• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Ақпан, 2022

Қазақ-герман саяси консультациялары

218 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Нұр-Сұлтан қаласында кезекті қазақ-герман саяси консультациялары өтті.

Жиын Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Васи­ленко мен Германия Сыртқы істер ми­нистрлігі Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақ­тастық мәселелері жөніндегі уәкілі Мат­тиас Люттенбергтің төрағалы­ғымен өтті. ГФР-дың Қазақстандағы елшісі Моника Иверзен, Қазақстан мен Гер­ма­нияның дипломаттары және салалық сарапшылары екіжақты диалог орнатты. Бұл өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселесін талқылауымен қатар дип­ломатиялық қатынастардың алғашқы үш онжылдығының мағыналы қорытын­дысын шығаруға себеп болды. Атап айт­қанда, жоғары және аса жоғары деңгейдегі тұрақты сапарлармен алмасу, өсіп келе жатқан экономикалық көрсет­кіштер, БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халық­аралық институттар шеңберіндегі жемісті өзара іс-қимыл атап өтілді.

«Бүгін Қазақстан-Германия сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар барысында екіжақты ынтымақтастықтың маңызды аспек­тілері туралы мазмұнды әңгіме болды. Сондай-ақ күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер бойынша да пікір алмастық. Консультациялардың атаулы күн ая­сында өтуінің символдық мәні бар. Бүгінде Қазақстан мен Германия диплома­тиялық қатынастардың орнаға­нына 30 жыл толуын атап өтуде. Соны­мен қатар Германия делегациясы өткен жылдың желтоқсан айында Бер­линде жаңа коалициялық үкімет құ­рылған сәттен бастап Қазақстанға алғаш­қы саяси сапармен келді», деді Роман Василенко Сыртқы істер минис­тр­лігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр сондай-ақ Германия Қазақстанның Еуропадағы басты стратегиялық серіктес екенін атап өтті.

«Германия біз үшін Еуроодақтағы негізгі стратегиялық серіктес. ГФР Қа­зақ­станның тәуелсіздігін алғашқы­лардың бірі болып танып, дипломатиялық қа­рым-қатынас орнатты. 30 жылдың ішін­­де екіжақты ынты­ма­қтастық ­ілгері дамып, жоғары деңгейге жетті. Мем­ле­кет басшысының Германияға жаса­­ған соңғы екі сапары өзара іс-қимыл­­ды жандандыруға жақсы серпін берді. Дос­тық және сындарлы қарым-қатынас­­тарды одан әрі нығайтуға Нұр-Сұлтан мен Берлиннің бірқатар халық­аралық мәселе, оның ішінде көпжақ­ты құры­лым­дар желісі бойынша ұстаным­дары­ның ұқсастығы да ықпал ететініне се­німдімін», дейді вице-министр.

Вице-министрдің айтуынша, Гер­мания – Қазақстанның жетекші сыртқы экономикалық әріптесі. Бұған қоса Қа­зақстан Орталық Азия өңіріндегі неміс бизнесі үшін басты нарық болып отыр.

«Бүгінде Қазақстан мен ГФР арасында 35-тен астам келісім жұмыс іс­тейді. Аталған келісімдерге Мемлекет бас­шысының 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда Германияға сапары барысында қол жетті. Неміс инвесторларымен жұмыс жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы, Берлин Еуразиялық клубы және сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы сияқты қазақ-неміс экономикалық дип­ломатия институттары жемісті жұмыс істеп жатыр», дейді Роман Василенко.

Сондай-ақ екі ел арасындағы сауда саласындағы оң динамика атап өтіл­ді. ГФР Қазақстанның жетекші сауда әріп­тестерінің қатарына кіреді, ал біздің еліміз – Орталық Азия өңірін­дегі неміс бизнесінің басты серіктесі. Соңғы 15 жылдың ішінде Германиядан Қазақстанға 5,3 млрд доллар тікелей инвестиция тар­тылған, оның басым үлесі ауыл шаруа­шылығы, ЖЭК, денсаулық сақтау, көлік логистикасы және басқа да басым салаларды сапалы дамытуға бағытталған.

Неміс тарапының соңғы статис­ти­калық мәліметіне сәйкес былтыр 8 айда екі елдің тауар айналымы 3,4 млрд еуроға жеткен.