Қарапайым халықтың әл-ауқатын көтерудегі негізгі басымдықтардың бірі – баспанамен қамту. Әсіресе, ең аз қамтамасыз етілген азаматтардың тұрғын үйге қол жеткізуіне қолғабыс етуде мемлекет қамқорлығы сезіледі. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастамасын тездетіп жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі.
Пәтер жалдау ақысының көтерілуіне жол берілмеуі керек
Президенттің айтуынша, тұрмысы төмен тұрғындардың баспана жалдауға кететін шығынын азайтуға септесетін бастама былтыр қолға алынуы керек еді. Енді бұл әлеуметтік бастаманың іске асырылуын биыл 1 мамырдан кешіктірмеу қатаң тапсырылды.
«Отбасы банк» пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі субсидия алатындар мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер тіркелетін арнайы цифрлы платформаны әзірлеуге тиіс. Азаматтар өздерінің қажеттіліктеріне сәйкес әкімдіктер немесе құрылыс компаниялары айтқан жерден емес, өздері қалаған жерден тұрғын үй таңдай алады. Әлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін жалға алу шығынының 50 пайызы мөлшеріндегі субсидия мемлекеттен төленеді. Тұрғындар отбасылық бюджеттің артылған ақшасын азық-түлік, білім алу, медицина және тағы басқа қажеттіліктеріне жұмсай алады. Осы жүйе бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімін биылғы 1 мамырдан кешіктірмеуді тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Енді әлеуметтік қолдаудың бұл түрі қалай жүзеге асады, мұның игілігін кімдер көре алады – осы мәселелерге тоқталсақ. Қазір елімізде 590 мыңға жуық азамат баспанаға мұқтаж, оның ішінде 210 мыңы әлеуметтік осал топқа жатады. Бұл – көп балалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар. Оның ішінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 70 мыңға жуық кезекте тұрғандар қысқа мерзімде тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл деректерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Қашақов келтірді.
– Жалға берілетін пәтерлерді алуға бірінші кезекте әлеуметтік осал топтағы азаматтар құқылы. Біз айтып отырған бастама салынып жатқан үйлерді жалға алуға ғана қатысты емес. Қазір кез келген аймақта нарықтағы пәтерлер жалға беріліп келеді. Ондай пәтерлерді жалдап тұратындар да осы бағдарламаға қатыса алады. Біз жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін төлемдерді тағайындау қағидаларын әзірледік. Бағдарлама операторы болып «Отбасы банк» белгіленді. Бұл атаулы көмек азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген. Яғни жалдау ақысының 50%-ы мемлекеттік субсидиялар есебінен, оның ішінде 40%-ы республикалық бюджеттен, ал 10%-ы өңірлік бюджеттен өтеледі. Ал қалған 50%-ын жалға алушылар өздері төлейді, – деді Б.Қашақов.
Оның айтуынша, 70 мың азаматты қолдау үшін 50 млрд теңге бөлінеді. Бұл сома кезектегілер санына қарай жыл сайын өзгеруі мүмкін. Республикалық бюджетке жүктемені азайту үшін жергілікті бюджеттерден 10% мөлшерінде бірлесіп қаржыландыру қарастырылған. Яғни республикалық бюджеттен жыл сайынғы шығындар 40 млрд теңгені, ал жергілікті бюджеттерден – 10 млрд теңгені құрайды.
Айлығы шайлығына әрең жететін тұрғындардың баспана жалдауы үшін мемлекеттен өтемақы ала бастауы қуантады. Дегенмен бұл бастама үйлерді жалдау ақысының көтеріліп кетуіне ықпал ете ме деген қауіп те жоқ емес. Сарапшылар бұл мәселеге де мән беріп отыр.
– Бағдарламаны әзірлеу кезінде мұндай қауіп ескерілді. Егер бұл жағдайды қадағаламасақ, онда жақында жалдау құнының қымбаттайтыны анық. Сондықтан біз 1-3 тұрғынға – жалдамалы тұрғын үйдің 40 шаршы метрінің жартысы, 4-5 адамға – 60 шаршы метрдің жартысы, 6 және одан да көп адамға – 80 шаршы метрдің жартысы үшін өтемақы төлеуді нақтылап отырмыз. Тәжірибе көрсеткендей, айласын асырғысы келетін адамдар табылады. Мысалы, зейнетақы қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануға рұқсат етілген кезде айла-шарғылар негізінен бір-бірін жақсы білетін немесе туыстық байланысы бар сатып алушы мен сатушы арасындағы алдын ала сөз байласу арқылы болды. Сол себептен бұл жолы барлық құжатта жалға алушы мен жалға беруші арасында туыстық қарым-қатынас болмауы керек деп белгіледік. «Отбасы банк» деректер базасы бойынша жалға алынған тұрғын үйдің кімге тиесілі екенін және тараптар арасында туыстық байланыс бар-жоғын тексереді. Әрине, бәрі жіті қадағаланғанымен де, бір саңылау тауып, пайда көргісі келетіндер болады. Әкімдік пен «Отбасы банкі» тұрғын үй жалдау саласына мониторинг жүргізеді. Егер тексеру кезінде белгілі бір отбасы көрсетілген мекенжайда болмаса, алдымен оған ескертеді, содан кейін төлемдерді тоқтата тұру туралы шешім шығады. Біздің ойымызша, бұл шаралар бағаның өсуін тежейді, – деді Б.Қашақов.
Жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Анна Шацкая да бұл бастамадан кейін пәтерлерді жалдау ақысының өсуінен қауіптенеді. Бұл ретте ол бағдарламаға сәйкес келетін пәтерлердің жалдау құнын белгілеу бойынша мониторинг жасалуы керек екенін алға тартты.
– Жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау – көптеген дамыған елде кең таралған тәжірибе. Ал біздің елде пәтер жалдауды субсидиялау табысы төмен халықтың осал топтарына, яғни кезекте тұрғандарға қатысты болып отыр. Әрине, бұл бастама мұндай отбасылардың шығынын айтарлықтай жеңілдететіні сөзсіз. Бірақ жалдау ақысының өсуі, субсидияға қатысты түрлі айла-шарғылардың орын алуы сияқты қауіптің бары рас. Өкінішке қарай, біраз жұмысшы әлі күнге дейін табысын жасырып, «көлеңкелі» айлық алып келеді. Табысын әдейі төмендетіп, жылжымайтын мүлігін жасырып, жеңілдік төлемдерін алатындардың тізіміне енгісі келетіндер көп. Мұндай жағдайда жеңілдіктен үмітті отбасының нақты қаржылық жағдайын білу қиын болуы мүмкін. Пәтер жалдау ақысының бақылаусыз өсуіне жол бермеу мақсатында мемлекетке осы бағдарламаға сәйкес келетін әртүрлі форматтағы пәтерлердің жалдау құнының ең жоғары деңгейін белгілеу үшін нарыққа тұрақты мониторинг жүргізіп отыру қажет. Әлбетте, жалға алынған тұрғын үйдің мақсатты пайдаланылуын үнемі бақылау керек, – деді А.Шацкая.
Бастама қалай
жүзеге асады?
Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтер жалдау төлемдерін субсидиялаудың жаңа тетігіне қатысты жұрт көкейінде көп сауал бары анық. Осы бағдарламаға оператор болып белгіленген «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова Facebook-тегі парақшасында біраз сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, бұл төлемдер – тұрғын үй жалдайтын жекелеген отбасыларға бюджет қаражаты есебінен өтеусіз негізде берілетін, өтемақы түріндегі мемлекеттік қолдау. Ескеретін жайт, бұл өтемақы көлемінде коммуналдық төлемдер қамтылмайды. Сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау кезінде бұл төлемдер жүзеге асырылмайды, яғни сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұратын азаматтар бұл бағдарламаға қатыса алмайды.
– Қазірдің өзінде басталмаған бағдарламаға «Бөтен тұрғын үйді неге жалға алу керек, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй салуға рұқсат етілсін» деген сыңайда түрлі сын айтылып жатыр. Кейінгі үш жылда мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл сайын 20 мыңға жуық отбасы бастапқы жарна түрінде 10% өз қаражатын қолданып, несиелік тұрғын үй алды. Тұрғын үйді жалға алатын азаматтардың жекелеген санаттары бар және олардың табысы бастапқы жарна жинақтау үшін аз. Қазақстан бойынша орташа құны 10 млн теңге деп есептесек, 50 млрд теңге қаражатқа жалға беру мақсатымен жылына 5 мың пәтер салуға болады. Ал іске қосылатын жаңа бастама ай сайын орта есеппен 120 мың теңгеге баспана жалдап тұратын 70 мың отбасын қамтып, олардың жалдау ақысын 50% өтемақы арқылы жабуға мүмкіндік береді. Қамтылғандар саны 12 есе ұлғаяды. Яғни жауап қарапайым: жылына 50 млрд теңгеге ие бола отырып, белгілі бір қатаң шарттар шеңберінде таңдалған 5 мың отбасыны немесе 70 мың отбасыны қамтуға болады. Таңдау әлбетте максималды қамту пайдасына жасалады, – деді Л.Ибрагимова.
«Отбасы банк» басшысының айтуынша, баспананы жалдау үшін мемлекеттен өтемақы алуға Бірыңғай республикалық электронды базада тұрғын үй кезегінде төрт санат бойынша тұрған азаматтар ғана өтініш бере алады. Бұл – 1 және 2-топтағы мүгедектер; мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, 29 жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар.
Үміткерге қойылатын негізгі талап – отбасының төмен табысы. Отбасы мүшелерінің соңғы алты айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Осылайша, отбасының бір мүшесінің табысы айына 36 018 теңгеден аспауы шарт. Мысалы, жұмыс істейтін әкесінің жалақысы 250 мың теңгеге тең көпбалалы отбасыны алайық. Жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын төлегеннен кейін, жан басына шаққандағы отбасы табысы шамамен 33 мың теңгеге тең. Яғни бұл отбасы төлемдерді талап ете алады деген сөз.
Электронды цифрлы қолтаңбаны пайдаланып өтініш бергеннен кейін «Отбасы банк» мемлекеттік деректер базасын пайдалана отырып, үміткердің белгіленген шарттарға сәйкестігін тексеріп, төлемді тағайындау немесе бас тарту туралы жауап ұсынады. Бұл ретте ұсынылған құжаттарды қарау және тексеру мерзімі 10 жұмыс күнінен аспайды. Жалға алу келісімшарты арнайы үлгі бойынша «Отбасы банк» платформасында жасалады және оған жалға алушы мен жалға беруші қол қояды. Жалға алу келісімшарты бұзылған немесе тоқтатылған кезде жалға алушы «Отбасы банкке» жүгініп, келісімшарт бойынша төлемдерді басқа жалға берушіге тағайындау туралы өтініш жолдай алады.
Үйді жақын туыстары мен жұбайларынан, оның ішінде бұрынғы жұбайлардан, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың жақын туыстарынан жалға алуға болмайды. Жақын туыстарға ата-ана, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілер (қарындастар), аталар, әжелер, немерелер жатады.
Қалай дегенмен, бұл әлеуметтік бастаманың қарапайым халыққа қайыры болары анық. Тек пайдакүнемдікке жол берілмей, шын мұқтаждардың ғана қажетіне жарайтын тиімді тетікке айналса игі.