Былтыр Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 161 тұлғаға қатысты 122 қылмыстық істі қараған. Жыл көлемінде 159 азамат сотталып, біреуі ақталыпты. Енді бір тұлғаға қатысты іс прокурорға бұзушылықты жою үшін қайта қайтарылды. Жасалған қылмыстардың ішінде адам өлтіру, есірткі заттарын сақтау, өңдеу, дайындау, жасөспірімдерді зорлау сынды ауыр қылмыстар бар. Ең өкініштісі, бұл жағдайлар қазақы қаймағы бұзылмаған аудандарда да орын ала бастаған.
Адам өлтіру фактісі көп
Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы Ерік Қоянбаев: «Салыстырып қарасақ, адам өлтіру фактісі көп. Алдыңғы жылдары карантин кезінде азайғанымен, былтыр қайта көбейді. Адам өлтіру, әсіресе, Өскемен, Алтай, Риддер, Семей қалаларында жиі кездеседі. Сонымен қатар есірткі пайдаланушылар, оны алып-сату көбейген. Бұрын героин, марихуан еді, қазір синтетикалық есірткі дендеп барады», дейді. Оның айтуынша, кейінгі жылдары нашақорлыққа қазақ жастары үйір бола бастаған. Оны пайдалану өз алдына, сатумен, сақтаумен айналысуға бет бұрған. Синтетикалық есірткі пайдаланғандардың денсаулығы тез сыр беріп, өмір жасы ұзаққа бармайтын көрінеді. Мәселен, героинді тамыр арқылы қанға жіберсе, синтетиканы пайдалану анағұрлым оңай деседі. Кәдімгі қара суға езіп те іше салуға болады екен. Нарколог мамандардың айтуынша, алғаш пайдаланған адам сергіп қалғандай күйге енеді. Сөйтіп аз уақыттың ішінде екінші фазаға өтіп кетеді. Яғни есірткі қабылдамаса көңілі құлазып, әлденеге алаңдайды. Уақыт өте организмі есірткіні қажетсіне бастайды. Бара-бара, ол дағдысына айналады. Жасөспірімнің мінез-құлқы өзгере бастағанын күйкі тірлікпен жүрген ата-анасы дер кезінде байқамай қалады.
Синтетикалық есірткіге есі кеткендер
Наркологиялық қызмет бойынша директордың орынбасары Арман Жеңісұлының айтуынша, химиялық есірткіні қабылдаудың жаңа үрдісі жасөспірімдерге қауіп төндіріп тұр. Себебі синтетикалық есірткіге жас ағза тез үйренісіп, ол жаман әдетті жеңу қиынға соғады. «Әр ата-ана, әр жасөспірім алдымен мынаны білуі керек; синтетикалық есірткі адамның мінез-құлқына ғана емес, денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Ал ақшаға құныққан есірткі сатушыларға тұтынушының кім екені маңызды емес. Олар үшін бастысы – ақша. Жасөспірімде есірткіге деген тәуелділік бірден пайда болады. Жарты сағат сайын ағзасы қайталауды талап етеді. Бала тамақ ішуден, ұйықтаудан қалады. Бойында қорқыныш ұялайды, көздері жансызданып, өмірге бейқам қарай бастайды. Достарымен, отбасы мүшелерімен байланысы үзіледі», дейді нарколог дәрігер А.Жеңісұлы.
Оның сөзіне қарағанда, жасөспірімдер бұл препаратты бірігіп, ақша жинау арқылы оңай сатып ала алады. Алғашында баланың есірткі қолданып жүргенін ешкім байқамайды. Өйткені бұл есірткінің иісі жоқ. Әдетте синтетикалық жолмен алынатын есірткіні түнгі клубтарда таратады екен. Оны қолданған адам сергек, тың жүреді, ұйқыға деген зауқы азаяды. Ас тұзы секілді кристалды құрылымға ие болған соң да шығар, өз араларында «тұз» дейді екен. Қазақстанда бұл препарат әлеуметтік желілер арқылы сатылса, кейбір елдерде ашық дүкендерде де сатыла береді. Алайда зияны өзге есірткілерден әлдеқайда ауыр. «Синтетикалық есірткіге тәуелді болған жасөспірім өз іс-әрекетіне жауап бермейді; құлайды, жата қалады, өзін-өзі сақтау инстинкті жұмысын тоқтатады. Қылаяғы қорқыныш басып, өзіне қол жұмсау әрекеттері жиі кездеседі. Қалай болғанда да, есірткіні ұзақ пайдалану – өлімге әкеліп соғады», деп қосты А.Жеңісұлы.
Ақша үшін өз бауырын өлтірген
Ауыр қылмысқа барғандар ісі Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жиі қаралады. Жеті жүз мың теңге үшін Семейде өз бауырын өлтіру ісі де сотта қаралған. Іске қатысты сот «қарақшылықпен өлтірілді» деген үкім шығарып, кінәлі азаматты 23 жылға бас бостандығынан айырды. Естеріңізге сала кетсек, қазіргі таңда ауыр қылмыс жасағандарға кешірім жоқ. Сот үкім еткен жазаны толық өтеп шығады. Бұған қоғам белсенділері де қолдау білдірген. Себебі бұрындары педофилдік қылмыс жасағандарға да рақымшылдық жасалып, мерзімінен бұрын босайтын. Сөйтіп, қоғамға қайта қауіп төндіретін. Қазір заң қатал. Десе де, зорлық-зомбылық, педофилдік сипаттағы қылмыс азаяр емес.
Педофилдіктің 80 пайызы отбасында орын алады
Ең сорақысы, педофилдік қылмыстың 80 пайызы отбасында орын алады екен.
– Педофил дегендер бұрын жоқ еді... Жас балаға есі дұрыс адам тиісе ме?! Бұл да бір қоғамның дерті. Мәселе жазада емес, 20 жылға, болмаса өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Сотталып та жатыр. Бірақ бұл қылмыс түрі азаймай тұр. Соттау – ең соңғы кезең. Айтуға ауыз бармайтын қылмыстың бұл түрімен де сіз-біз болып күресуіміз керек. Алдын алу жұмыстары жүргізілуі керек, – деп ұсыныс-пікірін білдірді Е.Қоянбаев.
Семейде жетімдер үйінде тәрбиешінің 7-8 жыл бойы балаларды зорлап келгені де сотта қаралған. 32 эпизодты іс құқық қорғау органдарының қолына тигенімен, тәрбиеші өз-өзіне қол салып қайтыс болып кеткен. Ерік Қоянбаев айтқандай, кінәлі азаматқа сот үкім шығарған соң ұйымдардың назарын аудару үшін жеке қаулы қабылдайды. Түсіндіре кетсек, қылмыстық істің алдын алуға атсалысатындай мекеме қызметкерлерінің назарын аударып, профилактикалық жұмыстар жүргізуге септігін тигізеді.
Қорыта айтқанда, тәрбиелік жұмыстар отбасынан басталуы керек. Күйкі тірліктің қамынан бір сәт бас көтеріп, ұрпақ тәрбиесіне көңіл аудару әр ата-ананың парызы.
Шығыс Қазақстан облысы