...Пештің алдында отыр екен. Бәз-баяғы қалпы. Өңі өзгермепті. Киген киімі де. Бұрылып қарады.
– Ә, ояндың ба? Тұрып беті-қолыңды жу. Уыз қайнатып жатырмын. Қазір ішеміз, – деді.
Тәтті елестен талмаусырап жатып оянып кеттім. Түсім екен. Ана бейнесі. Өмірден өткеніне отыз жыл болған. Содан бері түсіме кірмеп еді. Жарықтық дұға дәметіп жүр ме екен. Жұма күні мешітке барып құран оқытуым керек.
Ал анам айтқан уыз – өз алдына бір жыр. Бала кезімізде сиыр желіндеп, бұзаулар уақыты болған шақта әкей түн баласы тыныштық бермейтін. Мал қора үйден сәл қашықтау болды. Көктемгі суық қандай, өңменіңнен өтеді. Жылы төсектен тұрып, жанталасып жүріп шала-шарпы киініп далаға шықсаң, қоң етіңді қарып жібереді. Фонарьды жағып, ұйытқи соққан жел сөндіріп тастамау үшін шелекке салып алып, құлап-сүрініп қораға барамын. Оттықтағы қырқындыны күйсеп, қарны шермиген қызыл сиыр тұрады. Таң алдында тықыр-тықыр етіп келген маған бұрылып қарайды. Таң атпай тағы келдің бе дегендей. Күндердің бір күнінде қызыл сиыр аман-есен бұзаулап, тыныш ұйықтайтын боламын. Мен соған қуансам, әкем жарықтық бетіне қарап отырған жалғыз сиырының соңынан тұяқ ергенге қуанады. Ал ерінге соншалықты дәмді, тәтті уыз тиген кезде бар азап пышақпен сылып тастағандай ұмытылады.
Уыз құнары туралы айтудың қажеті болмас. Қызыл сиыр сүтті болатын. Уыз сүті төлге де, бізге де жетеді. Уызға жарып өстік.
Екінді ауа жұмыс ыңғайымен әлдебір мекемеге барғанда орыс тілінде жазатын әріптесімді кезіктірдім. Таңғы сезімнің әсерінен әлі айықпаған қалпында түс көргенімді айтып жатырмын ғой. Қазақы ортада ұлттық уызға жарып өскен адам болса «анаң шақырған жоқ па?» деп қағытар еді, ал бұл түс жорудан бейхабар екен. Өзі тәп-тәуір жазатын қаламгер, жалғыз айыбы қалада өскендіктен ана тіліне шорқақ. Жолсапарға бірге шығамыз. Өзім білетін аз ғана салт-дәстүрді санасына сіңірген боламын. Тіс жармай тыңдап отырады, бірақ артынан құлағына кіргенімен, жүрегіне жетпегендігін мойындайды.
Өткен көктемде табалдырыққа сүрініп, аяғымды ауыртып алғаным бар. Әлде жарылды ма екен. Күнімен қақсап маза қашқан соң емханаға барғанмын. Көзтаныс дәрігер ауылда өскен балалардың сүйегі мықты болады деп көңілімді демдеп қойды.
– Бала 15-16 жасқа келгенше ішкен сүті сүйегіне сіңеді, сүттің құрамындағы дәрумен сүйекті бекітеді. Ал одан соң ішкенің тек қана тағам – деген дәрігер.
Өзге тілде орағытып сөйлейтіндерді, өз ұлтының ғажайып салт-дәстүрін білмейтіндерді кінәлаймыз. Дәрігер айтпақшы, сүйегіне сіңетін кезде үйренбеген соң қалғаны бос әуре екен ғой.