IBF және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы, отандасымыз Геннадий Головкин Walking the Floor бағдарламасында орта салмақтағы өзге тұжырымдар бойынша әлем чемпиондары Джермалл Чарло және Деметриус Андрадемен кездесу өткізу туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz sports.kz-ке сілтеме жасап.
«Мен күні бұрын жоспарыммен бөліскенді ұнатпаймын. Өйткені Риота Муратаға қарсы өтетін жекпе-жектің маңызы зор. Одан аттап өтіп сөйлеуге болмайды. Сондай-ақ басқа боксшылардың аттарын атап, оларды жарнамалағым келмейді. Кез келгенінің атын атасаң, әрі қарай айқайлай жөнеледі. Ал біреулерді елемесең, ол да алдыңғысынан асырып, бірдеңелерді айтып шығады. Олардың кіммен жұдырықтасатыны белгілі. Жекпе-жектерінің датасы да, өткізілетін орны да анықталған. Промоутерлері мен менеджерлерінің таңдауы солай болды. Өз басым үлкен жекпе-жектерге қай кезде де дұрыс қараймын. Сонымен қатар кейбір боксшылардың жоспарына кедергі келтіргім келмейді. Қазір біреуінің атын атасам, менің айтқанымды мысалға келтіріп, жоспардағы жекпе-жегінен бас тартуы ықтимал.
Бәрі дұрыс болуы үшін алдымен Муратамен қолғап түйістіріп алайын. Негізі қаржылық жағынан да, имидждік тұрғыдан да тиімді жекпе-жектерді бірінші кезекте назарға алатын боламын. Кімнің нарықтағы сұранысы жоғары екені міндетті түрде ескеріледі. Сондай-ақ әлем чемпионы белдігі бар боксшылар назардан тыс қалмақ емес», деді Геннадий Головкин өз ойымен бөлісіп.