін асқазаным ауыратын болды. Содан бері түрлі ем қабылдап жүрмін. Жыл сайын дәрігерлердің кеңесімен сауықтыру курортына барамын. Өз есебімнен, әрине. Қартайған, зейнетақыға ғана қарап отырған адам үшін ол да оңай емес екен. Мемлекет тарапы тым болмағанда осындай шығындарымызды өтеп берсе дейміз ғой баяғы. Жастау кезімде жұмысым да, жолдасым да болған соң сауықтыру курортының шығыны қалтаға салмақ сала қоймайтын еді. Қазір енді ондай жағдай жоқ. Аңдығанымыз осы – Ашық есік күндері, – деді елорда тұрғыны Қорлан Сарбасова.