Аса ауыр салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы Энтони Джошуаның промоутері Эдди Хирн ұлыбританиялық боксшының WBA, IBF, WBO, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, украиналық Александр Усикке қарсы өтетін екінші жекпе-жекке дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz championat.com-ға сілтеме жасап.
«Бұл жолы Энтони барынша қысым көрсетуге тиіс. Әрине, ол оңай шаруа емес. Кейбір мамандар Энтони бірден іске кірісіп, төбелесуі керектігін айтып жатқанын білеміз. Өйтуге болмайды. Себебі Александр Усик салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің үздік боксшысы саналады. Сондықтан оған қарсы Энтони өзінде бар барлық басымдылықты сәтімен пайдалануы керек. Джошуаның боксшы ретіндегі шеберлігі де, жылдамдығы да, күші де зор. Ол сол артықшылықтарын бірінші кездесуде ретімен пайдалана алмады. Енді олқылықтарды түзейтін кез келді. Энтони ауыр шайқаста жеңіске жетуге дайын», дейді промоутер.