Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикасы дамуы үшін технарь-мамандар керек екенін айтты және техникалық университеттер мен осы саладағы мамандықтарға айрықша көңіл бөлуді, шетелдік беделді техникалық университеттердің филиалын ашуды тапсырды. Тапсырма орындалды дейік, бірақ зерттеусіз, зерделеусіз жасалған жүйе де, жоспар да, бағдарлама да нәтиже бермейді. Ал оны зерттейтін сол саланың ғалымдары, техника ғылымы.
Көп кемшілік – оқу бағдарламасында
Ең әуелі мәселенің мәнісіне тереңдеп көрейік. Неге біз барлық түйткілдің түйінін техника ғылымына әкеліп тіредік? Иә, бізге технарь керек. Елді дамытатын, экономиканы көтеретін дәл осы мамандықтар екенін телефон, компьютер, машина, ұшақ, тікұшақ, зымыран шығарған елдер дәлелдеп берді. Енді сол мектептен қанат қаққан талаптыны технарь ететін кім? Оқу орны, одан да маңыздысы – оқытушылар, профессорлар. Әдістемелік құрал, оқулық, сапалы, қоғамның талабын қанағаттандырар маман даярлайтын жоспар, жұмыс берушілердің сұранысына сай білім беру бағдарламасы болмаса, бәрі бекер. Соның барлығына жауап беретін – техника ғылымы. Ал сұраныс болса да, техника ғылымының дамымай жатқанына не себеп?
Сәтбаев университетінің жанындағы Автоматика және ақпараттық технологиялар институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Раиса Өскенбаева мәселенің мәнісі жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларында екенін айтады.
«Әлем экономикасы өзгерді. Соған сай маман керек. Қандай маман? Индустрияға бағытталған технарь-мамандар қажет. Ал олар қоғамның, жаңа заманның өзгерісіне дайын, нарықтың сұранысын, өндірістің талабын қанағаттандыруға қабілетті болуы үшін кадр даярлайтын білім бағдарламаларының мазмұнын, бағытын өзгертуге тиіспіз. Онсыз мүмкін емес. Қазіргі заманда бір мамандықпен ғана жұмыс істейтін адам аз, өйткені сұраныс сондай, көбі бірнеше дағдыны игерген әмбебап маманды қалайды. Біз осыған орай оқу бағдарламасына өзгеріс енгіздік. Осы семестрден бастап «Тау-кен ісі» мамандығында оқитын студенттер ақпараттық технологияларға қатысты пәндерді өтеді. Екі бағдарламаны сәйкестендіріп жасадық. Мұндай бағдарламамен бітіріп шыққан маман екі саланы қатар меңгеріп, тау-кен ісінде соңғы ақпараттық технологияларды қолдануға қабілетті болып шығады. «Тау-кен ісі» мамандығын бітірген студент ақпараттық технологиялар бойынша 3 жыл бойы алған кредиті, яғни білімі үшін дипломына қосымша екінші бағдарламаны бітіргені туралы сертификат иеленеді. Қос мамандыққа құрылған оқу бағдарламасы тек «Тау-кен ісі» мамандығының студенттеріне ғана емес, басқа да техникалық мамандықтардың ізденушілеріне де оқытылып жатыр», дейді Р.Өскенбаева.
Президент Қ.Тоқаев жоғары оқу орындарының арнасындағы бәсекелестікті арттыру мақсатында шетелдік белді университеттердің филиалын техникалық бағыт бойынша ашуды тапсырды. Аталған институт директорының айтуынша, осы жұмысты негізінен ішкі мазмұн жағынан барлық ЖОО-ға әзірден енгізе беруге болады.
«Пандемияның пайдалы жақтары да болды ғой. Соның нәтижесінде қашықтан оқыту, онлайн оқыту форматтарына ерекше ден қойдық. Атақты Coursera платформасы әлемдік ірі, халықаралық рейтингте көш бастап тұрған шетелдік университеттердің сабақтарын алуға мүмкіндік береді. Осыны пайдаланып біз де студенттерімізді сондағы техникалық мамандықтарға арналған маңызды курстардан өткізуді қолға алдық. Әрине, бұл да бізге оңайға соққан жоқ, Coursera-мен жүргізілген келіссөздердің негізінде қол жеткіздік. Ондағы курстардан жекелеген студенттер ғана өтпейді, оқу орнының барлық мамандығына біздің оқу бағдарламасына сәйкестендіріп екі пән енгізілді. Олар осы семестрден бастап шетелдік ЖОО-ның білімін қоса алып жатыр. Мұның бәрі ізденушінің ғылымға қызығушылығын арттыруға сеп болады. Шыны керек, қазір ізденем деген адамға ресурс жеткілікті, бұрынғымен салыстырғанда жастарға ғылым жолына түсу де біршама жеңілдегендей. Мәселен, мен екі деңгейден өттім, өйткені ол кезде әуелі кандидат болуыңыз керек, содан кейін барып докторлыққа шығасыз. Ал қазір постдокторантура да қарастырылған», дейді профессор Р.Өскенбаева.
Білім маңызды, практика екі есе маңызды
Осыны о баста түсінген елдер дуалдық білім беру жүйесін енгізген. Бұл дегеніңіз – студентті алған білімін өмірде, тәжірибеде қолдана білуге үйрету. Яғни оқу бағдарламасында өндірістік практикадан өтуге, зертханалық дәрістерге көбірек көңіл бөлінеді. Бұл жүйеден Қазақстан да қалыс қалмады, он жылдай бұрын енгізілді. Бірақ неге нәтижесіз? Мұның себебін физика-математика ғылымдарының докторы Әбдімәулен Бердішев практикадан өтетін өндіріс орындарындағы, оқу орындарының зертханаларындағы заманауи жабдықтардың жетіспеушілігімен байланыстырады.
«Шындығында техникалық мамандарды даярлауға қомақты қаржы керек. Гуманитарлық саланың студенттерін оқытуға көп шығын шығармауға болады. Технарь дайындауға керемет оқулық пен жүйелі жоспар жеткіліксіз. Оған үлкен зертханалар, техникалық құралдар, заманауи жабдықтар қажет. Бұл жағынан біз артта қалып келеміз. Қазір құрал-жабдығы толық жаңарған зертханалар жоқтың қасы. Жабдығы бар зертханалардың өзінде ескі, қолданыстан әне-міне шығуға таяу техникалар тұр. Сондықтан да техниканы толық меңгерген, кейін сол құралдармен жасалған тәжірибелерді ғылыми негіздейтін мамандар қалыптаспайды. Мұның екінші бір зияны бар. Айталық, шетелдерден оқып келген техник жастар елде жұмыс таппай жатады. Оған да сол жабдықталған өндіріс орындарының жоқтығы себеп», дейді Ә.Бердішев.
Жақында «Үздік ғылыми қызметкер – 2021» байқауының жеңімпазы атанған ғалым Ә.Бердішев өзі де университетте маман даярлайды. Жылына қанша маман даярланып шықса да кадр тапшылығын көруімізді де сарапшы сол өндірістік орындардың аздығымен, кей өңірлерде тіпті жоқтығымен түсіндіреді. Ал техникалық саланың маманы техникамен жұмыс істемесе, өнім де болмайды. Өнім болмаған жерде зерттеу де жоқ, ғылым да дамымайды. Себебі гуманитарлық саланың ғалымдары күнделікті өмір мен айналадағы адамдарды да бақылап, зерттеу жүргізе беруі мүмкін. Бірақ техникалық салада техникамен жұмыссыз, яғни зертханасыз зерттеу жасау мүмкін емес. Онда бұл жалған ғылымға айналады.
«Түлектерімнің 10 пайызы, әрі кетсе 15 пайызы ғана жоғары білімін магистратура мен докторантурада жалғастырады. Әсіресе докторантураны бітіргендердің көбі техникалық салада докторлығын қорғай алмайды. Өйткені олардың ғылыммен айналысуы үшін тағы сол зертхана керек. Ал түлектердің қалған пайызы жоғары білімімен өз мамандығы бойынша жұмыс істейін десе, жалақы мардымсыз, одан өндірістегі құралдары мен техникалары тозған. Санаулы өндіріс орындары бар, бірақ онда отандық инженерлерді жұмысқа алғысы келмейді. Шетелден жұмыс күшін тартуға құмар. Мұны көрген өзіміздің қарадомалақтар шетке кетеді. Жоғарыда ауызға алған «Болашақ» бағдарламасының түлектері де Қазақстанда шартты еңбек өтілін өтеп болғаннан кейін шетелге кетіп қалады», дейді Ә.Бердішев.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздегі ЖОО-лардың рейтингін жасайды. Биылғы рейтингте ең жоғарғы жалақы алатын мамандар қатарында «Стандарттау және сертификаттау және метрология», «Ақпараттық технологиялар», «Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру», «Электр техникасы және автоматтандыру», «Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс», «Мұнай ісі» мамандықтарының түлектері тұр. Сондықтан жалпы техникалық саланың мамандарын басқаларымен салыстырғанда еңбекақысы мардымсыз дей алмаймыз. Егер олар өздерінің түрлі жобаларын грант бөлетін конкурстарға немесе сол өздері еңбек ететін өндіріс орындарында іске асыруға құлықты болса, қосымша зерттеумен де айналысып, сол арқылы табысын да арттыруға болар-ау. Бірақ олардың зерттеумен, ғылыммен сол өндірісте жүріп айналысуына барлық тарап (жұмысшы, жұмыс беруші, оқу орындары да) мүдделі ме? «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің сарапшысы Айнұр Ыбыжанова бізге берген мәліметінде: «Автоматтандыру және басқару» мамандығын бітірген 1 154 түлектің тек 145-і магистратураға түскен. Ал «Алектроэнергетика» мамандығын тәмамдаған 1 102 маманның 121-і магистрант атанған», дейді. Докторантураға қанша адамның түскені, оның ішінде неше докторанттың докторлық атағын қорғай алғаны туралы зерттеу жүргізілмейді екен.
108 колледж түлегінің тек бесеуі ғана жоғары оқу орнына түскен
Елімізде колледждердің рейтингі жасалмайтыны, кәсіптік-техникалық білімнің бағдарламаларына зерттеу жүргізілмейтіні өкінішті. Колледжге түсуден үміттілер де қай мамандықтың қандай колледжде жақсы оқытылатынын білуі керек қой. Өйткені енді мемлекеттік грант колледждерге емес, студенттерге беріледі. Айтқымыз келгені басқа, күнделікті тұрмысымызға қажетті техникалық қызметтерді орындайтын мамандардың басым бөлігін колледждер дайындайды. Ал сол колледжден кейін бакалавриатқа, одан әрі магистратура, докторантураға жалғап, білімін ғылымға ұштап жатқан техниктер аз. Мұны қазақстандық колледждердің оқытушылары арасында көлік саласы бойынша үздік болған Рүстем Ермекұлы да растап отыр.
«Біз токарь, электрик, механик, слесарь, дәнекерлеуші секілді нағыз еңбектің адамдарын, қарапайым жұмысшы мамандарды дайындаймыз. Олардың көбі оқу бітірген соң жұмыс істейді. Ізденісін әрі қарай жалғайтындар өте сирек кездеседі. Мысалы, былтыр бітірген 108 студенттің тек бесеуі ғана ЖОО-ға түсті. Қалғаны кәдімгі өндіріске кетті. Бірақ бұл колледжде ғылыммен айналысуға келмейді, зерттеуге студенттерді қызықтырмайды деген сөз емес. «Жас маман» жобасы аясында колледжіміз заманауи техникалармен, қажетті құралдармен жабдықталды. Онымен жұмыс істеп, жоба жасаған студентім Андрей Ухань WorldSkills республикалық байқауында күміс медаль алды. Негізі осындай байқаулар, түрлі гранттар арқылы студенттердің зерттеуге деген қызығушылығын арттыруға болады. Дегенмен өзінің ғылыми немесе инновациялық жобасын жүзеге асырып, өндіріске енгізуге ынталандыру үшін ұстаздары үлгі бола алуы керек», дейді Р.Ермекұлы.
Сөзінің жаны бар. Өзіндей оқытушылар арасынан озық шыққан ол «Автотранспорт саласында қауіпсіздікті арттыру жолдары» тақырыбында магистрлік диссертациясын қорғаған. Германияда тұрып, бір жыл іс-тәжірибеден өтіп келген Р.Ермекұлы зерттеуін енді докторантурада тереңдете жүргізуді жоспарлап отыр. Ал педагогика саласындағы 15 жылдық тәжірибесінде докторантураға түсіп, ғылыми атағын қорғаған студенті әзірге жоқ. «Мен магистратурадан кейін бірден докторантураны жалғастырғым келді. Алайда Павлодарда менің мамандығым бойынша докторантураға орын осы екі жылдың көлемінде ғана ашылып, грантқа мүмкіндік берілді. Бұған дейін Қазақстан бойынша докторантурада «Транспорт және логистика» мамандығына өте аз грант болды. Және оған түскен әріптестерім өзге қалаларға барып, қатынап, қоныс аударып оқыды», дейді Р.Ермекұлы.
Ғылыммен мектепте де айналысуға болады
3D принтермен саусағынан айырылған оқушыға протез жасаған мұғалімді газетіміздің тұрақты оқырмандары ұмыта қоймаған болар. Сол мақаламызда Алматы облысы Жамбыл ауданынының Әсет Бейсеуов атындағы орта мектептің физика мұғалімінің жасанды қол жасағанын жазғанбыз. Осы еңбегі үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында «Ғылым» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, 3 млн теңге көлемінде грант ұтып алған Бақытәлі Дәулешяр ғылыммен мектепте де айналысуға болатынын, оған құралдардың жоқтығы да кедергі келтіре алмайтынын айтады.
«Кез келген мұғалім жасына қарамастан жаңашылдыққа ұмтылып тұруға тиіс. Өйткені ол – үйретуші. Үйретуге әрдайым дайын болған жөн. Бір оқушының өзі кейін үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін. Оның үстіне сол бір баланы жоғары нәтижеге жеткізсе, басқа балалар да қызыға бастайды. Ғылымға, зерттеуге, инновациялық жұмыстармен айналысуға мектеп оқушыларын осылай қызықтыруға болады. Мектебімізде физика сабақтарын түрлендіріп, қызықтырып өткізуге құралдар жетіспеді. Сөйтіп, оны сол оқушыларыммен бірге жасауды ойға, кейін қолға алдым. Бір құралды өзге сыныптарға да, келесі сабақтарда да қолдануға болады. Оны көрген оқушылар жобаға қосыла бастады. Оларды әрі қарай ынталандыру үшін білімімді жетілдіріп, роботтехниканы оқыдым. Осылайша, оқушылармен қимылды байқаса жанатын, байқалмаса өздігінен өшіп қалатын шам, қолыңды жақындатсаң ашылып, алыстатсаң жабылып қалатын қоқыс жәшігін, өз уақытында шырылдайтын қоңырау, еденді қоқыстан тазалап, артынан жуып шығатын машина жасадық», дейді Б.Дәулешияр.
Мұғалім мұның бәрін робот техникасын оқытатын арнайы факультативте жасап үйретеді. Негізі сабақ аптасына бір рет болады. Бірақ бұл жеткіліксіз, сондықтан аптасына екі-үш реттен де өткізеді. Себебі балалардың ынтасы жоғары. Қазір кейіпкеріміз өзі қызмет ететін мектептегі еңбек пәні мұғалімімен бірге «Инженерлер әлемі» деген бөлек кабинет ашып жатыр.
«Жалпы, мектепте оқушыларды ғылымға икемдеу үшін де тәрбие керек. Балалар мен жасөспірімдер арасында ғылымды, ғалымдарды, олардың әлемді құтқарған еңбектерін, адамзат жұмысын жеңілдеткен өнімдерін кеңінен насихаттау қажет. Коронавирус кезінде вакцинаны да, емдеудің әдістері мен дәрілік препараттарды да жасаған – ғалымдар. Осыны жас ұрпақтың санасына сіңірген абзал. Бұрын басқаша болған шығар, бірақ ғылым мен технология дамыған қазіргі заманда докторантура жай қағаз болып қалғандай. Ғылыммен айналысу үшін сондай қағазды, ғылыми атақты, зертхананың болғанын күтіп отырудың қажеті жоқ. Ғылыммен кез келген жерде де айналысуға болады», дейді Б.Дәулешияр.
Білім және ғылым министрі жақында өткен университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының форумында әрбір институтқа кем дегенде бір мектепті қамқорлыққа алып, ғылым мен технологияға ынтасы бар балаларды іріктеп, жас ұрпақты ғылымға тарту жұмыстарымен жүйелі айналысуды тапсырған еді. Және осы тапсырманың орындалуын өзі қадағалайтынын қадап айтты. Мұндай маңызды бастаманың орындалуын бәріміз бірге қоғам болып бақылауымыз керек-ақ. Байқасаңыз, мақалада ғылымнан орта білімге дейін тарқаттық. Себебі бар мәселе – түбінен, түбірінен, іргетасынан. Бірақ бұл келесі сатыдағы жұмыс маңызсыз дегенді білдірмейді. Керісінше бірі-бірінсіз нәтиже бермейтінін білдіреді.