• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Ақпан, 2022

Қаз дауысты «Қазақтелеком»...

613 рет
көрсетілді

Жуырда Үкімет отырысында көтерілген өзекті мәселенің бірі – «Қазақтелеком» кабельдеріне қосылу мүмкіндігінің жоқтығы. Бұл жайлы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин айтты. Оның сөзіне қарағанда, тәуелсіз интернет-провайдерлер мен ID TV ауқымын кеңейту үшін бизнес «Қазақтелекомның» кабельді канализацияларына қосыла алар емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың моно­полиямен күресу туралы Үкіметке үлкен міндет артқа­ны белгілі. Премьер-Минис­трдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, 1 ақпаннан бастап 21 табиғи монополия субъектісіндегі тариф орташа есеппен 80 пайызға төмендетілген. Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бизнес иелері «Қазақтелекомның» кабельді канализацияларына қосыла алмаймыз деп шағым­данып жатқанын айтады. Яғни тәуелсіз интернет-провайдер­лерді пайдалана отырып бизнес ауқымын кеңейту мүмкін болмай тұр.

Желі қолданушысы Нұрсұлтан Болатбаев «Қазақтелекомдағы» монополизм 99 lvl-ға жетіп тұр деп шағынады.

«Достарым А және В нүкте­лерін жалғау үшін техника­лық мүмкіндік бар ма деп «Қазақ­те­лекомға» жүгінді. Компания менеджерлері бұл жұмыс үшін 25 мың теңге көлемінде (ме­неджердің каспи голдына) төлем сұрайды. Мұны олар техникалық шарттарды шығару үшін деп түсіндіреді. Бірақ алдымен мүмкіндік бар ма, жоқ па соны білгім келді. Мүмкіндік жоқ болса ол шартты алып қайтемін. Егер мүмкіндік бола қалса төлемін жасап болса да аталған желіге қосылғым келді. Ал компанияның техникалық шартты беру кезінде онда өздерінің қалауларын (есептерін) тізіп жазып, біздің есебімізден өз желілерін дамытып, құрылғыларын жаңартып алатыны жайлы үндемей-ақ қояйын. Жарайды, техникалық шартты алдық және онда барлық талаптарды жаздық. Олардың техникалық шарты бойынша біз олардың АТС-ына шкаф орнатуға тиіс болдық және осы шкаф тұратын орынның арендасы үшін жылына 1 млн-ға жуық төлем сұрады.

Техникалық шарты бойынша олар­дың канализациясына оптикалық кабель жүргізу міндеттелген және кана­ли­зация арендасы үшін тағы төлейміз. Бұдан бөлек, байланыс кана­лының өзі үшін де төлейміз (келісім­шарттың негізгі төлемі де осы). Осы процедураның бәрі 2-3 айға созылады, олардың менеджері мен инженерлері болса бұл шаруаға бастарын да ауырт­пайды. Құдды біз оларға бірдеңе сатып, ізінен жүгіріп жүргендейміз. «Қазақ­­телекоммен» жұмыс істеу кезін­де сіз­дер де осындай проблемаға тап болды­ңыздар ма? Барлық провайдерлерде осын­дай қиындық бар ма?», деп жазады ол.

Өз кезегінде «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есе­кеев бірқатар бизнес өкілінің ауыл­дық жерде қызмет ұсыну үшін желіге қосыл­ғанын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірле­сіп алдағы 2 жылда желілерге таза және ашық қосылудың толық мүмкі­ндігі ұсынылмақ. Алайда компания­ның ала-құла қызметі мен әлгіндей әрекеттерінен шарша­ған жандарға Есекеевтің сөзі ем бола қой­майтын сияқты. Оның үстіне компания төңірегіндегі әр алуан цифрларды көргеннен кейін күмәнді ойлар қамауында қалмасқа шара жоқ.

Биыл 31 қаңтарда Алматыда «Қазақтелеком» қызметкерлері небәрі 110 мың теңге жалақы алатындарын айтып, шеруге шыққан болатын. Ал Inbusiness-тің жазуынша, 2020 жылы төрт тәуелсіз директорға жалпы сомасы 72 млн теңге төленген: Алексей Буянов пен Гарретт Джонсонға 45 мың доллардан, Дмитрий Заика мен Тимур Найзабековке 16 млн 650 мың теңге берілген. Сондай-ақ компания жыл сайын акционерлерге дивиденд төлейді. Бұл үшін қаражат таза табыстан бөлінеді. Басым акция­сы (51 пайыз) «Самұрық-Қазынаға» тиесілі болса, 24,5 пайызы Skyline Investment Company S.A. және 3,7 пайызы «Алатау Капитал Инвест» ЖШС еншісінде екен. Skyline Investment Company S.A. офшорлық аймақ саналатын Люксембургте тіркелген. Қалған 9,6 пайызы THE BANK OF NEW YORK MELLON DRS компаниясына қарасты. 2021 жылдың 30 сәуірінде 65,2 млрд теңге таза табыстың 18,53 млрд теңгесі дивиденд ретінде төленген.

Экономист Марат Әбдурахманов­тың айтуынша, «Қазақтелекомды» мем­лекет меншігіне қайтару тариф­терді 2 есе төмендетеді.

«2020 жылы жалпы табыс 520 млрд теңге болған. Мемлекет ауылдық жерлер үшін тағы 6 млрд теңге суб­си­диялаған. Өзіндік құны 337 млрд теңгені құраған. Жалпы және әкім­шілік шығындар 39 млрд теңгеге жуық. Активтер құны төмендеген және 463 млрд теңгені құрайды. Мате­риалдық емес активтер 217 млрд теңге шамасында, гудвилл (іскерлік бедел – ред) 152 млрд теңгеге жуық. Пай­да­лану құқы түріндегі активтер 80 млрд тең­геге таяу. 2020 жылдың 31 жел­тоқ­санын­да бөлістірілмеген табыс 476 млрд теңгені құраған. Топтардың жалпы займы 363 млрд теңгеге жуық және Пас­сивтер туралы да қызықты бап бар, бұл аренда бойынша міндеттеме. Компания жыл сайын кімге және не үшін 49 млрд теңге төлейтіні түсініксіз. №16 Қаржы есептілігінің халықаралық стан­дартына сәйкес жазылған. Яғни толық ашу мүмкін емес. Осының бәрі­нен жұмысшыларға небәрі 16,2 млрд тең­ге төленеді. Корпоративті табыс салы­ғы бойынша шығындар жоқ, демек қызметкерлер жалақысынан ұста­ла­тын салықты есептемегенде бюджетке бұл компаниядан ештеңе түспейді. Қар­жысының басым бөлігі оффшорға кете­тін­діктен, компанияны мемлекет мен­шігіне өткізу елдегі тарифті төмендетуге мүмкіндік береді» дейді сарапшы.

Әбдурахмановтың пайымдауынша, сонда тариф 2-3 есе төмендеп қана қоймайды, мемлекеттік бюджетке жылына кем дегенде 460 млрд теңге табыс түсіп отырады.

«Бізде барлық жәрдемақы мен зейнетақы шығыны 260 млрд теңгеге жуықтайды. Ал әлгі соманың түсуі зейнетақыны 2 есе арттыруға жағдай жасайды. Сондықтан саяси шешім күтеміз» дейді сарапшы.

Жақында тағы бір деректің басы қылтиды. «Қазақстан темір жолы» ҰК және Instant Payments компания­сының жолаушылар пойыздарына электронды жол жүру құжаттарын рәсімдеу мен сатуды ұйымдастыру бойынша қызметтерді сатып алу туралы шартты мерзімінен бұрын бұзғаны туралы ақпарат тарады. Билетті электронды түрде сатып бергені үшін Instant Payments комиссия алып отырған және мұндай делдалдықты «Қазақтелекомға» да жасаған. Яғни интернет, телефон, телеарна үшін жасалған әрбір төлемнен комиссия ұстайды. Бұл туралы Orda.kz ақпар таратты. Олардың жазуынша, Qiwi терминалы арқылы «Қазақтелеком» қызметі үшін төлем жасаған кезде соманың 5 пайызы комиссия ретінде ұсталған. Жеке кабинетте «Қазақтелеком» қызметінің құнына Instant Payments комиссиясының кіретіні көрсетілген. Instant Payments жеке сайтында компания өзін «ақпараттық технологиялар саласындағы соңғы жаңашылдықтарды пайдалана отырып сату жүйесін ұйымдастырумен айналысады» деп таныстырған.

Монополияға қарсы күрес қанша­лық­ты әділ әрі мұқият жүргізіледі, ол енді уақыт еншісінде. «Қазақтелеком» төңірегіндегі даудың басталуы да бекер емес. Оның жүргізіп отырған сая­саты, активтері һәм тарифтері туралы көпшіліктің күдігі мол еді. Сарап­шылар да аз сынап жүрген жоқ.

«Жеке монополия мемлекеттік монополиядан да жаман. Мемлекеттік монополия да зардап тигізу тұрғысынан жеке монополиядан кем түспейді. Шындап келгенде монополия – жақсы іс емес. Жұмысты жалғастыру керек және кейін жеке-жеке баяндайсыздар», деп тапсырған еді Мемлекет басшысы Үкімет отырысында. 

Роман Скляр мен Серік Жұманғарин қаншалықты әділ тексеріс жүргізеді, нарықты еркін билеп үйреніп қалған мүдделі топтардың ықпалын шыбын шаққан құрлы көрмеуге дәттері бара ма, жоқ па, оны да уақыт әйгілей жатар. Ықпалға жығылса Президенттің де бастан сипайын деп тұрғаны шамалы.