Жуырда әлеуметтік желілерге Қызылорда қаласындағы көшелердің бірінде түсірілген видео тарап еді. Күннің суығында екі баласын велосипедпен тасып жүрген азамат жайлы бейнекадр әп-сәттің ішінде мыңдаған қаралым жинаған екен.
Көрген жұрттың барлығы балапандары үшін барын салып жүрген әкеге жақсы тілектерін жазып қалдырыпты. Белгілі шоумен, блогер Асылхан Дүкенбаев әлеуметтік желіде ақша жинап, қоңыр тіршілігіне қанағат қылған жанға көлік әперу туралы бастама көтергенде елдің көбі қолдап ала жөнелді.
Үш күннің ішінде 8 миллион теңгеге жуық қаржы жиналыпты. Қасиетті жұма күнінде қаладағы орталық мешіттің ауласында тасбөгеттік Қанат есімді азаматқа су жаңа көлік табыс етілді.
Бастаманы ұйымдастырушылардың айтуынша, жұрт ақша жинай бастағанда видеоны көрген шымкенттік бір азамат жерлесімізге темір тұлпар мінгізгісі келетінін білдіріпті. Жергілікті блогер осыдан кейін тұрақты баспанасы жоқ отбасына үй алып беру жайлы ойға ойысқанын айтады. Алайда әсерлі видео кейіпкері көлік сыйлаймын деп ниет қылған шымкенттік азаматқа алғысын жеткізіп, көпшіліктен ақшасына түскен көліктің ыңғайы болса, соны үй алғандай көретінін айтыпты.
Көлік сатып алудан артылған қаржы да көп алдында Қанатқа табыс етілді. Көлікті болған азамат пен анасы қамқорлық танытқан жерлестерге ризашылықтарын жеткізді.
Қазіргідей заманда айналаңда ниет-тілегі түзу адамдардың жүргені жаныңа жылулық ұялатады, ә...
ҚЫЗЫЛОРДА